Ресей үшін Кеңес-Герман соғысындағы жеңісті атап өту үлкен идеологиялық мәнге ие. Мәскеу бұл күнді тек тарихи дата емес, қазіргі соғыспен де астастырып сипаттайды. «Украинада бас көтерген неофашизм» және «Еуропадағы реваншистік күштердің пайда болуы» іспеттес сөздерді айтып, ресейлік аудиторияны соғыс тақырыбы аясында жұмылдырып, агрессиялық саясатын ақтап алуға тырысады. Биыл Мәскеудегі парад жұпыны өтпек. Техника болмайды, уақыты да қысқарған дейді сарапшылар.

(Сурет ЖИ арқылы жасалды)
Ресей өзінің бірнеше қаласында әскери шеруді өткізбейтін болды. Жеңіс Күнін мектеп және балабақша тәрбиеленушілері атап өтпек. Ал Украинаға жақын орналасқан аймақтарда мерекелік отшашу болмайды. Мысалы Курск, Брянск, Белгород, Воронеж аймақтары биыл отшашусыз қалды. Ресей билігі бұл шешімді қауіпсіздік мәселесімен түсіндіруде. Отшашу сәтінде әуе қорғаныс жүйесіне кедергі болуы мүмкін дейді.
«Фонтанка» сайтының жазуынша Петербор қаласында да әскери техникалар шеруі болмайды. «Тіпті жыл сайын көшті бастап шығатын Т-34 танкісін де көрмеуіміз мүмкін», - дейді сайт өкілдері. Ал орталық алаңда жыл сайын үш трибуна болса, бұл жолы 300 адамға арналған бір ғана трибуна болмақ. Ал трибунада Украинадағы соғысқа қатысқан әскерилер жайғасады.
Аустрияның танымал әскери сарапшысы, тарихшы, Винер-Нойштадтдегі әскери академия оқытушысы Маркус Райснердің сөзінше, Украинаның Пермь қаласы мен Туапсеге жасаған соққылары Ресей билігіне ой салған. Киев Ресейдің батыс аймақтарын нәтижелі соққылауда. Мәскеу маңында әуе қорғаныс жүйесінің саны артуда. Алайда Украина дрондары әуе қорғанысынан сытылып өтуі де ғажап емес. Кремль бұл қауіпті де ескеруде және әскери шеруді техникасыз өткізудің бір себебі де осында дейді сарапшы.
Райснердің ойынша Ресей майдан даласына техниканы тоқтаусыз аттандыруда. «Ресурстың барлығы ұрыс даласына жұмылдырылған сәтте, әскери шеруге жүздеген техниканы шығару да қиынға соқпақ» дейді ол. Әскери техникасыз қалған бөлімшелер де Қызыл алаңдағы жүздеген техниканы көріп, билікке деген наразылығы артуы ықтимал деген де ой айтылуда.
Әскери сарапшы Ян Матвеевдің ойынша, Ресейде әскери техника жеткілікті. «Қазір майдан даласында танк, бронды техника мен артиллерияны қолдану аясы тарылды. Әскери шеруге техниканы жеткізу мүмкіндігі бар. Алайда Мәскеу парад барысында әскери техникаға шабуыл жасалуы мүмкін деп қауіптенетін болар. Оның үстіне фронттағы сәтсіздік пен самсап тұрған көптеген техниканы көрген сәтте де көпшіліктің көкейінде ыңғайсыз сұрақтардың туындайтыны анық», - дейді ол.
Тарихшы Алексей Уваровтың сөзінше, Борис Ельцин дәуірінде Жеңіс Күнін тойлау қазіргідей үлкен идеология құралы болмаған. Тек 1995-1996 жылдары Ельцин Жеңіс Күнін тойлауға ерекше мән бере бастады. Осылайша коммунистерді және Кеңестің құрсауынан енді шыққан, алайда идеологиясын әлі де ұмыта қоймаған көпшілікті өз жақтасы етуді қалады.
Артынша Путин билікті алып, Жеңіс Күнін Ресейдің басты мерекесі етуді ойластырды. Шетелдік басшыларды шақыру арқылы, мерекеге әлемдік масштаб беруді қалады. 2005-2010 жылдары Жеңіс Күні болған әскери шеруге АҚШ-тың президенті Джордж Буш, ҚХР төрағасы, Еуропа басшылары қатысты. Ресейдің сыртқы саясаттағы ұстанымына байланысты әскери шеруге келуші қонақтардың саны да азайып келеді. Қазір Мәскеудегі Жеңіс Күнін тойлауға посткеңестік елдердің басшылары ғана барады. Мәскеу тіпті COVID-19 пандемиясы қызып тұрған сәтте де әскери шеру өткізді. Осылайша Кремль идеологияның маңызды екенін көрсетті. Алайда әлем елдері Мәскеудегі шеруге бұрынғыдай назар аудармайтын болды. Тіпті әлемдік БАҚ-та да басты тақырып ретінде жазылуы сиреп кетті.
Mezgil.kz