Соңғы уақытта Орталық Азия елдері арасында жаңа логистикалық маршруттарды дамыту және баламалы көлік дәліздерін іздеу ісі қарқынды жүруде.

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
ҚАЗАҚСТАННЫҢ БӘСІ – ТРАНСКАСПИЙ КӨЛІК БАҒЫТЫ...
Осы тұрғыда Қазақстан шығыс пен батысты жалғайтын маңызды – Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТМТМ) дамытуға мүдделілік танытып, өз транзиттік әлеуетін нығайтуды көздеп отыр.
Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ, сондай-ақ «Орталық дәліз» немесе «Middle Corridor» ретінде де белгілі) — бұл стратегиялық маңызы бар еуразиялық мультимодалды логистикалық дәліз. Ол Қытайдың, Орталық Азия елдерінің (соның ішінде Қазақстанның) көлік желілерін Қапқаз аймағымен, Түркиямен және Еуропамен байланыстырады.

(Сурет: middlecorridor.com)
Маршруты былай: Қытайдың Лянюнган портынан шыққан жүк Шиан мен Үрімші арқылы Қазақстанның Қорғас, Достық шекарасына жүріп жетеді. Онан ары Қазақстанның темір жолы арқылы (80 пайыз жол) Ақтау мен Құрық порттарына жеткізіліп, әрі қарай Каспий арқылы Әзірбайжанның Алят портына, онан әрі теміржол арқылы Гүржістанға (Тблиси) жеткізіледі. Гүржінің Поти портына жеткен жүк Қара теңіз арқылы Еуропаға аттанады немесе Гүржістанның Тблисиінен Түркияға жетіп, әрі қарай Еуропаға жол тартады. Қытайдан бет алған жүк ұзын-ырғасы 15-20 күнде Еуропаға жетеді. 2025 жылдың есебі бойынша, бұл бағыт бойынша жүк тасымалы 4,7 млн тоннаға жеткен.
«СОЛТҮСТІК – ОҢТҮСТІК» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨЛІК ДӘЛІЗІ
Алайда, аймақтағы өзге мемлекеттер, әсіресе Қырғызстан мен Өзбекстан өзара ынтымақтаса отырып, Қазақстан аумағын айналып өтетін жаңа бағыттарды белсенді түрде қолға алуда.
Бұл үрдістің бір көрінісі ретінде – Астрахан облысының су көлігі саласындағы бастамаларын атауға болады. Астраханның аймақтық билігінің айтуынша, бұл өір «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің маңызды торабына айналуға дайын. Ал бұл бағыт Санкт-Петербургтен басталып, Қазақстан, Әзірбайжан, Иран арқылы Үндістанға дейін созылады. Ресей тарапы бұл жобаның жүк тасымалдау құны мен уақытын екі есеге дейін қысқартатынын алға тартып, 2030 жылға қарай жүк ағынын бірнеше есеге арттыруды жоспарлап отыр.

(Сурет: yuz.uz)
ҚЫРҒЫЗ БЕН ӨЗБЕК ҚАЗАҚСТАНДЫ АЙНАЛЫП ӨТПЕК...
Сонымен қатар, Өзбекстан мен Қырғызстан да Ресеймен сауда байланысын Қазақстанды айналып өтіп, Түркіменстан мен Каспий теңізі арқылы жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруда.
Сөйтіп, аймақтағы көршілес елдер Қазақстанды да, Ресейді де айналып өтетін теміржол желілерін салуға келісті. Мәселен, Өзбекстан, Әзірбайжан және Грузия арасындағы жаңа келісім Транскаспий бағытын одан әрі дамытуға бағытталған. Бұл жоба Қытайдан шыққан жүктерді Қазақстаннан бөлек, Қырғызстан мен Өзбекстан арқылы Каспий теңізіне, одан әрі Әзірбайжан мен Грузия арқылы Түркия мен Еуропаға жеткізуге мүмкіндік береді.
Осы арқылы дәстүрлі бағыттарға түсетін жүктеме азайып, жүк ағынын әртараптандыру көзделуде. Қазіргі уақытта Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан теміржол құрылысы бойынша жұмыстар жүріп жатыр, ал 2025 жылдың ортасында осы бағыт бойынша алғашқы жүк құрамы жолға шықты.

(Сурет: asiaplustj.info)
ЕҢ АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАРДЫҢ БІРІ – ТРАНСАУҒАН ТЕМІРЖОЛ ДӘЛІЗІ
Өзбекстан, Ауғааныстан және Пәкістан үштігі «Термез – Мазари-Шариф – Кабул – Пешавар» бағытындағы теміржол құрылысына қатысты келісімдерге қол қойды. Бұл бағыт Еуразия құрлығы үшін стратегиялық мәнге ие, өйткені ол Орталық Азияны Оңтүстік Азиямен, соның ішінде Пәкістан мен Үндістан секілді ірі нарықтармен тікелей байланыстырады. Жоба жүк тасымалдау мерзімін 5 күнге қысқартып, құнын кемінде 40 пайызға төмендетеді деп болжануда.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің сөзінше, мұндай инфрақұрылымдық өзгерістер аймақтың экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етіп, әрбір қатысушы мемлекетке транзиттік табыс әкеледі.
Дегенмен, Ауғаныс арқылы өтетін бұл жобаның іске асуына қауіпсіздік мәселелері мен аталған елдің халықаралық деңгейдегі саяси мәртебесі әсер етуі мүмкін. Қаржыландыру жағынан Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі және басқа да ірі халықаралық қаржы институттары қызығушылық танытқанымен, түпкілікті келісімдер әлі де пысықталуда.
Барлық жобалар толық жүзеге асқан жағдайда, Орталық Азияның логистикалық картасы түбегейлі өзгереді. Бұл Қазақстанның аймақтағы бұрынғы басым транзиттік рөліне бәсекелестік тудырып, көрші елдердің әлемдік нарыққа шығу мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтетіні анық.
Mezgil.kz