Шахедтер мен камикадзелер: Куба АҚШ аумағын дрондармен атқыламақ па?

АҚШ-тың Куба аралы маңындағы әскери белсенділігі артты. Пентагон Кубаны әуе арқылы барлауды күшейтуде. Аралда жанармай тапшылығы апаттық деңгейге жеткен. Тұрғындар наразылық акцияларына шығып, билікке қарсы ұрандар айтуда. АҚШ-тың теңіз әскері мұхиттағы құрсауды нығайтып, танкерлерді Кубаға жібермеуде. Сарапшылар әне-міне АҚШ-тың Куба режиміне қарсы операциясы басталады деген ойда.


ChatGPT Image 18 мая 2026 г., 12_40_27.png(Сурет ЖИ арқылы жасалды)

 

Axios басылымының жазуынша, Куба Ресей мен Ираннан 300 данадан астам дрон сатып алған. Қақтығыс жағдайында Куба әскері Гуантанамодағы АҚШ-тың базасына және Ки-Уэст қаласына дрондармен соққы жасауы ықтимал дейді сарапшылар. Аталған қалада Naval Air Station Key West теңіз базасы орналасқан. АҚШ-тың шенеуніктері бұл ақпаратқа сүйене отырып, Пентагон Кубаға соққы жасау шешімін қабылдауы ықтимал дейді. «Мұндай қауіпті технологиялар біздің шекараға жақын орналасқанда және оны лаңкестерден бастап есірткі картельдеріне дейін, ирандықтар мен ресейліктерге дейін әртүрлі топтар қолдануы мүмкін болғандықтан, бұл үлкен алаңдаушылық туғызатыны анық. Бұл қауіп артып келеді», - дейді Пентагон өкілдері.

 

АҚШ-тың ОБҚ (ЦРУ) директоры Джон Рэтклифф өткен аптада Кубаға барды. Ол Куба билігін АҚШ-қа қарсы әрекет етуден сақ болуға шақырды. Сонымен бірге Кубада үлкен өзгерістер болу керектігін айтқан. Рэтклифф Кубада енді Қытай, Ресей және Иран еркін әрекет етіп, АҚШ-қа қарсы айла-шарғы ұйымдастыра алмайтынын ескерткен. Кубада режим ауысса немесе шынайы демократиялық өзгеріс болса, АҚШ билігі санкцияларды алып тастауға дайын екенін айтуда.

 

АҚШ-тың барлау қызметінің мәліметінше, 2023 жылдан бастап Куба билігі Ресейден түрлі типтегі дрондарды сатып алуда. Дрондар Кубадағы базаларда, дрон ұшыруға мүмкіндік беретін биіктіктерде орналастырылған. Куба соңғы айларда Ресейден көбірек қару алуға ниетті екенін білдірген.

 

Уашиңтонның мәліметінше, Кубаның 5 мыңнан астам сарбазы Ресей тарапында Украинаға қарсы соғысқан. Олар заманауи соғыста тәжірибе жинап қайтқан. Дрондарды қолдану және олардан қорғану тәсілдерін меңгерген. Ал Ресей әр сарбаз үшін Куба билігіне 25 мың доллар қаржы төлеген. Кубадағы режим Ресейдің тәжірибесімен бірге, Иранның да соғыс жүргізу тәсілдерін қарастырып, зерттеуге тырысуда. Әсіресе теңіз миналарын орналастыру, жағалауды миналау әдістерін меңгеріп жатыр дейді мамандар.

 

АҚШ билігі Кубаның әрекетін үлкен қауіп санамайды. Алайда аралдың АҚШ-қа қарсы күштердің базасына айналуына жол бермейтінін айтуда. Пентагон Куба әскеріне қарсы әрекет етудің бірнеше сценарийін қарастыруда. Ал соңғы шешімді Трамп қабылдамақ.


Mezgil.kz



Сәйкес тақырыптар