Украина Қорғаныс күштерінің бөлімшелері Ресейдің әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелеріне мақсатты түрде соққы жасап, «аңшылық» бастаған. 2025 жылы жойылған зениттік-зымыран кешендері мен радиолокациялық станциялар саны 2024 жылғы көрсеткіштен асып түсті. Украина Қарулы күштері Ресей мен уақытша оккупацияланған аумақтардың әуе кеңістігінде осал тұстарды іздеуде. Бұл тактика өз жемісін беруде. ВВС басылымы Украинаның соққылары жайлы жазды.

(Сурет ЖИ арқылы жасалды)
Украина Қарулы күштері Бас штабының мәліметінше 2025–2026 жылғы қыс мезгілінде Ресейдің 55 әуе қорғаныс жүйесі зақымдалған. Олардың қатарына зениттік зымыран кешендері, радарлар, бақылау станциялары және өзге де арнайы техника кіреді.
Дрон әскерінің қолбасшысы Роберт Бровди («Мадьяр» лақап атымен танымал) 16-наурызда көктемнің алғашқы жарты айында тағы 23 әуе қорғаныс нысанына соққы жасалғанын мәлімдеді. Ол бұл жағдайды әуе қорғаныс жүйелерінің жаппай «геноциді» деп атады. Осылайша, қыс пен көктемнің бірінші айында Ресей 80-ге жуық әуе қорғаныс жүйесінен айырылған.
Әскери техниканың жойылуын визуалды дәлелдер арқылы есептейтін халықаралық OSINT-жоба Oryx 2025 жылы Ресейдің 100-ден астам әуе қорғаныс жүйесінің жойылғанын тіркеген. Оның ішінде 77 зениттік зымыран кешені, 23 радар мен бірнеше радиолокациялық станциялар жойылған.
Украина шабуылдарда көбіне Fire Point компаниясының FP-2 үлгісіндегі дрондарды қолдануда. Бұл дрондар спутниктік байланыс арқылы басқарылады, сондықтан да ресейлік радиоэлектрондық күрес (РЭБ) құралдарына төзімді және күрделі траекториямен ұша алады. Дрондардың жарылғыш бөлігі 100 келіге дейін жетіп, ірі нысандарды жоя алады. Соның ішінде радарлар мен зениттік кешендердің бір соққыдан толық жоюға қабілетті.
Ресейдің әуе қорғаныс кешендерін украин сарбаздары барлау дрондары немесе радиоэлектрондық барлау жүйелері арқылы анықтайды. Соңғы уақытта Украина дәл осы әуе қорғаныс кешендеріне жоғары қарқынмен соққы жасап жатқанын украиналық дереккөздер де, ресейлік әскери сарапшылар да атап өтуде.
Мысалы, «Два майора» телеграм-арнасы Ресейдің Украина сияқты серіктестерден тұрақты түрде зениттік зымыран алмайтынын, сондықтан тапшылыққа тап болуы мүмкін екенін жазады. Бұл арна ресейлік Z-пропаганданың арнасы.
Ресейлік тағы бір телеграм арна «Военный осведомитель» деп аталады. Ол Қырымдағы ресейлік әуе қорғаныс жүйесі 2026 жылы әлсіреп, шабуылдарға төтеп бере алмауы мүмкін деп болжауда.
АҚШ-тағы Джеймстаун қорының сарапшысы Павел Лузин Ресейдің шығындары көп деп санайды. Алайда қаншалықты критикалық екенін анықтау қиын дейді. Оның пікірінше, Ресей ендігі таңда қай нысандарды қорғап, қай нысандарды әуе қорғаныс жүйесінсіз қалдыру таңдауын жасауға мәжбүр болмақ.
Украина оккупациядағы Запорож, Херсон, Донецк облыстары мен Қырымдағы кешендерге үздіксіз соққы жасауда. Қаңтарда Украина әскері Запорож облысында «Тор», «Тунгуска», «Оса» сияқты жақын қашықтықтағы әуе қорғаныс жүйелерін жойған. Ал ақпан-наурыз айларында стратегиялық деңгейдегі С-300 және С-400 кешендері де нысанаға алынған. Ұдайы түрде «Панцирь-С1» жүйелері де соққыға ұшырауда. Бұл ресейлік әскердің дрондарға қарсы негізгі қорғаныс жүйесі саналады. Ресей жыл сайын шамамен 30-ға жуық «Панцирь-С1» жүйесін шығарады.
Украина кез келген әуе қорғаныс жүйесі үшін маңызды саналатын қосалқы құрамдас бөліктерді де соққылауда. Соның ішінде радиолокациялық станцияларға «аңшылық» басталған. Бұл жүйелер әуе кеңістігін жүздеген шақырым қашықтықта бақылауға арналған күрделі әрі қымбат технологиялардан тұрады. Соңғы уақытта Украина 22-ге жуық радарды жойған. Олардың басым бөлігі Қырымда. Жойылған жүйелердің қатарында «Сопка-2», «Оборона-14», 64Н6 сияқты маңызды радарлар бар.
Ресей заманауи жүйелер тапшылығына байланысты ескі техниканы қайта пайдалануға мәжбүр болуда. Украиналық дрондар «Небо», «Противник», «Каста» сияқты қымбат әрі заманауи радарларды да жойған. Украинаның негізгі мақсаты — Ресейдің радиолокациялық кеңістігінде «дәліз» жасап, дрондар мен зымырандардың тереңге енуіне жол ашу дейді сарапшылар.
Әскери сарапшылардың айтуынша, Ресей барлық маңызды кешендерді әуе қорғаныс жүйесімен қамтамасыз ете алмауда. Тек маңызды нысандарды ғана қорғауға көшіп жатыр. Украиналық тарап бұл әрекеттерді стратегиялық жоспардың бір бөлігі деп санайды. Жақында ғана Украина әуе қорғаныс жүйесі әлсіреген Брянсктегі маңызды зауытқа соққы жасап, зауытты жоя білді.
Ресейдің радар жүйесіне соққы жасау арқылы, Украина өзінің ұшақтарына да жол ашуда. Осылайша ұшақтар оккупациядағы аймақтарға еніп, соққы жасауды арттырған.
Ресей Қытай мен Беларусьтен көмек алып, жаңа бақылау, барлау жүйелерін енгізуге тырысуда. Ресейді толық барлау жүйесінсіз қалдыру қиын. Себебі Мәскеу спутник жүйелері арқылы да ақпарат алуда. Алайда әуе қорғаныс жүйелерін істен шығару арқылы, Ресейдің маңызды кешендеріне үлкен қауіп төндіруге болады. Сарапшылардың пікірінше, ендігі таңда украин сарбаздары Ресейдің ішкері аудандарына соққы жасауды арттыратын болады.
Mezgil.kz