Кубадағы дағдарыс ауқымы кеңейді. Мемлекетте энергетикалық дағдарыс өрши түсті. Жанармай тапшылығы елдегі көптеген салаға соққы жасауда. Мейрамханалар, туристік орталықтар, асханалар, сауда орталықтарының жұмыстары тоқтауда.

(Сурет әлеуметтік желідегі видео скрині)
Сенбі күні Кубада алғашқы наразылық акциялары басталды. Анығында наразылық акциялары Кубада бұрыннан болып жатыр. Әр аймақта бас көтеру, шерулер бірнеше жыл қатарынан жалғасуда. Алайда ол бейбіт сипатта өтетін. Ендігі таңда, наразылықтың ауқымы да, сипаты да өзгере бастады.
Морон қаласында демалыс күндері бір топ кубалық азамат наразылыққа шығып, Коммунистік партияның офисіне шабуыл жасады. Офиске от қойып, өртеп жіберген. Бұған дейін аталған қалада азық-түлік және жанармай жетіспеушілігіне байланысты наразылық акциялары өткен болатын. Ішкі істер министрлігі өрт қойған бес азаматты ұстағанын айтты.
Invasor газеті наразылықтың бейбіт сипатта басталып, арты вандализмге ұласқанын айтты. «Бір топ азамат ғимараттарға тас лақтырып, бірнеше нысанға басып кірді. Жиһаздарды талқандап, артынша өрт қойды», - деп жазды. Бұл билік тарапынан қаржыландырылатын газет саналады. Мемлекетте тәуелсіз газеттер, журналдар, сайттар жоқтың қасы. Өйткені оны қаржыландыру көздері жоқ, ал интернет бақылауда.
Шабуылға бірнеше дүкен, дәріхана да ұшыраған. Наразы топ азық-түлік, дәрі-дәрмекті қолды еткен. Әлеуметтік желілерде наразылық барысында түсірілген видеолар желдей есуде. Адамдар «Бостандық» деп ұрандатқан.
Соңғы айларда Куба үлкен энергетикалық дағдарысқа тап болды. Трамп әкімшілігі Кубаға экономикалық қысымды арттыруда. Венесуэла басшысы Мадуроны ұстап әкетіп, арнайы операция ұйымдастырған Трамп әкімшілігі ендігі таңда Кубаға мұнай сатуды шектеді. Венесуэла билігі Кубаға мұнай жеткізбейтін болды. Мексика да Кубаны жанармаймен қамтамасыз етуді доғарды.
Куба астанасында электр жарығы 15 сағатқа дейін болмайтын сәттер жиіледі. АҚШ осыдан 66 жыл бұрын Кастро билігіне қарсы эмбарго жариялаған еді. Эмбарго әлі күнге дейін күшінде.
Кубадағы наразылықтың күшеюі халықтың шынайы әл-ауқатының көрсеткіші саналады. Куба халқы қала көшелерінде ыдыс-аяқ, темір-терсекпен айғай-шу шығаруда. Көптеген акция Гавана қаласында өтуде. Гавана университетінде студенттердің наразылық акциялары жиіледі. Куба президенті Мигель Диас-Канель халықтың наразылығын түсінетінін айтты, алайда вандализмге жол бермейтінін мәлімдеді. Гавана Ватиканмен келіссөз жүргізіп, 51 саяси тұтқынды босатуға келісті. Бұған дейін Ватикан Куба мен АҚШ-тың арасында арағайындылық жасаған еді.
Mezgil.kz