Иран халқы: Ахмадинежат, бізді құтқар!

Кешелі-бүгін Парсы және Батыс ақпараттары Иранның бұрынғы президенті Махмұд Ахмадинежатты билікке қайта әкелу жоспары туралы жарыса жазуда...

1780067419897653.png

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

Ирандағы экс-биліктің жақтастары экс-президент Ахмадинежатты Ирандағы «дағдарысты шешуші тұлға» ретінде қоғам ішінде белсенді түрде дәріптей жастаған. Ауқымды ақпараттық науқанның жалпы мазмұны –бұрынғы президент Махмұд Ахмадинежатың тұсындағы саяси биліктің сәтті жобалары туралы көбірек айтуға бағытталған. Сондай-ақ, «Ахмадинежаттың қайтадан саясат алаңына оралуы – елдегі қазіргі саяси дағдарысты оң реттеуге септігін тигізеді» деген риторикалар жиілеген.

«IranWire» басылымының хабарлауынша, экс-президенттің жақтастары оны қазіргі таңда ел басынан кешіріп жатқан ішкі және сыртқы қиындықтарды еңсере алатын бірден-бір тұлға ретінде көрсетуге тырысуда.

Бұл мақсатта БАҚ өкілдері, парламент депутаттары мен шетелдік дипломаттарға арнайы жолдаулар таратылып жатыр. Онда – Ахмадинежат «Батысқа еліктеуді де, Шығыстың ықпалына кіруді де» терістейтін, тәуелсіз саясат жүргізетін көшбасшы ретінде сипатталған.

Бастамашыл топтың айтуынша, Ахмадинежат кейінгі жылдары Иранды қандай да бір сыртқы күш орталықтарының ықпалынан шығарып, дербес даму жолына түсіруді көздеп отыр.

«Ахмадинежат тобы» ұсынып отырған бағдарламаның негізгі идеясы – Иранды Қытайдың «қосалқы алаңына» немесе Батыстың «бағынышты одақтасына» айналдырмай, дамуға бет алған, өз алдына дербес мемлекет ретінде қалыптастыру. Жақтастары экс-президенттің бұрынғы басқару тәжірибесін алға тартып, оның инфляцияны ауыздықтау, баспана мәселесін шешу және сыртқы саясаттағы түйіндерді тарқату бойынша нақты жоспары бар екенін айтады.

Олардың пайымдауынша, Ахмадинежат – өткеннің еншісінде қалған тұлға емес, керісінше, бүгінгі билік жүйесіндегі дағдарыс пен ұлттық келісімнің жоқтығына берілген жауап.

Батыс елдерімен байланысқа келер болсақ, жақтастары мұны тәуелділік емес, «өзара мүдде мен есеп» негізінде құру керек деп санайды. Олар Батыстың Қытайдың ықпалынан тыс, тұрақты Иранға мүдделі екенін, ал Тегеранға экономикалық тығырықтан шығу үшін сыртқы саясатын қайта қарастыру қажеттілігін алға тартады.

Еске сала кетейік, Махмуд Ахмадинежат 2005-2013 жылдары Иранды басқарды. Оның билік құрған тұсында Иранның ядролық бағдарламасы қарқын алып, Ресей және Араб елдерімен байланыс нығайған еді. Алайда, ол АҚШ-қа қатысты өте қатаң ұстанымда болды. Сонымен қатар, Иранның Жоғарғы көсемі – аятолла жақтастарымен билікке таласты. Кейінгі жылдары ол бірнеше рет президенттік сайлауға түсуге ұмтылғанымен, Иран билігі оның кандидатурасын тіркеуден өткізбей қойған.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар