Бүгін Түркістанда ТМҰ елдері басшыларының кезекті саммиті өтуде. Ал бұның алдында Түркия президенті Ердоған елімізге мемлекеттік сапармен келген болатын.

(Суреттер: Ақорда телеграм арнасы, ieconom.kz)
Сарапшылардың пікірінше, Түркия президенті Ердоғанның Қазақстанға сапары екі ел арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеретіні шындық. Бұл тек дипломатиялық кездесу емес, сонымен бірге түркі әлеміндегі ықпал, мәдени ықпалдастық және аймақтық саясаттағы жаңа кезеңнің белгісі ретінде қарастырылып отыр.
Бұл сапардың символдық маңызы да зор. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ердоғанға жаңадан тағайындалған Қожа Ахмет Ясауи орденін табыстады. Бұл Түркия мен Қазақстан арасындағы «мәңгі достық» концепциясын саяси риторикадан нақты мәдени символға айналды. Осы туралы экономист Қабылқайратқызы Рысжанға хабарласқан едік.
«Қазақстан президенті Тоқаев пен Түркия прездиенті Ердоғанның 2026 жылдың 14 мамыр күні Тәуелсіздік сарайында өткен кездесуі – екі мемлекет үшін де тарихи маңызды қадам. Тәуелсіздігімізді алғашқы болып мойындаған бауырлас мемлекет ретінде Түркия мен Қазақстан арасында жылы лебізді қарым-қатынас әрқашан болған, ендігі қадам – экономикалық ынтымақтастықты нығайту арқылы екі елдің даму деңгейін одан сайын көтере түсу.
Бұл өз кезегінде екі мемлекетке де тиімді, неге десеңіз, Қытай - Орта Азия – Каспий - Кавказ – Түркия – Еуропа деп жалғасатын тасымал дәлізінде Қазақстан Түркия арқылы Еуропаға жол ашып, транзиттік табыстарын арттырып логистикалық хаб ретінде дами алады. Біз үшін машина құрылысын, цифрлық технологияларды, өңдеуші өнеркәсіпті мықты дамытып жатқан Түркиядан экономикалық ынтымақтастық негізінде даму тетіктерін меңгеру маңызды болып отыр.
Өз кезегінде Түркия үшін де осындай серіктестік бірқатар артықшылықтарға ие болуға жол ашады. Мәселен, шикізат ресурстарды игеру әлеуетіне ие болуға жақсы мүмкіндік туады және Қазақстан арқылы Орта Азия нарығын кеңінен ашып, аймақтық позициясын нығайта алады.
Алдыңғы жылғы деректерге көз жүгіртсек, Қазақстанның сыртқы сауда серіктестерінің ішінде Түркия бесінші орын алса, биыл өзара сауда-саттық өткен жылмен салыстырғанда бірнеше есеге өскен.
Сонымен қатар Түркияда туризм саласы мықты дамыған және қазақстандықтардың жиі баратын сүйікті елдерінің бірі болып табылады, ал серіктестігімізді нығайта түсудің арқасында Қазақстанды атажұрт деп сыйлатын түрік халқына Қазақстанның да көрікті жерлерін таныстырып, отандық туризмді дамытуға жол ашуға болады», - дейді сарапшы.
Mezgil.kz