Дүйсенбі күні Дубайдағы конференцияда БАӘ Парсы шығанағы елдерінің Иранның шабуылдарына әлсіз жауап бергенін қатаң түрде сынға алды. Парсы шығанағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі (GCC) өз тарихындағы ең әлсіз кезеңін бастан өткеріп отыр дейді БАӘ сарапшылары.
(Сурет ЖИ арқылы жасалды)
БАӘ іс жүзінде жеке бағыт ұстанатынын айтуда. Сауд Арабиясының Жидда қаласында Иранмен соғыс салдарына арналған төтенше GCC отырысы басталған сәтте, Абу-Дабиден күтпеген жаңалық шықты. БАӘ Мұнай экспорттаушы елдер ұйымынан (ОПЕК) шығатынын жариялады.
Бұл қадам ең алдымен экономикалық себептермен байланысты. Әмірліктер болашақта тәулігіне бес миллион баррельге дейін мұнай өндіру үшін шектеулерден құтылғысы келеді. Дей-тұра ОПЕК-тен шығу БАӘ-нің геосаяси бағытындағы түбегейлі өзгерісті де білдіреді. Бұл бір жағынан Сауд Арабиясымен арадағы алшақтықтың артып келе жатқанын көрсетеді.
Осыдан он жыл бұрын БАӘ мен Сауд Арабиясы ажырамас серіктестер ретінде қарастырылатын. Мұхаммед бин Салман мен Мұхаммед бин Заид аймақтағы аса ықпалды «күшті тандем» ретінде танылды. Олар бірлесе отырып радикализм мен Иран ықпалына қарсы әрекет етті, Йемендегі хуситтерге қарсы соғысқа да бірге қатысты. Екі елдің басшылары экономикаларын мұнай мен газға тәуелділіктен арылтып, әртараптандыруды көздейтін жоспарды да бірге талқылады.
Алайда сырт көзге мызғымас бірлік ретінде көрінген әріптестіктің, ішкі қайшылықтары көп еді. БАӘ ұзақ уақыт бойы ОПЕК квоталарына наразы болды. Өйткені ұйымды іс жүзінде Сауд Арабиясы басқарып келеді. Абу-Даби өндірісті жылдам арттырғысы келеді, ал Эр-Рияд мұнай бағасын ұзақ мерзімде жоғары деңгейде ұстап тұруды қалайды. Сауд Арабиясының қорлары көбірек болғандықтан, саудиттер ұзаққа созылатын тұрақты табысқа мүдделі екенін сан мәрте мәлімдеді.
Сондықтан бұл екі ел тек серіктес қана емес, аймақтағы ықпал үшін бәсекелестер де. БАӘ соңғы жылдары тәуелсіз саясат жүргізе бастады. 2020 жылы Израильмен қарым-қатынасты қалыпқа келтірді. Йеменде Саудия қолдайтын үкіметке қарсы оңтүстіктегі сепаратистерді қолдап, әскери көмек беріп, қару-жарақ жеткізді. 2025 жылдың соңында Йеменде жағдай күрт өзгерді. БАӘ қолдаған күштер оңтүстіктің үлкен бөлігін басып алды. Бұған жауап ретінде Саудия әскери қадамға барып, аумақтарды қайтарды. 2026 жылдың қаңтарында БАӘ қолдайтын күштердің шегінуіне тура келді. Қақтығыстар тек Йеменмен шектелмей, Судан мен Сомалиде де байқалды. Екі ел өзара жауласып жатқан әртүрлі тараптарды, топтарды қолдауда.
Ақпан айының соңында Иранмен соғыс басталғанда, Парсы шығанағы елдері зымырандар мен дрон шабуылдарына тап болды. Ең көп зардап шеккен ел БАӘ еді. БАӘ-ге бірнеше апта ішінде шамамен 3000-ға жуық шабуыл жасалды. Қазіргі таңда БАӘ аймақтағы араб елдерінен көңілі қалғанын ашық айтуда және Израиль мен АҚШ-тан Иранға қарсы соққыларды қайта бастауды сұрауда.
БАӘ Пәкістанға берген 3,5 миллиард долларлық несиені дереу қайтаруды талап етуде. Осылайша Исламабадтың Иран мен АҚШ арасында делдал рөлін азайтып, соғысты қайта жандандыруға кедергі болмауын ескертуде. Бұған жауап ретінде Сауд Арабиясы Пәкістанға 3 миллиард доллар несие беріп, жағдайды тұрақтандырды. Осылайша Сауд Арабиясы мен БАӘ арасындағы шиеленіс тіпті арта түсті.
ОПЕК-тен шығу арқылы БАӘ Сауд Арабиясымен арадағы алшақтықты тереңдете түсуде. Тіпті GCC-ден шығуы мүмкін деген болжамдар да бар. БАӘ сарапшыларының сөзінше АҚШ-тың Таяу Шығыстағы рөлі қорғаныс, саясат және экономика тұрғысынан өте маңызды. Дональд Трамп та ОПЕК-ті жиі сынап келеді. Сондықтан Абу-Даби бұл қадам үшін АҚШ тарапынан қолдау күтуде. БАӘ билігі Израильмен де әріптестігін арттыруды жоспарлап отыр. Ал Сауд Арабиясын БАӘ Ираннан кейінгі қауіп санайтынын аңғартуда.
Mezgil.kz