Мәскеу мен Ереван арасындағы араздық су жаңа деңгейге көтерілді. Жақында Ереван төрінде өткен Еуропалық саяси қауымдастықтың саммиті Кремльдің шамбайына қатты батқан сыңайлы. Әсіресе, Украина президенті Владимир Зеленскийдің Армения астанасында тұрып Ресейге қарсы өткір мәлімдемелер жасауы Ресей саясаткерлерін «бұлқан-талқан» етті. Бұл жағдайға байланысты Ресей тарапы Пашиняннан ресми түсініктеме талап етіп, оның неге Зеленскийдің сөзін бөлмегенін және антиресейлік риторикаға жол бергенін қатаң сынға алды.

(Cурет: ЖИ көмегімен)
Ресей Мемлекеттік Думасының төрағасы Вячеслав Володин бұл жиынды «достыққа жатпайтын қадам» деп атап, Арменияның бұл бағытын Украинадағы Еуромайдан оқиғаларымен салыстырып, сес көрсеткендей болды. Алайда, Никол Пашинян бұл жолы үнсіз қалған жоқ. Оның Мәскеуге қайтарған жауабы өте салқын әрі кекесінді шықты. Ол Еуропалық кеңестің саммитін еркін сөз бен саяси мінбер деп атап, кезінде Ресей президенті Путиннің де талай жиында даулы мәлімдемелер жасағанын, бірақ ол кезде ешкім өзінен реакция күтпегенін айтып салды. Бұл – Пашинянның Путинге және Мәскеудің қадағалауына ашық түрде қолды бір-ақ сілтегені ретінде бағалануда.
Кремль Арменияның Еуропаға бет бұрғанын жай ғана бақылап отырған жоқ. Деректерге сүйенсек, Ресей қазір Пашинянды биліктен кетірудің кешенді жоспарына көшкен. Бұл іске Кремльдің басты саяси технологы Сергей Кириенко жетекшілік етуде. Мәскеудің қазіргі тактикасы парламенттік жолмен немесе ресейшіл күштерді біріктіру арқылы Пашинянға импичмент жариялауға бағытталған. Оларға қазір Парламентте небәрі бірнеше депутаттың дауысы жетпей тұр, сондықтан Кириенко батысшыл депутаттарды «сатып алу» немесе өз жағына шығару үшін барын салуда.
Володиннің «Украинада бәрі осылай басталған» дегені тегін емес. Еуромайдан – 2013 жылы Украинаның Еуроодақпен интеграциядан бас тартуына байланысты басталған үлкен халықтық толқу еді. Ресей қазір Арменияны дәл осындай сценариймен, яғни мемлекеттік төңкеріс немесе азаматтық текетіреспен сескендіріп отырғандай. Сарапшылардың пікірінше, егер Ресей Пашинянды саяси жолмен кетіре алмаса, Арменияда жасанды Еуромайдан ұйымдастырып, билікті күшпен ауыстыруға талпынуы әбден мүмкін. Қазір Армения Ресей мен Батыстың үлкен геосаяси майданына айналып отыр.
Mezgil.kz