Запорож облысындағы кішігірім Малая Токмачка (Кіші Токмачка) елді-мекені үшін қиян-кескі шайқастар жалғасуда. Украинаның 118-ші бригадасы аталмыш елді-мекенді 1500 күн бойы қорғап, Украинаның Гиннесс рекордтар кітабына енді. Рекорд ресми тіркеліп, арнайы куәлік те берілген.

(Сурет ЖИ арқылы жасалды)
Соғысқа дейін Малая Токмачка ауылында 3 мыңға жуық адам тұрған. Ресейдің қорғаныс министрлігі бұл ауылды басып алғаны туралы ондаған мәрте мәлімдеді. Ресейлік БАҚ-тарда 2023 жылдан бері Малая Токмачканы басып алғаны туралы хабарламалар үздіксіз жарияланып келеді. Тіпті, ресейлік пропаганда өкілдері де бұл тақырыпты жеке талқылап, бірнеше бағдарлама арнаған. Ресейлік Z-блогерлердің кейбірі Малая Токмачка туралы сюжеттер жасаса, енді бірі бұл тақырып арқылы Ресейдің қолбасшыларын келекеге айналдыруда.
Ресей Малая Токмачка ауылына бірнеше мәрте диверсиялық топтарды кіргізуге тырысты. Ал 2024 жылы ауыл үшін ауыр шайқастар басталды. Ресей әскері ауылға жақын орналасқан Новопокровка ауылын басып алып, Малая Токмачканы жылдам өз бақылауына алуды ойластырды. 2025 жылы ауыл толықтай қиратылды. Ресей әскері ауылды үздіксіз артиллериялық соққы астына алып, жүздеген тонна бомба тастауда.
Малая Токмачка ауылы логистикалық тұрғыдан маңызды елді-мекен саналады. Ауыл Ореховке апаратын 0815 трассасында орналасқан. Ресей әскері Гуляйполе мен Орехов бағытындағы шабуылды үдетіп, логистикалық тораптардың барлығын өз бақылауына алуға тырысуда. Украина әскері Малая Токмачка ауылында қорғаныс шебін құрған. Ауылдың бір шеті Конка өзеніне тірелсе, енді бір бұрышы биіктікте орналасқан. Ресей әскері ауылға бірнеше мәрте кірген, алайда украин жасақтары қарымта шабуылмен ауылды басқыншылардан азат етумен келеді.
2025 жылдың 17-қарашасында Ресейдің қорғаныс министрі Андрей Белоусов 42-ші мотоатқыштар дивизиясын Малая Токмачканы басып алуымен құттықтады. Алайда Ресей басып алды деген ауылды көп ұзамай Украина қайта өз бақылауына қайтарып, Ресей жасақтарын тықсыра қуып шықты.
Ресейлік телеграм арналар да бұл ауылға қатысты шайқастар туралы шындықты жаза бастады. «Военный осведомитель» (Z-арна) арнасы 2025 жылы Малая Токмачкадағы шайқастар туралы жазып, Ресейдің қорғаныс министрлігінің мәліметтерін жоққа шығарды. «Братья по оружию» (ресейлік арна) арнасы да ауылдың украин жасақтарының бақылауына өткенін, ресейлік сарбаздардың қоршауға түсіп, қырғынға ұшырағанын меңзей отырып жазба қалдырды.
2026 жылы Малая Токмачка атауы Ресей мен Украинаның ақпарат көздерінен басқа, Еуропа, АҚШ және ТМД аймағына да кең танымал болды. Ресейлік әскери сарапшы Борис Рожин бір жылдан астам уақыт бойы Малая Токмачка ауылы маңындағы шайқастар туралы айтып, ол мәлімдемелері біртұтас видеоға біріктіріліп, кейін әлеуметтік желіде кеңінен таралды. Артынша бұл сөздер мемге айналды. Ол өз мәлімдемелерін Первый каналдағы «Время покажет», «Большая игра» бағдарламаларында жасаған.
Телеграмда тіпті «Взята ли Малая Токмачка?» атты сатиралық арна да пайда болды. Онда ауыл маңындағы шайқастар туралы күнделікті ақпараттар жарияланып тұрады.
2026 жылдың қаңтарында Ресей әскері Малая Токмачкаға ауқымды шабуыл жасады. Тіпті ауылдағы теміржол станциясына дейін жетті. Алайда Украина жасақтары дрондармен соққыны үдетіп, Ресей әскерін ығыстырып тастады. Бүгінде ауыл толықтай қирандыға айналған. Сарапшылар ауылды басып алу әрекетінде осы уақытқа дейін бірнеше мың сарбаздың опат болып, жүздеген техниканың жойылғанын айтуда.
«Новая газета» басылымы Украинада ұзақ уақыт бойы ұрыс қимылдары жүріп жатқан елді-мекендердің көп екенін айтуда. Мысалы Харьков аймағындағы Волчанск қалашығы үшін ауыр шайқастар 2024 жылдың мамырынан бері жүріп жатыр. Дәл осы бағытта Липцы ауылы үшін шайқас 2024 жылдан бері жалғасуда. Ресей әскері кей ауылдарды 2023 жылдан бері шабуылдап келеді.
Mezgil.kz