Отқа оранған танкерлер: Ресейдің әскери кемелері басты нысанаға айнала ма?

Украина Ресейдің теңіз порттарына, мұнай терминалдары мен мұнай қоймаларына, МӨЗ-дері мен мұнай жөнелту станцияларына соққы жасауда. Ресей мұнайының бір бөлігін кемелер арқылы тасымалдайды. Халықаралық қауымдастық Ресейдің көлеңкелі флотына санкция салған. Украина қазіргі таңда ресейлік танкерлерге де соққы жасауда. Соңғы 6 айда Ресей порттарына кіріп, мұнай тасымалдамақ болған ондаған танкер соққыға ұшырады. Жерорта теңізінде газ тасымалдайтын ресейлік кеме өткен аптада толық өртеніп кетті. Украина шабуыл ауқымын кеңейтуі мүмкін. Ал Ресей шабуылдардан қорғану үшін, көлеңкелі флоттың кемелерін әскери кемелермен қорғау нұсқасын қарастыруда. Бұл туралы The Financial Times басылымы жазды. Қаруланған әскери кемелер немесе жылдам жүретін қайықтар көлеңкелі флотты қорғауға атсалысуы мүмкін.


ChatGPT Image 23 мар. 2026 г., 14_52_55.png(Сурет ЖИ арқылы жасалды)

 

Бұл туралы Ресейдің теңіз қауымдастығының басшысы, Путиннің сенімді серігі Николай Патрушев те айтты. Оның сөзінше, ресейлік тумен жүзетін танкерлерді арнайы қарулы күзетпен қамтамасыз етіп, танкерлерге әуе қорғаныс жүйелерін орнату нұсқалары да қарастырылып жатыр-мыс.

 

Патрушевтің идеясын бірқатар ресейлік шенеуніктер қолдаған. Сарапшылар Мәскеудің соңғы уақытта көлеңкелі флотқа төнген қауіпке байланысты алаңдап отырғанын жазды. Украина тарапы Ресейдің танкерлеріне шабуыл жасағанын бірнеше мәрте растады. Алайда ондаған анықталмаған шабуылға қатысты сұрақтарға жауап беруден бас тартқан еді.

 

Ресей қазір танкерлерді 24/7 режимінде бақылауға көшкен. Спутниктен бақылап, танкерлермен тікелей байланыс орнатты. The Financial Times басылымының жазуынша, Ресей өз танкерлерін үшінші елдің туымен бүркемелейтін тәжірибеден бас тартуы мүмкін. Бұған дейін Мәскеу танкер атауын өзгертіп, өзге елге тіркеп, GPS ақпараттарды өзгертіп көрсетіп, санкциядан сытылуға тырысқан еді. Алайда ЕО мен АҚШ өзге елге тіркелген ресейлік танкерлерді де анықтап, санкциялық тізімге қосуда. Енді ресейлік танкерлер қайта Ресейдің туымен жүзуді бастады. Осылайша Мәскеу өз танкерлерін күзетуді күшейтпек.

 

Патрушевтің мәлімдемесіне қарап, теңіз арқылы мұнай тасу Мәскеу үшін аса маңызды екенін түсінуге болады. Ресей теңіз арқылы негізінен Үндістанға, оңтүстік Азия елдеріне мұнай тасымалдауда. Мәскеу Иран мен АҚШ арасындағы соғысқа байланысты мұнай бағасының өсуін тиімді пайдалануға тырысуда. Украина Ресейге кедергі жасау мақсатында ресейлік порттарға соққы жасауды үдетті. Бүгін Украина дрондары Ресей мұнайының теңіз арқылы 60 пайызы тасымалданатын Приморск портына шабуыл жасап, терминалды отқа орады.

 

Сарапшылар Ресей билігі көлеңкелі флотты әскери кемелер арқылы қорғауды бастаса, Украина Ресейдің әскери кемелеріне шабуылды үдететінін болжауда. Киев Ресейдің Қара теңіз флотын оккупациядағы Қырымнан кетуге мәжбүр етті және флоттың 20-дан астам кемесін отқа орады. Әскери мамандардың пікірінше, Жерорта теңізінің ашық су айлақтарында Ресейдің әскери кемелері Украина үшін оңай олжаға айналуы ықтимал. Мәскеу бұл қауіпті де біледі. Алайда мұнай тасымалын басымдық ретінде атауда. 


Mezgil.kz



Сәйкес тақырыптар