Еуропа елдері Ресейдің алдағы уақытта ауқымды агрессияға көшіп, ЕО аумағына шабуыл жасауы ықтимал екенін айтуда. Бұл туралы The Wall Street Journal басылымы жазды. Еуропалық шенеуніктер Путиннің соғысты Украина аумағынан өзге географиялық кеңістікке шығаруы мүмкін екенін болжауда.
(Сурет ЖИ арқылы жасалды)
Еуропаның ұлттық қауіпсіздік саласындағы бірнеше шенеунігі Ресей билігі НАТО-ның ішкі бірлігін тексеру үшін Балтық елдерінің біріне шабуыл жасауы мүмкін дейді. Кремльдің Балтық теңізіндегі швед немесе дат аралдарына басып кіруі ықтимал екенін айтуда. Арктикадағы альянс аумақтарына соққы беруі мүмкін екенін де ескертіп отыр.
«Соңғы 24 айда Еуропадағы қауіпсіздік жағдайы нашарлады. Біз Ресейдің гибридтік операцияларға жиі барғанын көріп отырмыз», — деді Швеция қорғаныс министрі Пол Йонсон. Ол Ресейдің ықтимал шабуылына төтеп беру мақсатында қорғаныс саласын дамытуға шақырды.
Жоғары лауазымды еуропалық шенеуніктер Ресей алдағы 12 ай ішінде өз позициясын күшейтуі ықтимал деп санайды. Себебі Иран мен АҚШ/Израиль арасындағы соғыс салдарынан туындаған мұнай дағдарысы Еуропада қосымша саяси тұрақсыздық туғызып, Ресейдің мұнайы мен газын қайта сатып алуды және Украинаға көмекті тоқтатуды қолдайтын әсіре оңшыл партияларды күшейтуі ықтимал.
«Біз Ресейдің мақсаты — бүкіл еуропалық қауіпсіздік жүйесіне қауіп төндіру екенін білеміз. Сондықтан аса қырағылық танытуға, Украинаға қолдауды жалғастыруға және Еуропаны қайта қаруландыруды жалғастыруға толық негіз бар», — деді Францияның Еуропа істері жөніндегі министрі Бенжамен Хаддад.
Еуропалық елдердің барлау қызметі өкілдерінің айтуынша, Ресейдің Балтық елдеріне немесе Украинадан тыс өзге аумақтарға шабуыл ұйымдастыру үшін қазіргі таңда әскер не техника шоғырландырып жатқанына ешқандай белгі жоқ. Алайда олардың айтуынша, алдағы айларда Путин ішкі аудиторияның қолдауынан айырылмау үшін, күтпеген әрекетке баруы мүмкін.
«Мобилизацияны ақтап алу үшін, оларға жағдайды ушықтыруға тура келеді. Бұл өте қауіпті кезең. Путиннің ойында не барын ешкім білмейді, бірақ бұл соғыстың бағытын өзгертіп, оны жаңа деңгейге шығару үшін жасалған есеп болуы мүмкін», — деді ЕО-ның сыртқы істер жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Каллас.
«Ресей соғысты қазіргі бағытпен жалғастыра алмайды. Өйткені ол ресурстардың сарқылу қақпанына тап болады», — деді Киевтегі Қорғаныс реформалары орталығының төрағасы Александр Данилюк. «Бұл Путинді қақтығысты ушықтыруға мәжбүрлейді. Ол ядролық бопсалауға жүгініп, бірақ ядролық қаруды нақты қолданбай, қорқыту тактикасын жүзеге асыруы мүмкін. Тағы бір нұсқа бойынша, ол қақтығыс географиясын кеңейтіп, соғысты өзіне тиімдірек шарттармен тоқтатып қоюға ұмтылу арқылы да жасай алады», - дейді ол.
Германияның жоғары лауазымды парламент мүшесі Норберт Рёттгеннің айтуынша, Путин Украинадағы тығырықтан шығу үшін, Балтық елдеріне басып кіруі мүмкін. Алайда бұл Ресей үшін өте қауіпті болмақ. Сарапшылар Ресей басшысы жақын арада қақтығысты ушықтыру бойынша күтпеген шешімдерді қабылдауы мүмкін. Киевке соққыны үдету, Беларусь аумағынан Киевке шабуыл жасау, Балтық елдеріне басып кіру және басқа идеялардың барлығы да Путиннің соғысты ушықтыруға ниетті екенін білдіреді дейді мамандар.
Mezgil.kz