Соғыс басталғаннан бері Ресейдің сауда-саттық географиясы айтарлықтай өзгерген екен. Бұрын саудасының денін Еуропамен жасайтын Ресей қазір Бейжіңге тәуелді бола түскен.

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
ШИ ПУТИНДІ АРҚАСЫНАН ҚАҒЫП, ҚҰР ҚОЛ ШЫҒАРЫП САЛДЫ...
Ресей президенті Владимир Путиннің жуырда Бейжіңге жасаған сапары саяси тұрғыдан ешқандай жаңалықсыз аяқталды. Кремль Мәскеу мен Бейжіңнің ынтымақтастығы мен «көпполярлы әлемді» қалыптастыру туралы мәлімдеме жасаумен шектелді. Онысы көлемі жағынан ұзын-сонар болғанымен, мазмұны жағынан өте-мөте жұтаң мәлімдеме болып шықты.
Сапардың басты нәтижелерінің бірі ретінде екі ел арасындағы өзара визасыз туристік сапарларды ұзарту жоспарын айтуға болады.
ҚЫТАЙ – РЕСЕЙДІҢ ЕҢ ІРІ САУДА СЕРІКТЕСІ...
2022 жылдан бері солай. Қытай кеденінің мәліметі бойынша, 2025 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 227,5 миллиард долларды құрапты. Бұл пандемияға дейінгі және соғысқа дейінгі жылдармен салыстырғанда екі есе көп көрсеткіш. Қазіргі таңда Қытайдың Ресейдің сыртқы саудасындағы үлесі 33 пайызға жуықтаған. Нақпа-нақ статистика былай - соғысқа дейін Ресейдің сыртқы саудасындағы 40 пайызға жуық үлесі Еуропа одағының елдеріне тиесілі болса, қазір бұл Қытайдың еншісінде.
РЕСЕЙ ҚЫТАЙҒА НЕ САУДАЛАП ОТЫР?
Ресей Қытайға негізінен шикізат сатады. 2019 жылдан бері ресейлік экспорт екі есе өсіп, 61 миллиардтан 124,1 миллиард долларға жеткен. Атап айтқанда Ресей Қытайға – металлургиялық өнімдер, ағаш, балық, тыңайтқыштар саудалайды. Соның ішіндегі ең бастысы — мұнай мен газ.
Соғыс басталғалы бері ресейлік шикізат жеткізу сандық мәнде 40 пайыздан аса өскен. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, Ресей Қытайдың мұнай нарығында 17 пайыз, газ нарығында 24 пайыз үлеске ие болып, ең ірі жеткізушіге айналған.
Алайда, егер Еуропа бұрын премиум нарық болса, Бейжің шикізатты әлемдік бағадан төмен жеңілдікпен сатып алуда.
Гайдар институтының есептеуінше, соғыстың алғашқы жылында мұнайға жасалған жеңілдіктер 15 пайызға жеткен, кейін бұл көрсеткіш қайта өскен. «Сібір күші» газ құбыры жобалық қуатына жеткенімен, Кремль мүдделі болып отырған «Сібір күші-2» жобасы бойынша келіссөздер әлі де шешімін таппай тұр. Бейжің Мәскеуден адам шошырлық жеңілдіктерді талап етуде.
ҚЫТАЙ РЕСЕЙГЕ НЕ САУДАЛАП ОТЫР?
Қытайдан Ресейге ағылып жатқан импорт көлемі де 2019 жылдан бері 2 есеге өскен. Қазір Ресейге саудаланатын барлық тауардың шамамен 36 пайызы Қытай үлесінде. Бұған өнеркәсіптік жабдықтар, тоқыма өнімдері, жиһаз және тұрмыстық техника кіреді. Тек электронды құрылғылардың өзі өткен жылы 6 миллиард доллардан асқан. Дегенмен, импорттың ең ірі көлемі — көлік құралдары. 2025 жылы Қытай Ресейге 13 миллиард доллардан астам сомаға жеңіл және коммерциялық автокөліктер, арнайы техника мен бөлшектер жеткізген.
Автокөлік өнеркәсібі — қытайлық бизнестің Ресейдегі экспансиясының айқын көрінісі. Батыстық компаниялар кеткеннен кейін бос қалған зауыттардың көпшілігінде қазір қытайлық автомобильдер құрастырылуда.
ҚЫТАЙ РЕСЕЙДІ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТҰРҒЫДА ЖАУЛАП ЖАТЫР...
Қытай экономикасының ауқымымен салыстырғанда, бұл қарым-қатынасты тең дәрежелі деп айту қиын. Ресейдің қытайлық тауарларға тәуелдігілі еселеп артқан. Соған қарамастан, Ресейдің Қытай үшін маңызы артты: соңғы жылдары Ресей Қытайдың ірі сауда серіктестерінің тізімінде 12-орыннан 7-орынға көтеріліп, Германия мен Бразилияны басып озды.
Батыстық БАҚ-тың пікірінше, бұл сапар Ресейдің «кіші серіктес» екенін тағы бір мәрте айқындады.
«Bloomberg» агенттігінің жазуынша: Путин мен Ши 40-қа жуық келісімге қол қойғанымен, басты мақсат — «Сібір күші-2» құрылысына қатысты келісімге қол жеткізе алмаған.
«The Washington Post» болса: «Ши төраға жаһандық ықпалды ойыншы, ал Путинді тәуелді серіктес», - деп сипаттайды.
Путиннің Бейжіңге жасаған сапарының протоколы да символикалық мағынаға ие болды. Трамптың сапарымен салыстырғанда, Путинді қарсы алу рәсімі қарапайымдау өтті. Қытай лидері Ши еш аспай-саспай, тек жалпы сөздермен шектелді. Бейжің өзін АҚШ пен Ресей арасындағы үштағанның орталығы етіп көрсетті.
Қорытындылай келе, бұл сапар Ресей үшін халықаралық оқшауда еместігін көрсетуге арналған сахна болса, Қытай үшін өз позициясын нығайтып, «кіші серіктесін» толық бақылауда ұстап отырғанын әлемге паш етудің кезекті мүмкіндігі болды.
Mezgil.kz