Антальяда айтылған сөз: Ескірген жарғы - елеусіз ұйым. БҰҰ іріп-шіруде!

Антальяда өткен халықаралық дипломатиялық форумда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік саясаттағы ең өзекті әрі күрделі мәселелердің біріне тоқталды.

1776509834339068.png

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

Оның айтуынша, бүгінгі таңда жаһандық қауіпсіздік жүйесі бұрынғыдай жұмыс істемейді, ал халықаралық институттардың ықпалы айтарлықтай әлсіреген. Президент бұл жағдайды ашық айтып, Біріккен Ұлттар Ұйымы төңірегіндегі дағдарысқа нақты баға берді.

ТОҚАЕВ: БҰҰ ІРІП-ШІРУДЕ!

Тоқаев өз сөзінде тіпті, Дональд Трамп кезінде айтқан «БҰҰ іріп-шіруде» деген пікірмен келісетінін жеткізді. Себебі бүгінгі күні маңызды бейбіт келіссөздер БҰҰ алаңында емес, басқа форматтарда өтіп жатыр. Бұл ұйымның бұрынғы рөлінен айырылып бара жатқанын аңғартады.

Президенттің айтуынша, мәселенің түп-тамыры БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі жұмысында жатыр. Дәл осы органда ірі державалар өз мүдделерін қорғап, маңызды шешімдердің қабылдануына жиі тосқауыл қояды. Соның салдарынан әлемдік деңгейдегі қақтығыстар дер кезінде шешілмей отыр.

ҚАЗАҚСТАН МЕН ТҮРКИЯ - «ОРТА ДЕРЖАВАЛАР»

Ал Тоқаевтың пікірінше, Қазақстан мен Түркия сияқты «орта державалар» керісінше, қазіргі дипломатияда әлдеқайда жауапты әрі икемді әрекет етуде.

Таяу Шығыстағы жағдайға тоқталған президент мәселенің тек сауда жолдары мен Ормуз бұғазының қауіпсіздігімен шектелмейтінін атап өтті. Ол негізгі қауіп – ядролық қарудың таралуы екенін алға тартты. Сондықтан халықаралық қауымдастық назарын дәл осы мәселеге аударып, келіссөздердің өзегіне айналдыру қажет екенін айтты.

БҰҰ ЖАРҒЫСЫ ЕСКІРГЕН!

Сонымен қатар, Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының да ескіргеніне назар аударды. Құжатта әлі күнге дейін «жау мемлекеттер» деген ұғымның сақталуы – бүгінгі күнмен мүлде үйлеспейтін парадокс. Өйткені сол елдердің өзі қазір ұйымның жұмысына белсенді қатысып, қаржылай қолдау көрсетіп отыр. Президенттің пікірінше, мұндай ескі нормалардан арылмайынша, БҰҰ заман талабына сай жұмыс істей алмайды.

Сөз соңында Тоқаев ұзақ жылдар бойы айтылып келе жатқан бос декларациялардан нақты әрекетке көшетін уақыт келгенін жеткізді. Оның ойынша, әлем тек қақтығыстарды талқылап қана қоймай, оларды алдын ала болжау мен болдырмау тетіктерін күшейтуі тиіс. Яғни, нағыз тиімді дипломатия – соғысты басталмай тұрып тоқтата алатын дипломатия.

Анталья форумында айтылған бұл пікірлер – жай ғана сын емес, қазіргі халықаралық жүйеге берілген нақты диагноз іспетті. Егер түбегейлі реформалар жасалмаса, жаһандық институттардың беделі одан әрі төмендей беретіні анық.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар