Майдандағы 5 өзгеріс: Путин соғысты тоқтатуға мәжбүр бола ма?

Neue Zürcher Zeitung басылымында белгілі сарапшы Андреас Рюэштің Украина-Ресей соғысына қатысты сараптамалық мақаласы жарияланды. Сарапшы соғыс барысындағы басты өзгерістер туралы жазған.


ChatGPT Image 12 мая 2026 г., 13_59_07.png(Сурет ЖИ арқылы жасалды)

 

Соңғы 4 жылда Ресей Украинаға үздіксіз шабуыл жасаумен болды. Трамп билікке келген соң, Уашиңтон Украинаны ашық қолдаушы позициядан алшақтап, келіссөз ұсынушы тарапқа айналды. Трамп Киев пен Мәскеуге бірдей қысым жасап, келіссөз үстеліне отырғызуға тырысуда. Ақ үйдің Киевке қысымы кей сәтте еселеп артып, бопсаға да ұласқан сәттер бар. Мысалы барлау ақпаратын беруді тоқтату, соққы жасауда шектеулерді көбейту, қару жеткізу мерзімін ұзарту іспеттес әрекеттер болды. Алайда Украина осыған қарамастан өз позициясын сақтап қалуда және тиімсіз шартпен келісім үстеліне отыруға ниетті емес. Сарапшы жоғарыдағы фактілерді келтіре отырып, майдандағы 5 өзгерісті атады.

 

РЕСЕЙДІҢ КӨКТЕМГІ ШАБУЫЛЫНЫҢ ІСКЕ АСПАУЫ

 

Ресей 2022 жылдан бері бір жүйемен соғысуда. Мәскеу көктемде шабуылды бастап, жаз бойы ұрысты жалғастырып, күзде шабуылдың финалына жетуге тырысады. Бұл соңғы 4 жылда қайталанған сценарий. Ресей Покровск пен Северск қалашықтарын үлкен шығынмен басып алғаннан кейін, көктемде Донецк облысын толық бағындыру үшін ауқымды шабуыл бастайды деп жоспарланған. Алайда Ресейдің көктемгі шабуылы әлі басталған жоқ. Майдан даласындағы картада да айтарлықтай өзгеріс жоқ. Украина Днепропетровск бағытында қарымта шабуылға шығып, ресейлік тарап басып алған аумақтардың біршамасын қайтарды. Ал Кремльдің Краматорск пен Славянск қалаларын жазға дейін басып алу жоспары іске аспады. Бұл қалаларды Мәскеу тіпті 2026 жылы да жаулай алмауы мүмкін.

 

УКРАИНА ДРОН СОҒЫСЫНДАҒЫ БАСЫМДЫҒЫН АРТТЫРУДА

 

Ресей зымыран қоры мен әскер саны бойынша басымдыққа ие. Авиация мен флот жағынан да сөзсіз Киевтен алда тұр. Алайда Украина дрондармен майдан даласында соққы жасау бойынша алға шықты және бұл ұрыс даласындағы көріністі өзгерте бастады. Киев соңғы айларда 30-200 шақырымға ұшатын камикадзе дрондарды қолданып, майдан шебіне жақын логистикалық тораптарды соққы астына алуда. Дрондармен әуе қорғаныс жүйелеріне қарсы нағыз аңшылық басталған. 2025 жылы ресейлік бөлімшелер FPV-дрондар бойынша алда тұрса, 2026 жылы Украина басымдыққа ие бола бастады. 2025 жылдың соңында Украинада Himars-қа арналған зымырандар, Atacms пен Storm Shadow-лар қоры таусылды. Батыс аталған қару түрлерін жеткізуді тежеуде. Алайда Киев бұл мәселені өзінің алыс қашықтыққа соққы жасайтын дрондары арқылы шешуде. Соңғы жарты жылда Украина Ресейдің ішкі аудандарына соққы жасап, ондаған зауыт пен қойманы, МӨЗ-дер мен порттарды отқа орады. Бұл Ресейдің экономикасына үлкен шығын әкелуде.


РЕСЕЙДІҢ АДАМИ ШЫҒЫНЫ АРТУДА

 

Ресей соғыс барысында әскер санын үздіксіз арттыруда. Соңғы 5 айда, Ресейдің әскерге келісімшартпен қосылатын сарбаздарының саны майдан даласындағы шығынды толтыра алмайтын жағдайға жетті. Орта есеппен Ресей ай сайын 32-37 мың сарбазын жоғалтуда. Неміс экономисті Янис Клюгенің есептеуінше, 2026 жылы қаза тапқандарға төленетін өтемақы саны артқан. Кемі 25 мың отбасы өтемақы алған. Бұл санға жараланғандар кірмейді. Сарапшының есептеуінше, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда биыл Ресейде келісімшартпен соғысқа аттанушылар саны 20 пайызға азайған. Кадрлық мәселе Украинада да өткір тұр. Алайда Киев мәселені басқа жолмен шешуде. Украина адам шығынын арттыратын шабуылдар санын азайтып, майдан даласында роботты жүйелерді көбейтуде. Ал сарбаздарды дрондарды басқаруға үйретіп, қашықтықтан соққы жасау тәжірибесін арттыруда. Бұл әскер шығынын азайтуға көмектесетін тактика.

 

РЕСЕЙДІҢ СЫРТҚЫ САЯСАТТАҒЫ СӘТСІЗДІГІ

 

Ресей бір жыл бұрын Трамп әкімшілігі Украинаны капитуляциялық шешімге көндіреді деп санады. Мәскеу Трамп арқылы Киевке қысымды үдетіп, Украина әскерін Донбасстан әкету сценарийін жүзеге асыруды ойластырды. Дей-тұра, Украина Уашиңтонның қысымына төтеп беріп, АҚШ-қа қару тұрғысынан тәуелділігін азайтуға тырысты. Қазіргі сәтте Украина майдан даласындағы қарудың 60 пайыздан астамын өзі өндіруде. Ал Киевті бұл соғыста әскери және қаржылай қолдау орталығы АҚШ-тан Еуропаға ойысты. Осылайша Ресейдің бұл жоспары іске аспады. Украинаға ЕО 2 жылға арналған несие беруді құптады. Кремль Венгрияның премьері Орбан арқылы бұл несиені бұғаттауға тырысқан, алайда Орбан сайлауда жеңіліс тауып, биліктен кетті. Ресейдің сыртқы саясаттағы сәтсіздігі Венесуэла, Иран, Сирия, Малиде айқын көрінуде. Мәскеудің одақтастары бірінен соң бірі құлдырау үстінде.

 

РЕСЕЙДЕГІ НАРАЗЫ КӨҢІЛ-КҮЙДІҢ АРТУЫ

 

Путин режимі репрессиялық әрекетін күшейтуде. Соғысты сынаушылар сотқа тартылып, темір торға тоғытылуда. Мәскеу майдан даласы мен экономикадағы қиындықтарды халықтан жасыру мақсатында әлеуметтік желілерді шектеуде. Мысалы танымал Telegram желісіне қысым артты. Бұл ресейліктердің билікке деген наразы көңіл-күйін күшейтуде. Тіпті биліктік сауалнамалардың өзінде Путиннің рейтингі төмендетілді. Биліктік ВЦИОМ өз зерттеуінде екі айдың ішінде Путинді қолдаушылар санын 7 пайызға азайтып көрсетті. Бұл соңғы жылдардағы ең үлкен құлдырау саналады. Ресей экономикасы да шытынай бастады. Путин экономикадағы қиындықтарды растап, мәселені дереу шешуге бұйрық беруде. Ал бюджеттік дефицит көлемі еселеп артып, болжамды межеден екі есеге ұлғайды. Бұл соғысты жақтаушылар санын азайтып, Путинді сынаушылар санын көбейтуде.


Сарапшы аталған 5 өзгерісті тізбектей отырып, Ресейге салынған санкциялар мен соғыстағы Украинаның соққылары Ресейді теңселте бастағанын айтуда. 


Mezgil.kz



Сәйкес тақырыптар