АҚШ рұқсат етті: Қазақстан арқылы Қытайға мұнай жөнелтілмек!

АҚШ Қазақстан аумағы арқылы ресейлік мұнайды Қытайға жеткізуге рұқсат ететін арнайы лицензияның мерзімін ұзартты. Рұқсат бойынша Қазақстан аумағы арқылы мұнай тасымалдау 2027 жылдың мамырына дейін іске аспақ. Бұл Қытайға ресейлік мұнайды үздіксіз жеткізуге мүмкіндік береді.


neft-rk-rf-kitay.png

 

Bloomberg басылымының жазуынша, осыған дейін рұқсат мерзімі 2026 жылдың сәуір айында бітуі тиіс еді. Дей-тұра, Уашиңтон әлемдік энергетика нарығындағы турбуленттілікті ескеріп, бірқатар шешімдерін өзгерткен.

 

Bloomberg сарапшылары АҚШ билігінің қазіргі сәтте әлемдегі энергетика нарығының тұрақсыздығына байланысты бірқатар шешімдерді қайта қарап жатқанын жазды. Таяу Шығыстағы қақтығысқа байланысты Ормуз бұғазы бұғатталып, шығанақтағы бірнеше араб елдерінің мұнай өңдеу, газ жөнелту кешендері соққыға ұшырады. Бұл әлем нарығындағы мұнай-газ бағасының күрт өсуіне себепкер болды.

 

Иранның мұнайын сатып алатын басты ел – Қытай. Мұнай бағасының қымбаттауы Қытай билігіне салмақ салуда. Бейжің Таяу Шығыстағы қақтығыстар сәтінде балама бағыттар арқылы мұнай тасымалдауды арттыруға тырысуда. Қазақстан аумағы арқылы ресейлік мұнайды тасымалдау Қытай үшін маңызды саналады. Бұл бағыт арқылы Қытай жылына 10 млн баррельге жуық мұнай тасымалдауды жоспарлауда. Тасымалдау көлемін 12 млн баррельге дейін жеткізу жоспары да бар дейді сарапшылар.

 

АҚШ әлемдегі мұнай бағасын тұрақтандыру үшін Ресейдің мұнай-газ саласына салынған санкцияларды уақытша жеңілдетуде. Ресейдің кей компаниясына салынған санкция уақытша тоқтатылды. АҚШ ресейлік газды тасымалдайтын бірнеше кемеге және контейнертасушыларға салынған санкцияны алып тастады. Осылайша АҚШ Ресейдің тарылған тынысын аз уақытқа кеңейтетін шешімдер қабылдады. Уашиңтон Қазақстан аумағы арқылы мұнай тасымалдау лицензиясын ұзартпаса, Мәскеу сәуір айында басқа бағыттарды іздеуге мәжбүр болар еді. Сарапшылардың пікірінше, АҚШ Ресейді емес, әлемдегі нарықтың жағдайын ойлауда.

 

Трамптың түрлі мәлімдемелері мұнай бағасына әсер етуде. Ол Ирандағы соғысты жылдам аяқтайтынын айтқан сәтте мұнай бағасы түсіп, соққыны күшейтуді мәлімдеген сәтте мұнай бағасы өсуде. Украина әскері де Ресейдің мұнай саласына соққы жасау арқылы, Кремльге бюджетті толтыруға кедергі жасауда. Киев Приморск, Усть-Луга порттарына соққы жасап, Ресейдің теңіз арқылы мұнай тасымалдауын 30 пайызға азайтты. Ендігі таңда МӨЗ-дерге соққыны арттырып, ішкі тапшылықты күшейтуге тырысып жатыр. 


Mezgil.kz



Сәйкес тақырыптар