Иран мен АҚШ-тың ядролық текетіресін Қазақстан шеше ала ма?

Бүгінгі басты әңгімені – «Иран мен АҚШ арасындағы ядролық даудың түйінін шешуде Қазақстан шешуші фактор бола ала ма» деген сұрақтың төңірегінде өрбітпекпіз...

1778578492684303.png

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

Он жылдан астам уақыт бойы әлемдік дипломатияның басты бас ауруына айналған Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі ахуал 2026 жылы жаңа сипат алғанын білесіздер.

ҚИСЫНСЫЗ ШАРТТАР: БЕЙБІТ КЕЛІСІМНІҢ АУЫЛЫ АЛЫСТА

Осының алдында АҚШ тарабы Иранға 14 тармақтан тұратын бітім шарттарын ұсынған. Онда ұрыс қимылдарын кезең-кезеңімен тоқатту, Ормузды бұғаттан шығару және Иранның ядролық бағдарламасын жою туралы жазылған. Сонымен қатар, Иранның байытылған уран қорын елден шығару жайлы айтылған.

Күні кеше Иран тарабы бейбіт келіссөздер бойынша өз ұсынысын Пәкістан арқылы АҚШ-тың қолына ұстатты. Онда ұрысты тоқтатыдың кезең-кезеңдері тәптіштеп жазылғанымен, ядролық бағдарламадан бас тарту, байытылған ураннан бас тарту жайлы сөз жоқ.

Бұл ұсынысқа АҚШ президенті Дональд Трамп бірден реакция білдіріп, «қисынсыз ұсыныс» деп атады. Тіпті, ұрыс қимылдарын қайта жандандыруға даяр екенін айтты.

ИРАННЫҢ ЯДРОЛЫҚ БАҒДАРЛАМАСЫ: ҚАЗАҚСТАН НЕ ҰСЫНДЫ?

Осы ретте Иранның ядролық бағдарламасы деген дәудей тақырыпқа Қазақстан билігі үн қатты.

Кеше Ақордада Бразилияның Сыртқы істер министрі Мауро Виейраны қабылдаған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық қауіпсіздік, ядролық қарусыздану және жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау мәселелерінде өзара күш біріктірудің маңызына тоқталды.

«Кездесуде БҰҰ және оның құрылымдарын реформалау жайы, сондай-ақ Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі ахуал қарастырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның атом қуатын МАГАТЭ бақылауымен тек бейбіт мақсатта пайдалануға бейіл екенін растады», - деді Ақорданың баспасөз қызметі.

Шынтуайтына келгенде, Қазақстан ядролық қаруды таратпау бойынша халықаралық аренада зор сенімге ие екені жасыын емес. Оған қоса, елімізде ядролық материалдарды қауіпсіз пайдалануға қажетті инфрақұрылым, сарапшылық және ғылыми-техникалық база қалыптасқан.

«Мемлекет басшысы еліміз ізгі ниет таныта отырып, Ирандағы ядролық проблематиканың шешілуіне септігін тигізуге дайын екенін мәлімдеді. Ол үшін тиісті халықаралық уағдаластыққа қол жеткізіліп, аталған мәселе нақты іске ұласуы қажет», - деді Ақорда.

Айта кету керек, соңғы айларда Батыс басылымдары Қазақстанның бұл мәселедегі рөлін арағайындықтың ишарасы ғана емес, «практикалық донорлық» деп бағалайды. Өйткені, 2013 жылы Иран мен «алтылық» (P5+1) елдері арасындағы алғашқы маңызды серпіліс дәл Алматыда өткен еді. 2015 жылы Иран өзінің байытылған уранын елден шығарғанда, Қазақстан оның орнына 60 тонна табиғи уран беріп, келісімнің іс жүзіне асуына тікелей септігін тигізді.

Оның үстіне, МАГАТЭ-нің аз байытылған уранды сақтайтын әлемдегі жалғыз банкі Қазақстан аумағында орналасқан. Қазақстан аумағында орналасқан бұл банк — ядролық отынның қауіпсіз сақталуының әлемдік кепілі. «The Times of Central Asia» атап өткендей, Иранмен жасалатын кез келген жаңа келісім байытылған материалды елден шығаруды талап етеді, ал Қазақстан — бұл материалды қабылдауға техникалық және саяси тұрғыдан дайын жалғыз бейтарап мемлекет.

Дейтұра, бұл мәселеде геосаяси және техникалық кедергілер де жоқ емес. Иранның қазіргі жинаған ураны 60%-ға дейін байытылған (қару-жарақ деңгейіне жақын). Мұндай материалды тасымалдау мен қайта өңдеу күрделірек логистиканы қажет етеді.

Халықаралық сарапшылардың пікірінше, Қазақстан ядролық проблеманы жалғыз өзі «шешіп тастай алмайды», бірақ Қазақстанның бұл мәселені шешудегі рөлі жоғары. Егер АҚШ пен Иран саяси мәмілеге келсе, Қазақстан сол мәміленің техникалық операторы мен басты кепілгері рөлін атқарауға әбден қауқарлы.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар