Лаңкестерді дарға асу: Израиль қабылдаған заң дау туындатты!

Израиль даулы заңды қабылдады. Енді аталған елде кісі өліміне әкелген лаңкестікті жасағандар өлім жазасына кесілуі мүмкін. Кнессет қабылдаған заңда даулы тұстары жетерлік. Мысалы, палестиндіктер тарапынан лаңкестік жасалса және Израиль азаматы көз жұмса, онда лаңкеске қатысты өлім жазасы қолданылады. Ал дәл осындай жағдай палестиндік азаматтарға қарсы жасалса, өлім жазасы қолданылмауы мүмкін. Бұл заң жобасы елдің ішінде де, шетелде де үлкен дау туындатты.


ChatGPT Image 3 апр. 2026 г., 15_18_25.png(Сурет ЖИ арқылы жасалды)

 

Құжатты талқылау жұмысы бірнеше айға созылды. Ал нақты шешім қабылдау күні құжатты депутаттар 12 сағаттан астам уақыт бойы талқыға салған. Құжатты 62 депутат қолдаса, 48 депутат қарсы болды. «Еврей күші» партиясының өкілдері құжатты ел арасында кеңінен насихаттады. Насихатты ел премьері Биньямин Нетаньяху қолдады. Нетаньяхуге қарсы оппозициялық топтың кей өкілдері де бұл заңды қолдаған.

 

Ұлттық қауіпсіздік министрі Итамар Бен-Гвир бұл заңды «соңғы жылдары қабылданған ең маңызды шешімнің бірі» деп сипаттауда. Ол аталған заң күшіне енген соң, Израиль азаматтарына палестиндіктер тарапынан шабуыл жасау фактісі азаяды деген ойда.

 

Сарапшылар заңдағы дискриминация жайлы айтуда. Израильдің әскери соттары қарастыратын лаңкестік істің көбінде, израильдіктерді өлтірді деген палестиндіктер өлім жазасына кесілмек. Ал Израильдің өз ішіндегі лаңкестік фактілері Израиль азаматтарының қолымен жасалса, олардың араб не еврей екеніне қарамастан өлім жазасы сирек қолданылмақ. Мамандар осылайша Израиль билігі өз азаматтарын жоғарылатып, палестиндіктерді төмендетуде дейді. Өлім жазасы лаңкестік жасаған палестиндіктерге қатысты көп жағдайда қолданылуы мүмкін. Себебі енді сот үкімін шығару сәтінде барлық соттың шешімді қолдауы қажет емес. Енді үкім көпшілік даусына қарай қабылданады. Ал шығарылған үкім 90 күннің ішінде орындалуы тиіс.

 

Құқық қорғаушылар бұл заңды қатаң түрде сынға алуда. Израильдегі HaMoked құқық қорғау ұйымының басшысы Таль Штайнер «бұл заң сөзсіз тек палестиндіктерге ғана қолданылады» деді және Нетаньяху билігін айыптады. Оның сөзінше, Израиль билігі қабылдаған өлім жазасына қатысты заң халықаралық құқықтық нормаларға қайшы келеді. Соның ішінде Женева конвенциясы бойынша да бұл заң қабылданбайды.

 

Израиль билігі өлім жазасы үкімін шығару және орындау процесін жеңілдетті. Халықаралық құқық қорғаушылар әр үкімді мұқият қарастырудың маңызды екенін айтуда. Ал «90 күннің ішінде үкім орындалуы тиіс» деген заңдағы талап шығарылған үкімдерді даулау мүмкіндігін тарылтпақ.

 

Израильдегі заңға қатысты әлем елдері наразылықтарын білдіруде. Израильдің серіктестері саналатын Германия, Франция, Италия, Ұлыбритания бұл заңды сынға алды. Араб елдері мен Түркия заңды сынап, «жағдайды ушықтыру әрекеті» деп бағалады. Сирияда мыңдаған адам наразылық акцияларына шықты. Ал Йемен, Сирия, Ирактағы қарулы жасақтар Израиль билігіне сес көрсетіп, видеоүндеулер жариялауда.

 

Израильдің заңнамаларында өлім жазасы баяғыдан бар. Соңғы рет 1962 жылы, Адольф Эйхманға қатысты қолданылды. Қазіргі даулы заң 30 күннің ішінде күшіне енбек. Ал өлім жазасы дарға асу арқылы іске асады дейді мамандар.


Mezgil.kz



Сәйкес тақырыптар