Путиннің жарлығы, Зеленскийдің ұсынысы: Украина Приднестровьені талқандай ма?

Молдовадағы Приднестровье сепаратистік аймағында саяси жағдай шиеленісе түсті. Алдымен 15-мамыр күні Ресей президенті Владимир Путин «Приднестровье тұрғындарына Ресей азаматтығын беру» туралы жарлық шығарды. Бұл жарлық Молдова билігі мен Ресейдің арасындағы саяси салқындықты тіпті күшейтті. Ал Кишинев сепаратистік аймаққа қысымды арттыруға ниетті.


ChatGPT Image 2 июн. 2026 г., 12_42_09.png

 (Сурет ЖИ арқылы жасалды)


Путин қол қойған жарлыққа сәйкес Приднестровье тұрғындары жеңілдетілген форматта Ресейдің азаматтығын алмақ. Бұл жарлық 18 жасқа толғандарға да, балалар мен жасөспірімдерге де қатысты. Молдовадағы Ресей елшісі Олег Озеров былай дейді: «Приднестровье тұрғындары Ресей тарапынан қосымша қорғауға ие болмақ. Тіл мен құқық, білім мен әлеуметтік қолдауда бірқатар артықшылықтар берілмек. Ресей азаматтығын жеңілдетілген форматта ала алады», - деді. Әлбетте, бұл өзге елдің ішкі саясатына өрескел араласу болып саналады.

 

Мамырдың басында Ресейдің Мемлекеттік Думасы шетелдегі Ресей азаматтарын қорғау мақсатында әскери күшті қолдануға рұқсат ететін заңды қабылдады. Сарапшылар дәл осы заңды Ресейдің Молдоваға қарсы қолдануы мүмкін деп санайды.

 

ЕО-ның шетел істері бойынша жоғары комиссары Кая Каллас Ресей билігі мен президенті қабылдаған шешімдерді айыптай отырып, Ресейдің Приднестровьедегі әскерін «ЕО-а төнген қауіп» деп атады. Ол Ресей билігі Приднестровье, Абхазия, Оңтүстік Осетиядан әскерін әкетуі тиіс деп санайды және Ресей билігімен келіссөз барысында бұл мәселені көтеру қажеттігін айтты.

 

Z-пропагандисттер Калластың сөзінен кейін «Молдова мен Украина бірлесе отырып, Приднестровьеге шабуыл жасауы мүмкін» деп шулай бастады. 2025 жылы Ресейдің СІМ өкілі Мария Захарова «Днестрдегі бейбітшілік пен тыныштықтың кепілі тек Ресей әскері» деген болатын.

 

Ресейлік сарапшы Дмитрий Стешиннің сөзінше, Ресей Приднестровьеден әскерін әкеткені дұрыс дейді. «Приднестровьеден кету әлдеқайда дұрыс болар еді. Өйткені орысқа тиесілі республиканы оккупациялық жолмен румындар жұтып қоюы мүмкін. Өйткені біз бұған қарсы ештеңе істей алмаймыз. Приднестровьенің қарсылығы Қарабақтағыдай болуы мүмкін. Көбі қашып кетеді», - дейді. Осылайша ол Молдованы Румыния ашық қолдайтынын меңзеді.

 

Қазіргі таңда Приднестровьеде Ресейдің 1500 сарбазы бар. Ресейлік контингент сепаратистік аймақтағы әскери қойманы күзетуде. Аймақта кеңестік кезеңнен қалған үлкен бірнеше әскери қойма бар.

 

2022 жылы Ресей әскері Украинаға басып кірген сәтте, Ресейдің сарапшылары Украинаның оңтүстік аймақтарын толық басып алып, Приднестровьеге дейін құрлық жолын ашу керектігін айтты. Алайда Одесса және Николаев облыстарына жасаған шабуылы сәтсіз аяқталды.

 

Дей-тұра, Приднестровьені қосып алу идеясын әлі де айтып жүрген ресейлік сарапшылар мен шенеуніктер аз емес. Мысалы Мемлекеттік Думаның қорғаныс комитетінің төраға орынбасары, депутат Алексей Журавлев «Одессаны алмай соғысты тоқтатпау керек» дей отырып, Приднестровьеге дейін құрлық жолын салуға шақыруда.

 

Молдова билігі ЕО-мен бірлесе отырып, Приднестровье аймағын Молдоваға интеграциялау бағдарламасын іске асырмақ. 15-мамыр күні Молдова басшысы Майя Санду «Ресей әскері Приднестровьеде тұрған сәтте, Молдова билігі сепаратистік аймаққа қаржы бөлмейді» деп мәлімдеді. Санду бастаған топ Приднестровьеге берілген салықтық жеңілдіктерді де азайтуда. Приднестровье сепаратистері бұл әрекетті «экономикалық-саяси қысым» деп атауда.

 

Украина билігі болса Молдоваға бірнеше мәрте ұсыныс айтқан. Ашық және жабық форматта Зеленский Сандуға ұсыныс айтып, Приднестровьедегі ресейлік әскерді украин жасақтарының көмегімен талқандап, аймақты Молдоваға қайтарып, сепаратистер қолындағы әскери қоймадағы қаруды украин сарбаздарына беруді ұсынған. Алайда Молдова билігі бұл сценарийді іске асырудан қашқақтауда. Батыс барлауының мәліметінше Киев Приднестровьеге соққы жасаудың бірнеше жоспарын құрған. Шабуыл құрлық әскері, теңіз дрондары, әуе дрондары мен ұшақтар және зымырандар арқылы іске асуы ықтимал. Сарапшылардың сөзінше, Украинаның арнайы жасақтары Приднестровьедегі сепаратистерді бір аптада талқандай алады, ал Ресейдің аймаққа әскери көмек жіберу мүмкіндігі өте аз дейді.


Mezgil.kz



Сәйкес тақырыптар