Зеленскийдің жанкешті жеті жылы: Путинмен ұзаққа созылған соғыс...

7 жыл бұрын – 2019 жылдың 20 мамыры. Зеленский ресми түрде Украина президенттігіне кіріскен күн. Ол кезде Зеленский небәрі 41 жаста еді.

1779279799504939.jpg

(Коллаж: Mezgil.kz)

ЗЕЛЕНСКИЙ – БАСҚЫНШЫЛАРМЕН СОҒЫС...

Дей тұра, Украинаның жер дауы сол кездің өзінде-ақ өзекті болып тұрған. Оған дейін Ресей 2014 жылдың наурызында Украинадан Қырым түбегін аннекциялап алған болатын. Одан кейін Донбаста, яғни Донецк пен Луганск облыстарында сепаратистер бас көтере бастап, 2014 жылдың көктемінен бастап аймақта қарулы қақтығыстар тұтанды. Зеленский Украина тізгінін дәл осындай алмағайып, аласапыран кезеңде қолға алды. Ал 2022 жылдың 24 ақпанында Ресей Украинаға қарсы ауқымды соғыс бастады, бұл қанды соғыс күні бүгінге дейін жалғасып келе жатыр.

РЕСЕЙДІҢ ЖАУЛАП АЛҒАН ЖЕРЛЕРІ...

2026 жылғы қазіргі деректерге сүйенсек, Ресей Украина территориясының шамамен 18 пайызға жуығын (бұған 2014 жылы басып алынған Қырым мен Донбасстың бір бөлігі де кіреді) басып алған. Халықаралық барлау мәліметтері мен әскери сарапшылардың есептері бойынша, осы уақытқа дейін Ресей тарапынан қаза тапқандар мен жараланғандардың жалпы саны 1,5 млн адамнан асып жығылады.

Ал Украина тарабының да әскери және бейбіт тұрғындар арасындағы адам шығыны өте үлкен – ондаған мың сарбаз қаза тауып, жүздеген мыңы жараланды, сондай-ақ мыңдаған бейбіт тұрғын қаза тапты.

Негізінен Зеленскийдің бес жылдық президенттік өкілеттілігі 2024 жылдың 20 мамырында аяқталуы керек болатын. Алайда елдегі соғыс пен соған байланысты енгізілген әскери режимге байланысты сайлау өткізу мүмкін болмады. Содан бері Зеленский өз қызметін заңды түрде жалғастырып келеді. Дегенмен, Ресей тарапы бейбіт келіссөз мәселесінде Украинада президент сайлауының өтпегенін және Зеленскийдің ресми бес жылдық мерзімі аяқталғанын жиі алға тартып, оның легитимділігіне күмән келтіруге тырысады.

ЗЕЛЕНСКИЙ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРДІ?

Владимир Зеленский осы 7 жыл ішінде айтарлықтай өзгерді. Әуелде саясаттан алыс, аңғалдау әрі амбициясы басым болған. Қазір әлемнің алпауыттарымен тең сөйлесетін күрескер саясаткерге айналды. Оны дәл осылай өзгерткен – соғыс. Ол Ресейдің толық ауқымды соғысы басталып, жау әскері Киев түбіне жеткенде де елін тастап қашпады. Басқыншылармен табан тіресін күресті. Сол күресін әлі күнге жалғастырып келеді.

Зеленский президенттікке отырғалы бері Ресей президенті Владимир Путинмен тек 1 рет қана (2019 жылы Париждегі саммитте) бетпе-бет кездесті. Ал АҚШ президенті Дональд Трамппен осы уақытқа дейін кемінде 6-7 рет жүзбе-жүз жүздесті. Олар алғаш рет 2019 жылы Нью-Йоркте кездессе, кейін 2024 жылы АҚШ-тағы сайлау алдында және Парижде бас қосты. Сондай-ақ 2025 жылы Ақ үйдегі үлкен талқылау тудырған даулы кездесу мен Ватикандағы қысқа жүздесуде де маңызды мәселелерді талқылады. Кейін Ақ үйде қайта кездесу өтті. Осы кездесулердің барлығындағы ең басты мәселе – Украинаның жерін қайтару және елде бейбітшілік орнату болды.

Жеті жылдық президенттік мерзім, оның ішінде төрт жылға созылған ауқымды соғыс президент Зеленскийді айтарлықтай өзгертті. Бірақ, ол әлі күнге өз елін, өз жерін басқыншыдан қорғаушы, күрескер президент!

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар