Күн мен жел - мұнай мен газға қарсы: Кім жеңеді?

ВВС басылымы әлемдегі қақтығыстардың энергетика саласын өзгерту мүмкіндігіне қатысты мақала жариялады. Энергетика саласына қатысты ұстанымдар сан қилы. АҚШ басшысы Дональд Трамп мұнай, газ және ядролық энергетиканы қолдайды. Ол «жасыл энергетиканы» қатаң сынға алушы тұлға саналады. Электромобильдерді және жел, күн энергиясын сынға алып, «алаяқтық» деп атауда. Сарапшылар Таяу Шығыстағы қақтығыстардан кейін, әлем елдері «жасыл энергетикаға» инвестиция салуды арттыруы мүмкін деп болжауда.


ChatGPT Image 7 апр. 2026 г., 13_11_57.png

 (Сурет ЖИ арқылы жасалды)


«Жасыл революцияны» барынша қолдайтын күш орталықтары Қытай мен ЕО елдері. Қытай мұнай мен газды өзге елдерден көп сатып алатын держава. Бейжің күн, жел энергиясына инвестиция салып, жаһандық қақтығыстардың салдарынан сақтануды құп көруде. Мұнай мен газдың қатты қымбаттауы Қытай экономикасына соққы жасайды. ЕО ресейлік мұнай мен газдан бас тартуда. Ендігі таңда Еуропа елдері энергияны АҚШ-тан, бірқатар араб елдері мен Орталық Азиядан, Әзербайжаннан сатып алуда. Алайда балама бағыттың бірі ретінде «жасыл энергетиканы» назардан тыс қалдырмақ емес.

 

АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы операциясы басталған сәттен кейін, Еуропа нарығында газ бағасы 30 еуродан 50 еуроға дейін қымбаттады. Ал Ресей Украинаға басып кірген сәтте бұл көрсеткіш тіпті 300 еуроға жеткен болатын. Бейжің Ресейден газ бен мұнайды сатып алып, кей жағдайда оны үш есеге қымбат бағамен Жапонияға сатуда.

 

Мамандар ЕО мен Қытай газ бен мұнай қорын жасақтағанын айтты. Алайда негізгі себеп күн және жел энергиясына қаржы құйып, электромобильдерді көптеп шығаруында дейді.

 

BloombergNEF-тің жазуынша, адамзат электромобильдерге көшкен сайын, мұнай мен газды тұтыну мөлшері азаймақ. Сарапшылардың пікірінше, 2025 жылы электромобильдердің арқасында күн сайын 2,7 млн баррель мұнай үнемделген. Ал болжам бойынша алдағы 4 жылда бұл көрсеткіш екі еселенбек.

 

Батыс елдері Ормуз бұғазының бұғатталуына байланысты стратегиялық мұнай қоймаларынан мұнай алуда. Күн сайын мұнай қоймаларынан 3 млн баррельге жуық қара алтын алынуда. Бұл алдағы 3-5 ай бойы үздіксіз жалғасуы мүмкін. Сарапшылардың пікірінше, электромобильдер саны артқан сайын, әлемдік мұнай нарығындағы дағдарыстың соққысы да жеңілдей түседі.

 

Қытай сарапшысы Ли Чжэннің сөзінше, Қытай билігі әлемдегі энергия дағдарысынан сақтану үшін жаппай электромобильдерді шығарып, Гоби шөліне күн панельдерін орналастыруда. Қытайдың тәжірибесін Еуропа елдері де қайталауда.

 

Мамандар күн және жел станцияларын орнату бағасы жыл өткен сайын арзандап жатқанын айтуда. Ресейдің Украинаға соғыс ашуынан кейін, күн және жел станцияларын орнату 20 пайызға арзандаған. Аталған станцияларды орнату жылдам әрі оңай. Көмір, газ, гидро және ядролық станцияларды салу уақыты бірнеше жылды алуы мүмкін. Ал күн станцияларын орнату бірнеше аптадан бірнеше айды қамтиды. Құны да арзанырақ.

 

Колумбия университетінің сарапшысы Энн-Софи Корбо былай дейді: «Осыған дейінгі энергетикалық дағдарыста ең алдымен Еуропа зардап шекті. Ресейдің Украинаға басып кірген кезін айтамын. Ал қазір Азия мен өзге аймақтар зардап шегуде. Газсыз қалған елдер қайта көмір станцияларын іске қосуда. Алдағы уақытта біз мемлекеттердің көмір станцияларын сақтай отырып, жаппай күн және жел станцияларын салатынына куә болуымыз мүмкін», - депті.

 

Bruegel зерттеу институтының қорытындысы бойынша, қазіргі энергетикалық дағдарыста күн және жел станциялары көп елдерде жанармай бағасы қатты шарықтамаған. Сонымен бірге, бұл мемлекеттегі электромобильдердің санына да байланысты. Колумбия университетінің профессоры Джейсон Бордоффтың ойынша, «мұнай мен газдың дәуірі аяқталмақ емес, алайда күн мен жел станцияларын салу дәуірі енді басталмақ» дейді.


Mezgil.kz

 

 



Сәйкес тақырыптар