Әлем жаппай қарулануда: Жаһандық соғыс қашан болады?

2025 жылы әлемдік әскери шығындар 2024 жылмен салыстырғанда 2,9%-ға өсіп, шамамен 2,88 триллион долларды құрады. Бұл Стокгольм бейбітшілікті зерттеу халықаралық институты (SIPRI) тіркеген ең жоғары көрсеткіш.


ChatGPT Image 28 апр. 2026 г., 19_31_46.png(Сурет ЖИ арқылы жасалды)

 

Еуропада қорғанысқа жұмсалатын шығындар 14%-ға артты. Бұл жаңа рекорд саналады. Жаһандық әскери шығындар он бірінші жыл қатарынан үздіксіз өсуде. Әскери шығындардың өсімі қарулы қақтығыстар кезеңінде іске асуда. Жалпы алғанда әскери шығындар әлемдік ЖІӨ-нің 2,5%-ын немесе 2887 миллиард долларды құрады. Бұл 2009 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш.

 

SIPRI ұйымының Әскери шығындар және қару-жарақ өндірісі бағдарламасының зерттеушісі Сяо Лянның айтуынша, әлемдегі мемлекеттер соғыстар, тұрақсыздық және геосаяси шиеленістер жағдайында қарулану бағдарламаларын кеңейткен. Оның болжамынша, қазіргі дағдарыстардың ауқымы мен көптеген елдердің ұзақ мерзімді әскери жоспарларын ескерсек, бұл өсім 2026 жылы және одан кейінгі жылдары да жалғасуы мүмкін.

 

Әскери шығындардың 58%-ы бес елдің үлесіне тиесілі. Олар АҚШ, Қытай, Ресей, Германия және Үндістан. АҚШ Конгресі 2026 жылға арналған қорғаныс бюджетін 1 триллион доллардан астам деңгейде мақұлдады, ал 2027 жылы бұл көрсеткіш Дональд Трамптың бюджет жобасы қабылданса, 1,5 триллион долларға дейін жетуі ықтимал. Бұл АҚШ-тың жаңа тарихындағы рекорд болмақ.

 

Ресей 2025 жылы әскери шығындарын 5,9%-ға арттырып, шамамен 190 миллиард долларға жеткізді. Ресейдегі әскери жүктеме 2025 жылы ЖІӨ-нің 7,5%-ын құрады. Сонымен қатар, мемлекеттік шығындардың 20%-ы әскери салаға тиесілі болды. Ресей билігі бюджеттің ашықтығына тыйым салды. Осылайша құпия шығындардың үлесі 2025 жылы 79%-ға дейін өсті. Ресей әскери шығындарын жыл сайын арттыруды жалғастырып келеді. Алайда сатып алу стратегиясы өзгеруде. Соғыс біртіндеп ресурстарды сарқылтатын ұзақ қақтығысқа айналғандықтан, Ресей шығындарды азайту үшін арзанырақ қару-жарақ жүйелерін көптеп сатып ала бастады. Атап айтқанда, ұшақтар мен танктер сияқты қымбат техниканың шығынын азайтып, арзан дрондарды көптеп сатып алуға, өндіруге тырысып жатыр.

 

Санкциялар Ресейге қосымша шығындар жүктеуде. Санкция Мәскеуді қосалқы мақсаттағы компоненттер мен озық технологияларды импорттаудың жаңа жолдарын іздеуге мәжбүр етті. Жеткізу тізбектерін қайта құру жалпы шығындардың өсуіне әкелді.

 

Ал Украина әлемде қорғаныс шығындары бойынша жетінші орында тұр. 2025 жылы ол бұл шығындарды 20%-ға арттырып, 84,1 миллиард долларға жеткізді. АҚШ тарапынан жаңа көмек міндеттемелері болмағанына қарамастан, Украина 2025 жылы серіктестерінен мемлекеттік бюджетті қолдауға 52,2 миллиард доллар алды. Бұл соғыс басталғалы бергі ең жоғары көрсеткіш және 2024 жылмен салыстырғанда 11%-ға көп.

 

Еуропаның жалпы қорғаныс шығындары өткен жылы 14%-ға өсіп, 864 миллиард долларға жетті. НАТО-ның 32 мүшесінің 23-і қорғанысқа ЖІӨ-нің кемінде 2%-ын жұмсады. SIPRI зерттеушісі Лоренцо Скараццатоның айтуынша, АҚШ Еуропаны өз қауіпсіздігі үшін көбірек жауапкершілік алуға мәжбүрлеуде.

 

Германия әлемде қорғаныс шығындары бойынша төртінші орынға жайғасты. 2025 жылы әскери шығындарын 24%-ға арттырып, 114 миллиард долларға жеткізді. Осылайша, ол қорғаныс саласына Еуропадағы НАТО-ға мүше 29 елдің ішінде ең көп қаржы жұмсаған ел болды. 1990 жылдан бері алғаш рет Германияның әскери шығындары ЖІӨ-нің 2%-ынан асып, 2025 жылы 2,3%-ға жетті. Ал Францияда 2025 жылы қорғаныс шығындары 1,5%-ға өсіп, 68 миллиард долларды құрады.

 

Таяу Шығыста қарулы қақтығыстар мен тұрақсыздық жалғасып жатқанына қарамастан, 2025 жылы әскери шығындар небәрі 0,1%-ға ғана өсті. Аймақ елдерінің көпшілігі шығындарын арттырғанымен, Израиль мен Иран керісінше қысқартты.

 

Иранда әскери шығындар 5,6%-ға азайып, 7,4 миллиард долларды құрады. Алайда бұл негізінен жылдық инфляцияның өте жоғары деңгейімен (42%) байланысты болды.

 

Израильде шығындар 4,9%-ға төмендеп, 48,3 миллиард доллар болды. Зерттеушілер мұны Газадағы бітіммен түсіндіреді. Дегенмен, елдің әскери шығындары әлі де 2023 жылғы соғысқа дейінгі деңгейден 97%-ға жоғары.

 

Азия мен Океания елдері керісінше әскери шығындарын айтарлықтай арттырды. Жалпы 8,1%-ға арттырып, 681 миллиард долларға жеткізді. Бұл 2009 жылдан бергі ең жоғары жылдық өсім. Бұл аймақтағы негізгі ойыншы — Қытай. Ол соңғы 30 жыл бойы әскери бюджетін тұрақты түрде ұлғайтып келеді. 2025 жылы Қытайдың шығындары 7,4%-ға өсіп, 336 миллиард долларға жетті.

 

Жапония 2025 жылы әскери шығындарын 9,7%-ға арттырып, 62,2 миллиард долларға жеткізді. ЖІӨ-нің 1,4%-ын деген сөз. Бұл 1958 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Тайуан да қорғаныс шығындарын 14%-ға арттырып, 18,2 миллиард долларға жеткізді.


Mezgil.kz



Сәйкес тақырыптар