Украина әскері Ресейге соққы жасаудың тактикасын өзгертуде. Қорғаныс министрі Михаил Федоров Ресейге қарсы «логистикалық локдаун» жариялағанын айтты. Қазіргі таңда украин дрондары Ресей оккупациялап алған аймақтардың транзиттік мүмкіндігін шектеу операцияларын іске асыруда. Оккупациядағы Донбасс, Херсон, Запорож және Қырымдағы құрлық жолдарына үздіксіз соққы жасалуда. Нысана ретінде жанармай тасушы көліктер, оқ-дәрі тасыған әскери көліктер және басқа техника таңдалып алынған.
(Сурет ЖИ арқылы жасалды)
Ресейлік әскери сарапшылар дабыл қағуда. Ресейлік «Два майора» арнасы былай деп жазады: «Ресейдің оңтүстігіндегі логистикалық мәселелер туралы айтқанда, оларды тек Қырымды қамтамасыз ету тұрғысынан ғана бағалау дұрыс емес. Қарсылас дрондарының соққылары Қырымдағы жанармай немесе тауар тапшылығынан әлдеқайда ауқымды салдарға ие.
Украина Қарулы күштерінің операторлары оңтүстік өңірлердегі жабдықтау жүйесін бұзуға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп жатыр. Мұны Донецк және Луганск аймақтарынан, сондай-ақ Запорож бен Херсон облыстарының аумағындағы әртүрлі көлік түрлеріне жасалған шабуылдар мен соққылар статистикасынан анық көруге болады.
Starlink жұмыс істейтін жерлерде қарсылас «Марсианин» (Hornet атауымен де белгілі) дрондарымен соққы беруде. Қазіргі кезде бұқаралық ақпарат құралдарында ең жиі аталып жүрген аймақ — Мариуполь–Мелитополь бағыты. Сонымен қатар бұрынғы мемлекеттік шекарадан Мариупольге дейінгі автожол да жиі шабуыл нысанасына айналуда. Шабуыл картасына қарасақ, Донецк және оның айналма жолы ерекше көзге түседі. Бұл жерде қарсылас көбіне әртүрлі типтегі ретрансляторлар арқылы байланысты қамтамасыз етіп, алыс қашықтыққа ұшатын FPV-дрондарды қолдануда. Бұған майдан шебінің Донецктен шамамен 50 шақырым қашықтықта орналасуы себеп. Ал Луганск аймағының жолдарына (оның аумағының бір бөлігінде Starlink жұмыс істейді) дәл сол Hornet дрондары мен «Ланцетке» ұқсас «Булава» дрондары жиі соққы жасауда», - дейді.
150 шақырымға дейінгі тереңдікке ене алатын арзан дрондар Қырымға баратын «құрлық дәлізін» өткен аптадан бері соққы астына алуда. Жүк көліктерінің қозғалысы Р-280 трассасында шектелді. «ПриZрак Новороссии» арнасының жазуынша, соңғы айларда Украина Ресей оккупациялап алған аумақтардағы жылу электр станцияларына, қоймаларға және әскери позицияларға соққы жасауды еселеп арттырған.
«Бұрын салыстырмалы түрде қауіпсіз саналған Донецк аудандары бірнеше айдан бері дрондардың үздіксіз соққыларына ұшырауда», — деп жазады арна. Логистикаға жасалған соққылар Азов теңізі жағалауына дейін жеткен. «Око гора» OSINT-жобасының мәліметінше, тек соңғы үш аптада ғана М-14 және Н20 трассаларында 60-тан астам жүк көлігі жойылған.
«Рыбарь» арнасының хабарлауынша, Херсон мен Запорож бағыттарында жағдай барған сайын ушығып барады. Өйткені логистика қиындай түскен. Украина Қарулы күштері көлік құралдарына дрондармен шабуыл жасауды едәуір күшейткен, соның салдарынан Қырымда кейбір тауарлардың тапшылығы артқан. Қырымдағы бекеттерде жанармай сатуға шектеулер енгізілген.
Әскери сарапшы Ян Матвеевтің пікірінше, қазіргі кезде майдандағы Ресейдің «Днепр» және «Восток» топтарының логистикасына тікелей қауіп төнген. Украина дәл осы әскери бөлімшелерді қамтамасыз ететін көліктерге соққы жасауда. Ал әскери көліктер оқ-дәрі, қару-жарақ, дәрі-дәрмек және дрондармен ресейлік сарбаздарды қамтамасыз етуде.
«Кем дегенде 150 мың адам іс жүзінде жабдықтаусыз қалу қаупіне тап болуы мүмкін», — дейді сарапшы Матвеев. Оның айтуынша, бұл Покровскіден Каменскоеға дейінгі және одан әрі Днепр өзені бойымен Кинбурн түбегіне дейінгі бөлімдерді, сондай-ақ Угледар, Мелитополь және Жаңа Каховкадағы кең тылдық аймақтарды қамтиды.
«Бұрын логистикаға соққылар алдыңғы шептен 10–15, сирек жағдайда 20 шақырым қашықтықта жасалатын. Өйткені дрондардың мүмкіндігі сонымен шектелетін. Қазір бұл қашықтық 50, 75, тіпті 100–150 шақырымға жетті. Бұл ірі логистикалық артериялар орналасқан аймақтарға соққы жасауға мүмкіндік береді. Үлкен жүк көліктері мен жанармай таситын цистерналар жүретін аймақтарға соққы жасау мүмкіндігі артуда», — деді Матвеев.
Соғысты зерттеу институтының (ISW) сарапшыларының пікірінше, украин дрондарының орта қашықтықтағы соққылары Ресейдің адам күшін алдыңғы шепке жеткізу және позицияларды ұстап тұру мүмкіндігін де шектеп отыр. Олардың есебі бойынша, сәуір айында Ресей армиясы 2024 жылдан бері алғаш рет позицияларын жоғалта бастаған. ISW сарапшыларының айтуынша, мұндай жағдайда тіпті ықтимал мобилизацияның өзі майдандағы жағдайды түбегейлі өзгертуге кепілдік бермейді. Егер Кремль дрон шабуылдарына қарсы тиімді әдіс таппаса, мобилизацияланған әскерді майдан шебіне жеткізудің өзі қиынға соғуы мүмкін.
Mezgil.kz