Тірі Кимнің «өлі қолы»: Солтүстік Корей кімге ядролық қару қолданбақ?

Өткен аптада елеусіз қалған, бірақ маңызы өзге еларалық қақтығыстардан бір мысқал да кем бір оқиға – Солтүстік Корей билігінің Конституцияға өзгерістер енгізуі болды.

1778486105271218.png

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

ӨЛМЕГЕН КИМНІҢ «ӨЛІ ҚОЛЫ» - ЖАҢА ЕРЕЖЕДЕ НЕ ЖАЗЫЛҒАН?

Ол бойынша: Енді біреу-міреу Ким Чен Ынды өлтірсе, Солтүстік Корей автоматты түрде ядролық соққы береді.

«Dead Man Switch» - сарапшылар жаңа ережені дәл осылай атапты. Мағыналастырып қазақшаласақ - «өлі қол» (автоматты түрдегі қарымта соққы) дегенге саяды. Былайша айтқанда бұйрықсыз әрекет ету ережесі бекітілді. КХДР заңы бойынша енді қандай да бір жау тараптың КХДР лидерінің көзін жоюы - ядролық соққының алдын алмайды, керісінше ядролық қаруды қолдануға басты себеп болады.

Сарапшылардың сөзінше, Пхеньянның мұндай шешім қабылдауына Ирандағы жағдай түрткі болған. АҚШ соққы жасап, Иранның Жоғарғы көсемі аятолла Әли Хаменейді және Иран әскери қолбасшылығын өлтірген соң, Солтүстік Корей заңға осындай өзгеріс енгізген.

Әртүрлі деректерге көз жүгіртсек, 2025-2026 жылғы есептеулер бойынша Солтүстік Корейде 100-130 дана ядролық оқтұмсық бар көрінеді. КХДР-ның ядролық арсеналының нақты саны құпия сақталғанымен, плутоний мен жоғары байытылған уран қоры елге жаңа оқтұмсықтарды, соның ішінде тактикалық қаруларды өндіруге мүмкіндік беретіндей жеткілікті.

СОЛТҮСТІК КОРЕЙДІҢ ЖАУЛАРЫ КІМДЕР?

Ашық деректерде айтылатын ақпараттарға көз жүгіртсек, Солтүстік Корейдің негізгі жау көретін елдері — АҚШ пен Оңтүстік Корей саналады. Яғни, Пхеньян бұл елдерді өз егемендігіне басты қауіп ретінде қарастырады. Мұны Ким Чен Ын да сан мәрте ашық мәлімдеген-ді.

Сондай-ақ, КХДР-ның әлеуетті қарсыластарының қатарына Жапония да жатады. Бұл үштікке Солтүстік Корейге қарсы санкцияларды қолдаған Батыс коалициясы да кіреді. Басқаша айтқанда, БҰҰ қарарларын орындайтын әлем елдерінің көпшілігін КХДР жау күштер ретінде қабылдайды.

Оңтүстік Корейді – Солтүстік Корей Конституцияға «ең басты жау мемлекет» немесе «қас жау» деп арнайылап жазып, шегелеп бекітіп қойған. Ал 2026 жылы Пхеньян билігі Сеулмен бірігу идеясынан толықтай бас тартып, Оңтүстік Корейді жекелеген «этникалық ұлт» деп бекіткен.

АҚШ-ты – Ким Чен Ын «ең үлкен жау» және «ядролық тежеудің басты нысаны» деп есептейді. 1950-ші жылдардан бері екі ел арасындағы қарым-қатынастар өте шиеленісті күйде қалып отыр, бұған КХДР-ның ядролық бағдарламасы, өзара қоқан-лоқылар, санкциялар және дипломатиялық байланыстардың жоқтығы себеп. Анығы – КХДР мен АҚШ 1950-1953 жылдардағы Корей соғысынан бері соғыс жағдайында тұр, өйткені соғыс бейбіт келісіммен емес, тек уақытша бітіммен аяқталған. КХДР зымырандық-ядролық бағдарламасын дамыта отырып, бұл қарудың тікелей АҚШ-қа қарсы бағытталғанын ашық мәлімдеп келеді. Ал АҚШ КХДР-ны «оқшауланған мемлекет» және аймақтағы басты қауіптердің бірі ретінде қарастырады. АҚШ-тың Оңтүстік Кореямен жиі өткізетін бірлескен жаттығулары Пхеньянның қитығына тиетіні де жасырын емес.

Ал Солтүстік Корейдің дос мемлекеті – Ресей. Қытай мен Ресей КХДР-ның негізгі дипломатиялық және экономикалық одақтастары саналады. Әсіресе Ресей Федерациясымен стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойылғаннан кейін бұл байланыс нығая түсті. Оған қоса, Украинаға қарсы соғыста Солтүстік Корей Ресейге ашық түрде әскери көмек көрсетіп, әскер жіберген.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар