Украинаның Қорғаныс министрі Михаил Федоров Ресейге қарсы «логистикалық локдаун» атты жаңа ауқымды бағдарламаның басталғанын жариялады.

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
ФЕДОРОВТЫҢ ОПЕРАЦИЯСЫ: УКРАИНА ЕНДІ ШАБУЫЛДАУШЫ ЕЛ...
Ол Украинаның қазіргі таңда тек қорғаныста ғана отырған ел емес, белсенді шабуылдаушы тарапқа айналғанын атап өтті. Министрдің дерегінше, егер былтырғы қазан айында жау әр шаршы шақырымда 67 сарбазынан айырылса, сәуір айында бұл көрсеткіш 179-ға дейін жеткен. Ресей ай сайын 35 мыңнан астам жауынгерінен (өлгендер мен ауыр жараланғандарды қосқанда) айырылуда.
Сонымен қатар, соңғы айларда Украина Ресейдің логистикасын, қоймаларын, техникалары мен командалық пункттерін жою көрсеткішін төрт есеге арттырған. Бұл нәтижелерге қол жеткізудегі негізгі факторлардың бірі – «middle strike» мүмкіндіктерін кеңейту туралы шешім.
«Middle strike» – бұл 30-дан 200 шақырымға дейінгі жаудың тылдық позицияларына алыс қашықтыққа ұшатын дрондармен соққы жасау стратегиясы.
РЕСЕЙДІҢ ӘУЕ КЕҢІСТІГІ ТАРЫЛУДА...
Осы тұста Ресейдің Мәскеу әуе кеңістігіндегі жағдай күрделене түсті. Ресейдің Қорғаныс министрлігі Мәскеу маңындағы әуе кеңістігінде жеке меншік және азаматтық әуе кемелерінің ұшуына тыйым салуға дайындалуда.
Росавиацияның мәліметінше, РФ Қорғаныс министрлігі 0-ден 5100 метрге дейінгі биіктіктегі ұшуларға арнайы режим енгізу туралы ұсыныс берген. Бұл режим әлі толық күшіне енген жоқ, алайда шешім қабылданған жағдайда шектеулер мен мерзімдер туралы қосымша хабарланады.
Аталған тыйым тұрақты және чартерлік жолаушылар рейстеріне, төтенше жағдайлар қызметіне, авиациялық-химиялық жұмыстарға және мемлекеттік авиацияға қатысты емес, негізінен жеке тұлғаларға, аэроклубтарға және коммерциялық ұйымдарға тиесілі жеңіл моторлы ұшақтар мен тікұшақтарды қамтиды. Тәжірибелі авиаторлардың пікірінше, аймақтағы жеке авиациялық белсенділік қазірдің өзінде екі есеге қысқарып, ұшқыштар қауіпсіздік мақсатында ұшудан бас тартып немесе қысқа маршруттарды таңдауға көшкен.
РЕСЕЙ УКРАИНА ДРОНДАРЫНАН ҚАУІПТЕНУДЕ...
Мұндай қатаң шектеулердің негізгі себебі ресми түрде аталмағанымен, ол украиналық дрондардың жиілеген шабуылдарымен тығыз байланысты.
17 мамырда Мәскеу маңы екінші дүниежүзілік соғыстан бергі ең ірі шабуылдардың біріне тап болды, 120-дан астам дрон атылып, үш адам қаза тапты. Украинаның алыс қашықтыққа ұшатын дрондары сырттай қарағанда жеңіл моторлы ұшақтардан аумайды, ал Ресей әскерилері оларды аспанда ажыра алмай қиналуда. Мұның салдары қайғылы оқиғаларға әкеліп жатыр.
Мысалы, 20 наурызда Мәскеу маңында «Alto NG» жеңіл ұшағы апатқа ұшырады. Оның бортында болған танымал авиаблогер Павел Кошкин қаза тапты. Алдын ала болжам бойынша ПВО бұл ұшақты Украина дронымен шатастырған. Ресми тергеу әлі аяқталмаса да, блогердің ұшағынан табылған оқ іздеріне ұқсас саңылаулар осы нұсқаны растай түседі.
Қазіргі таңда Мәскеу облысында рұқсатсыз ұшулар іс жүзінде тоқтағанымен, МАК диспетчерлерге радардағы әрбір ұшу нысанын анық көріп тұру үшін ұшу жоспарын міндетті түрде тапсыруды ұсынады. Алайда, бұл да толық қорғаныс кепілі емес, себебі дрондарды тек әуе қорғаныс жүйелері ғана емес, сонымен бірге жердегі қаруланған қарапайым адамдар да атқылауы мүмкін.
Mezgil.kz