Әлемдік БАҚ Венгрияның СІМ басшысы Петер Сийяртоның Мәскеуге құпия ақпараттарды жеткізгені туралы жарыса жазуда. Венгриялық министр ЕО-ның жабық есік артында өткізген талқылауларына қатысып, артынша бірден ақпаратты Мәскеуге жіберіп отырған. Сийярто бұл ақпараттарды жоққа шығарған жоқ. Керісінше растағандай болды. Ол «Венгрия жабық есік артында да, жария талқылауларда да Ресейге қарсы санкция салуды қолдаған емес» дейді.
(Сурет ЖИ арқылы жасалды)
Польшаның FrontStory басылымы Сийярто мен Лавровтың арасында тығыз байланыс орнағанын айтуда. Басылым Сийярто мен Лавровтың арасындағы телефон арқылы әңгімелесудің бір фрагментін жариялады.
Лавров 2024 жылдың, 30-тамызында Сийяртоға қоңырау шалған. Ол әңгіме барысында Әлішер Усмановтың өтінішін жеткізген.
Лавров: - Мен Әлішердің өтініші бойынша хабарласып тұрмын. Оның қарындасының ісімен сіз айналысып жатырсыз ғой.
Сийярто: - Иа, әрине. Біз словактармен бірлесе отырып, оны ЕО-ның санкциялық тізімінен алып тастауды сұраймыз. Келер аптада ресми өтініш жібереміз. Қазір санкциялық тізімді қайта қарап жатыр. Бұл мәселе күн тәртібінде тұр. Біз оны санкциялық тізімнен алдыртып тастауға барымызды саламыз.
Лавров оның жауабына қанағаттанып, алғыс білдірген. Тараптар Украина соғысын да талқылаған. ЕО-ны сынға алған. Сийярто сөз арасында «Газпромның» Ресейдегі жаңа офисін мақтаған. Сөз соңында Сийярто «Қашанда қызмет көрсетуге әзірмін» деген.

FrontStory басылымының жазуынша, Усмановтың қарындасы Исмаилова араға жеті ай салып, ЕО-ның санкциялық тізімінен алынып тасталған. Сийярто мен Лавров 2022-2025 жылдар аралығында үздіксіз телефон арқылы ақпарат алмасқан.
Сарапшылар Венгрия билігіндегі көптеген тұлғалардың Мәскеуге ақпарат жеткізетінін болжауда. Олардың ішінде Венгрия премьері Орбан, СІМ басшысы Сийярто да бар. Сийярто мен Лавровтың байланысын ЕО саясаткерлері «сатқындық» деп бағалауда.
«ЕО Ресейге қарсы санкция салып, агрессиясын қатаң айыптаушы ұйым. НАТО ұйымы да Ресейдің әскери агрессиясын тежеу тетіктерін қарастыруда. ЕО мен НАТО-ға бірдей мүше екеніне қарамастан, Венгрия саясаткерлерінің құпия ақпаратты бірден Мәскеуге жеткізуі барып тұрған сатқындық», - дейді сарапшы Эмели Кроудс.
ЕО құрамындағы Венгрия мен Словакия Ресейге қарсы санкцияларды ұдайы бұғаттап, вето құқығын қолданумен келеді.
Стенограмманы тәуелсіз VSquare, FRONTSTORY, Delfi Estonia, The Insider, ICJK басылымдары да зерттеп, әңгіменің растығын айтуда. Қазіргі таңда, Ресей Орбан билігін сақтап қалу үшін барын салуда. 12-сәуірде өтетін сайлауда Орбан коалициясы жеңіске жету үшін, Ресей қаржылай және ақпараттық қолдауды арттырған.
Mezgil.kz