NYT: АҚШ пен Израиль Ахмадинежадты Иранның басшысы етпек болған!

The New York Times басылымы АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы басталған сәтте, Иран билігіне келіссөз жүргізуге қабілетті тұлғаны әкелуді ойластырғанын жазды. Иранның көсемі Әли Хаменеи мен бірнеше беделді шенеунік өлтірілген соң, Трамп әкімшілігі Иранда кімнің тізгінді ұстайтынын болжай бастады. Трамптың өзі «Иранның ішінен келіссөз жүргізуге бейім біреу тізгінді ұстаса, Иран үшін ең пайдалысы сол болар еді» деді.


ChatGPT Image 20 мая 2026 г., 13_47_23.png

 (Сурет ЖИ арқылы жасалды)


NYT басылымының сөзінше, АҚШ пен Израиль билікті Иранның бұрынғы президенті Махмұд Ахмадинежадтың алғанын қалағаны туралы мақала жазды. Ахмадинежадты билікке қайта әкелу жоспарын Израиль сарапшылары құрды. Ахмадинежад 2005-2013 жылдары Иранның президенті болды. Ол билік басында болған сәтте, Израильді жою керектігін бірнеше мәрте мәлімдеп, Холокостты жоққа шығарды. Осыған қарамастан Израиль билігі оны келіссөз жүргізуге қабілетті және шарттарды қабылдайтын тұлға санаған.

 

NYT-тің жазуынша, соғыстың бірінші күні Тегерандағы Ахмадинежадтың үйіне соққы жасалған. Ахмадинежад үйқамақта еді. Израиль Сақшылар корпусының күзетшілерін жою арқылы, оны қамақтан босатуды ойластырған. Алайда соққы сәтінде Ахмажинежад жарақат алып, «мемлекеттік төңкеріс ұйымдастыру жоспарынан бас тартты» дейді басылым. Сол сәттен кейін Ахмадинежад көпшілік алдына көп шықпайтын болды. Соңғы мәрте ол наурыздың орта шегінде, Тегеран көшелерінің бірінде бой көрсетті. Қазір экс-президенттің қайда екені белгісіз.

 

Газеттің жазуынша, Ахмадинеджадты билікке әкелу жоспары қалай ойластырылғаны егжей-тегжейлі тұрғыдан белгісіз болып қалуда. Израиль билігі Ирандағы теократиялық билікті құлатып, орнына діни шартпен емес, реализм ережелерін құп көретін саясаткерді әкелуді қалаған. Трамп пен Нетаньяху бұл жоспарды қолдаған, алайда Трамптың кей кеңесшісі жоспардың сәтті аяқталарына күмән келтірген.

 

Ахмадинежад Иранның діни билігімен қырғи-қабақтық қатынаста. Иранның саяси билігі оны сайлауға түсу құқығынан шектеп тастаған. Ал мүлкінің жартысын Сақшылар корпусы тәркілеген еді. Соған қарамастан Иранның саяси элитасы мен қоғамы оны беделді тұлға санайды.

 

2019 жылы The New York Times басылымына Ахмадинежад сұхбат беріп, сұхбат барысында Трампты мақтап, АҚШ пен Иран арасындағы қатынасты қайта қарауға шақырған болатын. Ол: «Трамп істің адамы. Ол нағыз кәсіпкер, демек шешім қабылдар сәтте оның шығыны мен пайдасын бірдей есептейді деген сөз. Біз оған екі елдің арасындағы пайданы арттыратын ұсыныс жасасақ, жаңылыспайтын сияқтымыз», - деген еді.

 

Иран билігі Ахмадинежадты және оның жақтастарын «тым батысшыл» деп айыптаумен келеді. Тіпті «АҚШ пен Израиль пайдасына тыңшылық жасады» деп мәлімдеген сәттер де болды. Алайда оның бірде біреуі дәлелденген емес.

 

Соғыс алдында Ахмадинежад Венгрияға сапарлап барып, Виктор Орбанның досының шақыртуы бойынша университетте дәріс оқыды. Виктор Орбан және оның жақтастары Трамп және Нетаньяхумен тығыз байланыстағы тұлғалар саналады. Сарапшылар бұл сапар барысында бейресми келіссөздер де өтуі мүмкін деген болжамды айтуда.

 

Махмұд Ахмадинежад ұзақ жылдар бойы Иранның ішкі саясатында түрлі қызметте болды. 2003 жылы Тегеран мэрі болып сайланды. Ал 2005 жылы сайлауда жеңіске жетті. Ол екі мерзім қатарынан Иранның президенті болды. Президенттік қызметінде АҚШ пен Израильді айыптап, ядролық бағдарламаны күшейтумен айналысты. Алайда қызметінің соңғы жылдарында Аятолла Хаменеимен ішкі қайшылығы артты. Соңғы жылдары ол президенттік билікті күшейтіп, Аятолланың және Сақшылар корпусының әлеуетін азайту керектігі жайлы ойларын ашық айтумен келеді.


Mezgil.kz

 

 



Сәйкес тақырыптар