Киевте өткен қауіпсіздік форумында Украина Барлау басқармасының (БББ) басшысы Кирилл Буданов соғыс барысын түбегейлі өзгертуге қатысты маңызды мәлімдеме жасады.

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
Оның айтуынша, Украина қарулы күштері жақын арада майданда жасанды интеллектпен басқарылатын автономды жүйелерді қолдана бастамақ.
ДРОНДАР СОҒЫСЫ: САННАН САПАҒА КӨШУ...
Будановтың пікірінше, қазіргі соғыс жаңа кезеңге өткен. Бүгінде дрондардың санын көбейту бұрынғыдай нәтиже бермейді. Себебі, қос тарап та қолданыстағы технологияларды басқарудың жаңа шегіне жеткен. Радиоэлектронды күрес (РЭК) жүйелерінің дамуы қарапайым оператор басқаратын дрондардың тиімділігін айтарлықтай төмендетіп отыр.
«Бізге нысананы өздігінен анықтай алатын және маневр жасай алатын автономды жүйелерге көшу керек. Украинада мұндай әзірлемелер бар және олар жақын арада жауымыз үшін нағыз «тосын сый» болады», — дейді Буданов.
Бұл — Украинаның жасанды интеллектті (ЖИ) толық интеграциялау арқылы соғыс алаңында технологиялық басымдыққа ие болғысы келетінінің белгісі. Егер бұл жоспар іске асса, украиндық аппараттар РЭК кедергілеріне қарамастан, адамның қатысуынсыз жойқөын соққы жасай алатын болады.
«МҰНАЙ САНКЦИЯЛАРЫ» ЖӘНЕ ЭКОНОМИКАЛЫҚ СОҚҚЫ
Буданов қазіргі таңда Украинаның ресейлік МӨЗ-дер мен мұнай инфрақұрылымындарына жасап жатқан жойқын соққыларын «ең сәтті санкциялар» деп атады. Бұл тактиканың екі мақсаты бар:
Біріншісі – Ресейдің ресурстарын сарқыту.
Екіншісі – Ресейдің сыртқы беделін түсіру. Яғни, Ресейді әлемдік нарықта «сенімді энергия жеткізуші» ретіндегі мәртебесінен айыру.
Сарапшылардың пікірінше, стратегиялық нысандардың соққыға алынуы тек материалдық шығын емес, сонымен қатар Ресейдің ішкі қорғаныс жүйесінің осалдығын көрсететін психологиялық соққы болып тиюде.
Кейінгі кездері халықаралық БАҚ-та айтылып жүрген «бейбіт келісімдер» мен «территориялық жеңілдіктер» туралы қауесетке Буданов өз сұхбатында нүкте қойды. Ол Украинаның ұлттық мүддеге қайшы келетін ешқандай компромиске бармайтынын кесіп айтты.
Кирилл Буданов келіссөздер туралы: «Біздің нақты ұстанымымыз, Ресейдің және басқа да әлемдік ойыншылардың да өз ұстанымдары бар. Мұның бәрін бір жүйеге келтіру қажет. Барлық тараптар [соғысты аяқтау үшін қадам жасауға дайын ба? Меніңше, дайын. Бірақ бәрі өздерінің максималистік талаптарын қанағаттандыруға тырысуда, мәселе де осында», — деді.
Будановтың бұл сөздері Ресейге ғана емес, Батыс серіктестеріне де бағытталған сигнал болса керек-ті. Украина соғысты тек қорғаныспен емес, жоғары технологиялық шабуылдармен жеңуді көздеп отыр. Егер «технологиялық тосын сый» шынымен де майдан даласына жетсе, 2026 жылдың жазы стратегиялық бетбұрыс кезеңі болуы мүмкін.
Mezgil.kz