Ормузды ашу үшін Трамп көмек сұрады. Одақтастар Ақ үйге арқасын қаратты ма?

28 ақпанда басталған АҚШ, Израиль мен Иран арасындағы үшжақты соғыс әлі жалғасуда. АҚШ пен Израильдің бірлескен әскери операциясына Иран жауап қатып, Парсы шығанағы елдеріне соққылар жасауда. Сонымен қатар, Теһеран әлемдік мұнай ағынының 20 пайызын өткізіп отырған ең маңызды стратегиялық нүкте – Ормуз бұғазының жұмысына тосқауыл қойды.

1773733379600163.png

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

ХАРКТЫ ЖАУЛАП АЛУ: ТРАМП КОАЛИЦИЯ ҚҰРА МА?

Ал кеше АҚШ президенті Трамп НАТО-дағы одақтастары мен серіктес елдерді Ормуз бұғазындағы кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектесуге шақырды.

«Axios» басылымының мәліметінше: Трамп бұғазды қорғау үшін халықаралық коалиция құруға тырысуда және Иранның аса маңызды Харк аралын басып алу мүмкіндігін қарастыруда. Алайда, Ұлыбритания, Франция, Германия және Оңтүстік Корей өз әскери кемелерін Ормуз бұғазы аймағына жіберуге құлшыныс білдіріп отытған жоқ.

1773732546350048.png

(Сурет: bbc.com)

«BBC» агенттігінің жазуынша: Коалиция жинау және бұғаздың жұмысын ретке келтіру жоспары тым асығыс әзірленген. Және дәл қазір іске асуы күмәнді. Трампытң өзі болса: «Егер альянс ішіндегі одақтастарымыз бұл ұсынысқа құлақ аспаса, бұл – НАТО-ның болашағы үшін өте жаман», - деді.

«Біз оларға Украина мәселесінде көмектесуге міндетті емес едік. Украина бізден мыңдаған шақырым жерде орналасқан. Бірақ біз көмектестік. Енді олар бізге көмектесе ме, көрейік», - деді АҚШ президенті.

ОРМУЗДЫ АШУ: ТРАМП ҚЫТАЙ КӨМЕГІНЕН ҮМІТТІ

Трамп Ормуз бұғазының қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісмінде Қытайдың көмегінен де үмітті. Ақ үй, егер Бейжің бұл істе Уашингтонға көмек көрсетуге келіспесе, Трамп ҚХР төрағасы Ши Жипиңмен жоспарланған кездесуін кейінге қалдыруы мүмкін.

Трамптың өзі қазір Ормуз бұғазының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 7 мемлекетпен келіссөз жүргізіп жатқанын айтып: «Кім бізге көмекке келді, кім біздің сұрауымызды елемей қойды, біз алдағы уақытта оны міндетті түрде ескеретін боламыз», - деді бопсалаған кейіп танытып. Бірақ, Трамп нақты қай мемлекеттерге көмек сұрап жүгінгенін ашып айтпады. Бар болғаны: «НАТО елдері мен өзге де елдер өздері мүдделі аумақты, соның ішінде өздеріне керекті энергетикалық ресурстар өтіп жатқан аумақты қорғауы тиіс», - деп қысқа қайырды.

Бұған дейін, 14 наурызда Дональд Трамп Қытай, Франция, Жапония, Оңтүстік Корей, Ұлыбритания және басқа елдер кемелердің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету үшін Ормуз бұғазына әскери кемелерін жібереді деген үмітін білдірген еді.

1773732660383959.jpg

(Сурет: nippon.com)

ҰЛЫБРИТАНИЯ МЕН ЖАПОНИЯНЫҢ ЖАУАБЫ ҚАНДАЙ?

15 наурызда Трамп Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармермен телефон арқылы сөйлесіп, Таяу Шығыстағы жағдайды және Ормуз бұғазын ашудың маңыздылығын талқылаған.

«Telegraph» басылымының жазуынша, Стармер Ормуз бұғазына әскери кемелер жіберуден бас тартып отыр. Ал Ұлыбританияның Энергетика министрі Эд Милибэнд өз кезегінде Лондон қазір Ормуз бұғазын ашу үшін нақты не істеуге болатынын зерттеп жатқанын мәлімдеді. Соның ішінде Лондон қазір Ормуздағы теңіз миналарын іздеу үшін дрондар жіберу мүмкіндігі қарастырыуда.

Жапония билігі болса, АҚШ-тан операцияға қатысу туралы ресми сұраныс түспегенін айтты. Премьер-министр Санаэ Такаити Токионың кемелер мен экипаж мүшелерінің өмірін қорғау жолдарын қарастырып жатқанын, бірақ ел заңнамасы мұндай операцияларға қатысуға айтарлықтай шектеу қоятынын айтты.

1773732797134970.jpg

(Сурет: depositphotos.com)

ФРАНЦИЯ МЕН ОҢТҮСТІК КОРЕЙ НЕ ДЕЙДІ?

Франция мен Оңтүстік Корей де соғыстың белгісіз мерзімге созылып кетуінен қорқып, әскери кемелерін жіберуге дайын емес. Еуропалық дипломатия басшысы Кая Каллас ЕО-ның мұнай транзиті үшін бұғаздың ашық болуына мүдделі екенін, өйткені бұғаттау Азияға энергия жеткізуде және тыңайтқыш өндірісінде үлкен қиындықтар туғызатынын айтты.

ГЕРМАНИЯ: БҰЛ НАТО-НЫҢ СОҒЫСЫ ЕМЕС!

Германия Ормуз бұғазындағы кез келген әскерилендірілген миссияға қатыспайтынын ашық білдірді. «Бұл біздің соғыс емес. Оны біз бастаған жоқпыз», - деді ГФР Қорғаныс министрі Борис Писториус. Оның пікірінше, егер Ормузда АҚШ әскери кемелері түк бітіре алмаса, еуропалық фрегаттар да ол жерде ештеңе істей алмайды.

1773732863256718.jpg

(Сурет: deutschland.de)

Канцлер Фридрих Мерцтің өкілі Штефан Корнелиус та осыған ұқсас пікір білдірді: «Бұл соғыстың НАТО-ға қатысы жоқ. НАТО — бұл өз аумағын қорғауға арналған қорғаныс одағы», - деді.

Бастапқыда Мерц АҚШ пен Израильдің Иранға соққы беруін белсенді қолдағанымен, соғыс созылып, экономикалық салдары айқындала бастағанда, Трамптың соғысты аяқтау стратегиясының жоқтығын сынай бастады.

«РЕЖИМНІҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ НОКАУТЫ»

«Axios» басылымының хабарлауынша, Трамп Ормуз бұғазын бақылау үшін халықаралық коалиция құруды осы аптада жариялаудан үмітті. Сондай-ақ, ол Иран мұнайының 90%-ы экспортталатын Харк аралын басып алу мүмкіндігін қарастыруда. Бұл қадам Теһеранды қаржыландыруды тоқтатып, режимді «экономикалық нокаутқа» түсіруді көздейді. Алайда, бұл жердегі әскери операцияны қажет етеді және Иранның Сауд Арабиясы мен басқа да Парсы шығанағы елдеріндегі мұнай нысандарына қарымта соққы беруіне түрткі болуы мүмкін.

Сарапшылардың пікірінше: Соғыс басталғаннан екі апта өткен соң Трамптың көмек сұрауы — соғысқа дайындықтың нашар болғанын көрсетеді.

Ормуз бұғазы — бақылау өте қиын тар су жолы. Тіпті бір ғана дрон-катердің танкерді жаруы қаржылық және экологиялық апатқа әкелуі мүмкін. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін кемелер, дрондар, ӘҚК жүйелері мен мина тазалайтын техникалардың үлкен шоғыры қажет. Бұл — бұрын-соңды болмаған жаңа қатерлермен күресуді талап ететін өте күрделі ұйымдастырушылық міндет.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар