Путинді қатаң сынауда: Ресей қоғамында қайшылық артты, қақтығыс күшейді!

Ресейдің блогерлері мен медиаға танымал тұлғалары билікке қарсы қатаң үн қатуда. Ресейдің іштегі және сырттағы оппозиция өкілдері де белсенділікті арттыруда. Қуғындағы оппозиция өкілдері шетелде форумдар, жиындар өткізіп жатыр. Ал Ресейдің ішкі аумағындағы оппозициялық топтар әлеуметтік желідегі белсенділікті күшейткен. Бұл туралы The Sunday Times басылымы жазды.


ChatGPT Image 20 апр. 2026 г., 14_36_07.png(Сурет ЖИ арқылы жасалды)

 

Өткен аптада «Дом-2» бағдарламасы арқылы танымал болған Виктория Боня Ресей билігін, анығы Путиннің саясатын сынға алып, видео жариялады. Ол видеода Путиннен халық пен биліктің қорқатынын айтты, ал мемлекеттің «жабық түрмеге» айналып бара жатқанын жеткізді. Боняның мәлімдемесі Instagram-да 30 млнға жуық қаралым мен ондаған мың пікір жинады.

 

Боняның мәлімдемесін Ресей аудиториясына жақын блогерлер қолдауда. Шетелде тұратын, Айза есімімен белгілі блогер Instagram-да өз үндеуін жариялады. Ол «Ресей билігінің Telegram желісін шектеуі ел экономикасына соққы жасайды» деп жазды. Кейін ол өз видеосын өшіріп тастады.

 

Путиннің билігін сынаушылар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптады. 26 жастағы ресейлік жазушы Лиза Мока Instagram желісіндегі парақшасында үндеу жариялады. Ол өзінің парақшасындағы 900 мың оқырманына видео үндеу жариялап, көзіне жас алды. «Мен енді дәл осылай жалғастыра алмаймын. Мына тирандардың бізге жасап жатқанын көтере алмаймын. Үнсіз қала алмаймын. Олар шындықтан қол үзіп қалған. Мен ауылдық аймақта тұрамын. Табыс көзім әлеуметтік желілермен тікелей байланысты. Балаларды патриот болуға үйретудемін. Алайда оларға сабақ беретін сәтте VPN қосуға мәжбүрмін. Осылайша олар құрметтеуге тиіс мемлекет олардың мүмкіндіктерін шектеп жатыр», - дейді ол. Оның үндеуін 2 млннан астам адам қараған.

 

Әлеуметтік желіде ғана емес, қоғамда да Путин билігін сынайтындар саны артуда. «Независимая газетаның» кезекті мақаласында Путин билігінің интернетті шектеуін сталиндік кезеңмен салыстырған мақала жарияланды.

 

Саясаттанушы Екатерина Шульман Ресей қоғамында соғысқа қатысты, Путин билігіне қатысты көзқарастың өзгеріп жатқанын айтты. «2025 жылы соғысқа қатысты көзқарастың айқын өзгере бастағаны байқалды. Қоғамда соғыстың аяқталуын қолдайтындар саны артуда. Қоғамда Ақ үйдің жаңа қожайынының көмегімен соғысты Ресейдің шарттары бойынша аяқтаймыз деген ой болған. Алайда ол іске аспады. Қоғам соғыстың аяқталуын қалайды», - дейді.

 

Путиннің рейтингі де құлдырау үстінде. 2022 жылдан кейін, Путин ең төменгі қолдауға ие болуда. ВЦИОМ жариялаған ресми сауалнама нәтижесінде Путинді қолдаушылар саны азайып келе жатқаны айтылды. Кремль қоғамдағы кей сынға ашық жауап беруге тырысуда. Виктория Боняның мәлімдемесіне Мәскеу жауап берді. Песков видео үндеуді көргенін айтты және үндеудегі кей мәселелер мен сынға қатысты шешімдер қабылданатынын жеткізді.

 

Алайда Песковтың жауабы әскери z-сарапшыларды ашуландырды. Олар «біз майдан даласындағы қиындықтар жайлы күні-түні үндеу жасаған сәтте, мыңқ етпеген Песков, қайдағы бір жеңілтектің сөзіне жауап беруде» деп мәлімдеді. Соловьевтай сарай бұлбұлы Виктория Боняны тілдеп, оны жазаға тартуға шақыруда. 

 

Саясаттанушылар Ресей қоғамындағы бөлініс күшейе түсті дейді. Ал соғыс ұзаққа созылған сайын, ішкі қайшылық та арта бермек деген ойда.


Mezgil.kz



Сәйкес тақырыптар