Әлем қазір жаңа таласқа түсті. Ендігі бәсеке – пайдалы қазбалар қоры мен стратегиялық энергетикалық ресурстар үшін жүріп жатыр. Мұны әлем көріп-біліп отыр.

(Суреттер: eurasia.today, eadaily.com)
Қазақстан Орталық Азияның лидері әрі қазба байлыққа бай мемлекет болғандықтан, елімізге тек АҚШ қана емес, әлемнің өзге де өркениетті елдерінің назары бұрылуда. Егер бұрын Қазақстанның дәстүрлі серіктестері Ресей мен Қытай және көршілес Орталық Азия елдері болса, қазір бұл қатарға АҚШ, Еуропа, Германия, Франция, Оңтүстік Корея, Жапония және Түркия сияқты алпауыттар белсенді түрде қосыла бастады.
«The Diplomat» басылымының хабарлауынша, Қазақстан пайдалы қазбалар үшін күресте АҚШ-тың негізгі серіктесіне айналуы мүмкін. АҚШ пен Қытай арасындағы аса маңызды минералдар үшін талас біздің елге бірегей мүмкіндіктер ашып отыр. Еліміз ресурстар үшін жаһандық бәсекеде шешуші орынға ие болуы ықтимал, өйткені АҚШ стратегиялық маңызды деп таныған 50 минералдың 21-і Қазақстанда табылады. Олардың қатарында қорғаныс өнеркәсібі мен «жасыл» технологияларды дамытуда басты рөл атқаратын уран, мыс, хромит және сирек кездесетін элементтер бар.
Бұл үдеріске тіпті Дональд Трамптың отбасы да қызығушылық танытып отыр.
«Financial Times» басылымының мәліметінше, Трамптың ұлдары – Эрик пен кіші Дональд – қазақстандық вольфрам өндіруші компанияның үлесін иеленген. Бұл ынтымақтастықтың негізі өткен жылдың 22 қыркүйегінде қаланған болатын. Сол кезде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ірі вольфрам жобасын қытайлық және ресейлік үміткерлермен бәсекеге түскен америкалық Cove Kaz Capital инвестициялық тобына беру ниеті туралы хабарлады. Артынша, 2025 жылдың тамыз айында ағайынды Трамптар Dominari Securities еншілес компаниясы басқаратын арнайы құрылым арқылы Skyline Builders компаниясынан үлес сатып алды. Қазан айының соңына қарай олар компаниядағы үлестерін тағы да арттырып, шамамен 24 миллион доллар сомасындағы акцияларды орналастыруға қатысты. Сондай-ақ 31 қазанда Skyline компаниясы Азиядағы маңызды минералдар саласында активтері бар құрылымның 20 пайызын сатып алуға келісті.
Осы жылдың 30 сәуірінде Cove Kaz Capital және Kaz Resources компаниялары Skyline-мен бірігу туралы уағдаласты. Жаңадан құрылған компания Nasdaq биржасында Kaz Resources тикерімен саудаланады деп жоспарлануда. Айта кетерлігі, бұл жобалар АҚШ үкіметі тарапынан үлкен қолдауға ие. АҚШ-тың Экспорт-импорт банкі (EXIM) және Халықаралық даму қаржы корпорациясы (DFC) Орталық Қазақстандағы «Солтүстік Қатпар» және «Жоғарғы Қайрақты» жобаларын қаржыландыру үшін 1,6 миллиард долларға дейін қаражат бөлуді мақұлдаған. Қазіргі уақытта Cove Kaz осы жобалардың 70 пайызын бақылап отыр және компания басшылығы бұл істе АҚШ әкімшілігінен, соның ішінде Президенттен, Мемлекеттік хатшы Рубио мен Сауда министрі Латниктен тікелей қолдау тауып отырғандарын айтады.
Mezgil.kz