Ресей экономикасы һәм Орталық Банк шешімі: Алтын сатамыз! Алтын!

Ресейлік сарапшылар экономика саласындағы қиындықтардың артқанын айтуда. 2026 жылы Ресейдің алтын қоры төртінші ай қатарынан азаюда. Бұл туралы Ресейдің Орталық Банкі ресми мәлімдеді.


ChatGPT Image 21 мая 2026 г., 14_17_26.png(Сурет ЖИ арқылы жасалды)

 

2026 жылдың, 1-мамырындағы дерек бойынша, Ресейдің алтын қорында 73,9 млн унция алтын құймалары болған. Жыл басынан бері Ресейдің қоры 900 мың унцияға азайған. Осылайша Ресейдің алтын қоры 2022 жылдың мамырындағы көрсеткішке дейін құлаған.

 

Егер тоннамен есептейтін болсақ, Ресей қаңтар-сәуір айларында Алтын қорынан 27,9 тонна алтын сатқан. Бұл 4 айдың ішінде сатылған ең көп алтын саналады. Соңғы рет мұндай жағдай Ресейдің алтын қорында 2002 жылы болған. 2002 жылы Ресей билігі бірнеше айда 41,5 тонна алтын сатқан еді. Бұл шешім ауыр қаржылық дағдарыспен байланысты қабылданған болатын.

 

Ресейдің Орталық Банкі соңғы жиырма жылдан астам уақыт ішінде алтын сатып алып отырды. Жылына жүздеген тонна көлемінде алтын алумен болды. Бірде-бір рет алтын қорын айына 100 мың унциядан (3,1 тонна) артық қысқартқан емес. Оның өзі тек  монета соғу үшін ғана пайдалануға қолданылды. 2005 жылдың шілдесінде Орталық банктің балансынан 7,7 тонна алтын сатылып, Ресей сарапшылары қызу талқыға салды. Экономикадағы қиындықтар жайлы айтып жатты. Алайда 2026 жылғы сатылым бұл рекордтан 3,5 есе асып түсті. Осылайша Ресей экономикасындағы қиындықтардың тіпті артқаны байқалды.

 

Freedom Finance Global сарапшысы Наталья Мильчакова алтынды сату операцияларын былай түсіндіруде: «Ең алдымен, наурыз айының соңына қарай 4,6 трлн рубльге жеткен бюджет тапшылығын жабу үшін қаржылық операциялар іске асуда. Жыл басындағы мұнай-газ кірістерінің төмен деңгейін ескерсек, Орталық банктің араласуынсыз бұл көрсеткіш 5 трлн рубльден асып кетуі мүмкін еді. Сол үшін де осындай әрекеттер жасалуда», - дейді ол.

 

«Бұдан бөлек, алтынды сату шетел валютасының қорын толтыруға бағытталған болуы мүмкін. Жыл басындағы экспорттық табыстың әлсіздігінен шетелдік валютаның тапшылығы туындады. Қымбат металл юаньға айырбасталды», — дейді Наталья Мильчакова.

 

Ресей билігі 2022 жылдан бері бюджет кірісін толықтыру үшін Ұлттық әл-ауқат қорындағы валюта мен алтынды белсенді түрде сатып келеді. Өйткені әскери шығындар кеңестік кезеңнен бергі ең жоғары деңгейге жетті. Алайда соңғы уақытқа дейін алтынмен жүргізілген операциялар тек «виртуалды» сипатта болды. Үкімет қымбат металды нарықта емес, Орталық банкке сатты. Яғни алтын қорын іс жүзінде «бір қалтадан екінші қалтаға» ауыстырғандай болды. Нәтижесінде алтын құймалары елдің алтын резервтерінің құрамында қала берді. Оның көлемі 2 мың тоннадан асады және бұл көрсеткіш бойынша әлемде бесінші орында тұр.

 

Бірақ 2026 жылдың басынан бастап жағдай өзгерді. Орталық банк алтынды нақты сатуды бастады. Экономистер Александра Прокопенко мен Александр Коляндр жазғандай, бұл Орталық банктің қолда қалған юань резервтерін толықтай «жұмсап жібергісі келмейтінімен» байланысты болуы мүмкін. Юань — Орталық банк үшін нарықтағы операциялар мен рубль бағамына ықпал етуге мүмкіндік беретін соңғы қолжетімді валюта. Ал алтын-валюта резервтерінде қанша юань қалғаны нақты белгісіз. Санкцияларға ұшырағаннан кейін Орталық банк резерв құрылымы туралы статистиканы құпияландырып тастады. Сол себепті де Ресейде нақты қанша алтын-валюта қалғаны белгісіз.


Mezgil.kz



Сәйкес тақырыптар