Бұғатталған бұғаздар: Хуситтерден үлкен қауіп төніп тұр!

Иран мен АҚШ/Израиль арасындағы соғыс қыза түсті. Тараптар бір-бірін зымыран/дрон соққысының астына алуда. Иран аймақтағы араб елдері мен Израиль аумағын соққылауда. Нысана ретінде әскери кешендерді, порттар мен МӨЗ-дерді таңдауда. АҚШ пен Израиль Иранның ондаған аймағына бір ай бойы үздіксіз соққы жасауда. Мыңдаған нысан жойылған. АҚШ президенті Трамп Иранның электр станцияларын, су тұщыту жүйелерін, мұнай бұрғылау платформаларын атқылайтынын айтып, сес көрсетті.


ChatGPT Image 31 мар. 2026 г., 12_37_46.png

 (Сурет ЖИ арқылы жасалды)


Иранды аймақтағы прокси күштері қолдауда. Иракта шииттік топтар Иранды қолдап, АҚШ-тың Бағдаттағы елшілігі мен әскери базасына дрондар жіберуде. Ал Ливанда «Хезболла» жасақтары Израильмен қақтығысқа түсуде. «Хезболла» Израиль аумағына зымыран жіберіп, минометпен атқылауды арттырды. Иранның маңызды одақтасы саналатын Йемендегі хуситтер де бұл қақтығысқа киліге бастады. Хуситтер Израиль аумағына бірнеше зымыран мен дрон жіберді. Зымыран мен дрондарды аймақтағы әуе қорғаныс жүйелері қағып түсіргеніне қарамастан, хуситтер бұл соғысқа белсенді түрде қатысуды арттыруы ықтимал.

 

Сарапшылар Иран мен хуситтер арасында келіссөз жүріп жатқанын айтуда. Тегеран хуситтерді қақтығысқа араластырып, Қызыл теңіз арқылы жүк тасымалдауды бұғаттауға тырысуда. Осылайша Иран билігі Ормуз бұғазын және Қызыл теңізге кіретін Баб-әл-Мәндеб бұғазын бұғаттап, энергия көздерін тасымалдауды барынша қиындатып, АҚШ/Израиль/Араб елдері коалициясына қысымды арттыруды жоспарлауда.

 

Иран әлемдегі энергия көздерінің 25 пайызы өтетін Ормуз бұғазын жауып тастады. Бұғаз арқылы әлемдік нарыққа шығатын мұнайдың 26 пайызы, газдың 20 пайызы өтеді. Сауд Арабиясы бұғазды айналып өтетін балама бағыттарды іске қосуда. Соның бірі Қызыл теңіздегі Янбу портына құмды даладағы құбыр арқылы мұнай жеткізу болып табылады. Бұл портты Сауд Арабиясы Иран-Ирак соғысы кезеңінде салған еді. Саудияның балама бағыт арқылы мұнай тасымалдауды арттыруы, әлемдік нарықтағы мұнай бағасын тұрақтандыруға көмектесуде. Соғысқа дейін Саудия Ормуз бұғазы арқылы 6 млн баррель мұнай тасымалдаса, ендігі таңда Янбу портына құбыр арқылы күндігіне 5 млн баррель мұнай жеткізуде.

 

Мұнайдың басым бөлігі Азия елдеріне сатылады. Мұнай тиеген танкерлер Баб-әл-Мәндеб бұғазы арқылы өтеді. Ал бұл бұғазды хуситтер толық құрсауға алуға қабілетті. 2024-2025 жылдары хуситтер аталған бұғаздағы кемелерге зымыран/дронмен соққы жасап, әлемдік сауда қатынасын қиындатқан болатын.

 

Сарапшылар хуситтердің қақтығысқа килігетінін болжаған-ды. Алайда соңғы шешімді Иран емес, Йемендегі хуситтердің басшылығы қабылдайды. «Хуситтер Иранға бағынышты топ емес, олар Иранмен одақтас топ» дейді Йемен бойынша сарапшы Эйприл Элли.

 

Таяу Шығысқа АҚШ-тың арнайы жасақ сарбаздары жеткізілуде. Жапониядан USS Tripoli десанттық кемесі келіп жетті. Кеме бортында мыңдаған сарбаз бен ондаған әскери техника бар. Әскери сарапшылардың пікірінше, бұл Иранның Харк аралын басып алуға жетерліктей күш саналады. «Тегеран АҚШ-тың ықтимал құрлық операциясына кедергі жасау үшін хуситтерді соғысқа қатысуға үгіттеуде» дейді мамандар.

 

Мамандар хуситтердің тек қана Баб-әл-Мәндеб бұғазын жаппай, сонымен бірге Саудияның Янбу портына және портта мұнай тасымалдайтын құбырға да соққы жасауы мүмкін екенін болжауда. Мұндай жағдайда әлемдік нарықтағы мұнай бағасы тағы да шарықтап кетпек.


Mezgil.kz



Сәйкес тақырыптар