Сарапшы пікірі: Бұл келісім – соғыстың аяқталуы деген сөз емес, уақыт ұту!

Кеше кешкілік АҚШ пен Иран Пәкістанның арағайындық жасауымен, 2 апта мерзімге бітім жариялап, ұрыс қимылдарын тоқтататынын хабарлады. Бұл туралы Mezgil.kz ақпараттық порталында егжей-тегжейлі жаздық.

1775639914797136.jpg

(Коллаж: Mezgil.kz)

Осы ретте біз саясаттанушы Жанат Момынқұловты сөзге тарттық. АҚШ пен Иран арасындағы уақытша бітім келешекте түпкілікті мәмілеге негіз бола ала ма? Әлде, ұрыс қимылдары араға уақыт салып қайта жалғаса ма?

ҚАЗІР АҚШ ТА, ИРАН ДА ҮЛКЕН СОҒЫСҚА ТОЛЫҚ ДАЙЫН ЕМЕС!

Жанат Момынқұлов:

Иә, АҚШ пен Иран арасында уақытша қақтығысты тоқтату туралы келісімге келді. Бірақ бұл 14 күндік бітімнің ары қарай не болатыны бірнеше сценарийге байланысты. Қазір ең ықтимал нұсқа – бұл уақытша бітім ғана. Себебі екі тарап арасындағы негізгі мәселелер, яғни Иранның ядролық бағдарламасы, баллистикалық қаруы, прокси күштері, Ормуз бұғазы және АҚШ-тың аймақтағы ықпалы сияқты түйткілдер әлі шешілген жоқ.

Қазіргі соғыстың нәтижесінде АҚШ пен Израиль Иранды әскери-техникалық тұрғыдан әлсірете алды. Иранның әскери инфрақұрылымы, баллистикалық нысандары, прокси күштері және кейбір экономикалық объектілері соққыға ұшырады. Соның салдарынан Иран қысқа және орта мерзімде Израильге бұрынғыдай тікелей қауіп төндіре алмайды. Бірақ бұл Иран толық жеңілді деген сөз емес. Керісінше, Иран уақытша әлсірегенімен, болашақта қайта күшеюге тырысады.

Бұл бітім 14 күннен асып, Қатар мен Оман сияқты елдердің арағайындығымен тағы біраз уақытқа созылуы мүмкін. Бірақ бұл тұрақты бейбітшілікке айналады деу қиын. Себебі тараптар негізгі принциптік мәселелер бойынша ортақ мәмілеге келген жоқ.

Сондықтан екінші сценарий де өте ықтимал – яғни екі тарап уақытша тыныс алып, кейін қайтадан шиеленіс пен қақтығысқа оралуы мүмкін. Қазір АҚШ та, Иран да үлкен соғысқа толық дайын емес. Сол себепті бұл келісім – соғыстың аяқталуы емес, уақыт ұту.

Алдағы кезеңде дипломатиялық процесс жүреді. Егер ол нәтиже бермесе, қақтығыс қайта жанданып, тіпті жаңа соғыс кезеңі басталуы мүмкін. Әсіресе Иран ядролық және баллистикалық мәселеде нақты шегінбесе, алдағы 1-3 жылда Израиль тарапынан қайта соғыс қаупі сақталады.

БҰЛ СОҒЫСТЫҢ ОРТАЛЫҚ АЗИЯҒА ДА ӘСЕРІ БАР...

Бұл жағдай Таяу Шығыспен ғана шектелмейді. Оның Орталық Азияға да әсері бар. Егер Иран болашақта қайта күшейсе немесе аймақта Қытайдың ықпалы арта түссе, бұл Орталық Азия елдеріне де қысым болып сезілуі мүмкін. Сондықтан Араб елдерінің қауіпсіздігі мен аймақтағы жаңа күштер балансы Орталық Азия үшін де маңызды. Қазір Таяу Шығыста Пәкістан, Түркия, Сауд Арабиясы, Мысыр секілді елдердің рөлі артуы мүмкін, ал бұл бүкіл аймақтық қауіпсіздік архитектурасына әсер етеді.

Бұл соғыс қазір 14 күндік бітіммен толық аяқталмайды. Қазір тек уақытша пауза басталды, енді дипломатиялық кезең жүреді. Егер келіссөздер нәтиже берсе, жағдай біраз тұрақтануы мүмкін. Ал нәтиже болмаса, АҚШ пен Израиль тарапынан қайтадан үлкен қысым мен жаңа әскери әрекеттер қаупі сақталады. Сондықтан алдағы уақытта нақты нәтижелерді көреміз, бірақ қазіргі бітімді түпкілікті бейбітшілік деп бағалау әлі ерте.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар