Суға батқан сүңгуір қайық: Ресейдің кемесі өлім уын шашуда!

Ресейдің суға батқан атомдық сүңгуір қайығы табиғатты ластауда. 1989 жылы КСРО-ның сүңгуір қайығы Норвег теңізінде суға батып кетті. Қазіргі таңда аталған кемеден зиянды қалдықтар бөлінуде.


ChatGPT Image 26 мар. 2026 г., 14_21_23.png(Сурет ЖИ арқылы жасалды)

 

Сүңгуір қайықтан бөлінетін стронций-90 радиоактивті изотопының деңгейі бұл акваторияда табиғи радиациялық фоннан 400 мың есе жоғары, ал цезий-137 көрсеткіштері тіпті 800 мың есе артық. Бұл теңіздегі изотоптың табиғи радиоактивтілік деңгейі бір текше метрге бір беккерельді құрайды. Демек, суға батқан сүңгуір қайықтан өте көп мөлшерде қауіпті қосындылар бөлініп, табиғатты ластап жатыр деген сөз.

 

Тромсё қаласындағы Норвегияның радиациялық және ядролық қауіпсіздік басқармасына Жастин Гвинн жетекшілік етеді. Қазір Жастиннің зерттеушілер тобы бұл жағдайды мұқият қарастыруда. Олар жақында PNAS журналында мақала жариялап, теңіз астындағы қатты ағыстардың радиоактивті қауіпті заттарды ағызып әкетіп, тез сұйылтатынын айтқан еді.

 

КСРО-ның «Комсомолец» атомдық сүңгуір қайығы 1989 жылы, 7-сәуірде суға батты. Ол Еуропаның солтүстік бағытында, нақтырақ айтқанда Норвег теңізінде апатқа ұшырады. Норвегия мен Шпицбергеннің арасында, шамамен 400 метр тереңдікте кеменің апатқа ұшырағаны белгілі болды. Сүңгуір қайықтың артқы бөлігінде өрт шыққан. Теңізшілер жанталаса су бетіне шығуға тырысқан. Олар балласт цистерналарына ауа жіберген. Алайда өрт сүңгуір қайықтың ішінде жылдам тарап, бірнеше бөлігін шарпыған. Сүңгуір қайықтың капитаны кемені су бетіне шығара білген. Атомдық сүңгуір қайықта 69 адам болған. Олардың 27-сі ғана аман қалды. Кеме су бетіне шыққан соң, көп ұзамай ішіне толған судан теңіз түбіне қайта батып кетті. Қазіргі таңда «Комсомолец» атомдық сүңгуір қайығы шамамен 1700 метр тереңдікте жатыр.

 

Бұл сүңгуір қайықты КСРО билігі мұқият зерттеуге тырысты. Себебі қайықта қажетті ақпараттарды өзге тараптың алуынан қауіптенді. Артынша Ресей де сүңгуір қайықты зерттеуге ден қойды. Радиоактивті ластанудың алдын-алу үшін 1994 жылы торпедалық аппараттар мен басқа да саңылаулар титан пластиналармен герметизацияланды.

 

Норвегия бұл сүңгуір қайықты жылдар бойы бақылап келеді. 2013 жылдан бастап жыл сайынғы мониторинг жүргізілуде. 2019 жылы зерттеушілер қашықтықтан басқарылатын аппарат жіберіп, сүңгуір қайықты жүйелі зерттеуге тырысты. Аппарат сүңгуір қайықтан сынамалар алды. Зерттеу нәтижесі Ресей билігі титан пластиналармен жапқан бөліктер әлі де сақталғанын көрсетті.

 

Дегенмен, зерттеу нәтижелері қайықтағы ядролық энергетика қондырғылары болған тұстан ядролық қалдықтар бөліне бастағанын аңғартты. Қайыққа ұя салған түрлі теңіз жануарлары мен жәндіктерінен де жоғары мөлшердегі цезий-137 анықталған. Ғалымдар бұл мәселені жіті бақылауда. Алдағы уақытта қайықтағы радиоактивті қалдықтарды оқшаулау үшін тағы да герметизациялау жұмыстарын жүргізу қажет деп санайды. Алайда оны Ресейдің іске асырар/асырмасы белгісіз.  


Mezgil.kz



Сәйкес тақырыптар