Әлемдік саяси аренадағы үлкен өзгерістер мен Таяу Шығыстағы шиеленісті жағдай бүгінде халықаралық қатынастардың бағытын өзгеше айқындап тұр.

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
Жаһандық жүйе түбегейлі трансформация кезеңін бастан кешіруде, ал бұл үдеріс өз кезегінде державалар мен аймақтық ойыншылардың қарым-қатынасына тікелей әсер етіп жатыр.
250 ЖЫЛДЫҚ: АҚШ ӘЛЕМГЕ ЖАЛҒЫЗ ӘМІР ЖҮРГІЗГІСІ КЕЛЕДІ
Америка Құрама Штаттары өзінің тарихындағы елеулі белес – 250 жылдық мерейтойына жақындап қалды. Осы тұста «The National Interest» басылымы маңызды талдау жариялап, Вашингтонның сыртқы саясатын түбегейлі қайта қарауы қажеттігін алға тартады.
Бұрынғыдай Вашингтонның әлемдік ережелерді жалғыз өзі белгілейтін және «қауіпсіздіктің кепілі» рөлін атқаратын кезеңі аяқталып барады. Мамандар мұны жаһандық деңгейдегі ұлтшылдықтың өсуімен, орта державалардың өз рөлін арттыруымен және АҚШ-тың экономикалық басымдығының объективті түрде бәсеңдеуімен байланыстырады.
Бүгінгі таңда Үндістан, Түркия, Бразилия сынды Жаһандық Оңтүстік елдері мен Таяу Шығыс, Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері өздерінің ұлттық мүдделеріне басымдық бере отырып, толығымен дербес саясат жүргізуге көшті. Олар Батыс ұсынған ережелерге бағынбай, өздерінің жеке ықпал орталықтарын қалыптастыруда.
АҚШ үшін Қытай тарапынан төніп тұрған қауіп-қатер ерекше маңызды болып тұр. Себебі Бейжің технология, жасанды интеллект, өнеркәсіптік өндіріс және сирек жер металдары нарығында көшбасшылыққа едел-жедел ұмтылуда. Вашингтон өз позициясын сақтап қалу үшін осы көпвекторлы және күрделі әлемдік шынайылыққа жедел бейімделуі тиіс.
АҚШ ПЕН ИРАН КЕЛІСТІ: ЖЕҢГЕН КІМ, ЖЕҢІЛГЕН КІМ?
Осы жаһандық өзгерістер аясында АҚШ пен Иран арасындағы қарым-қатынастар да жаңа сипатқа ие болды. АҚШ басшысы Дональд Трамп Иранмен қол қойылған меморандумға қатысты өз пікірін білдірді. Трамп бұл келісімді «АҚШ-тың капитуляциясы» деп бағалайтын пікірлермен мүлде келіспейтінін айтты.
Ол бұл мәмілені – «соғыстың әлемдік ауқымдағы экономикалық апатқа ұласуын болдырмау үшін жасалған қадам» деп түсіндіреді.
Трамп Иранмен арадағы қақтығыстың билікті жүзеге асыру мүмкіндігін шектегенін жоққа шығарып, өз билігінің ешқандай шекарасы жоқ екенін айтты. Ол мәміле жасамаған жағдайда болуы мүмкін қауіп-қатерлерді атап өтті. Атап айтқанда, «Иранға қарсы қатаң әскери шараларды қолдану немесе бомбалауды жалғастыру Ормуз бұғазының жабылуына, мұнай тасымалының тоқтауына және сайып келгенде дүниежүзілік экономикалық дағдарысқа әкеліп соқтырар еді» деп есептейді.
ИЗРАИЛЬ: БІЗ БІТІМГЕ КЕЛМЕЙМІЗ, ЛИВАНДЫ БОМБАЛАЙМЫЗ!
Таяу Шығыстағы жағдайға келсек, 24 маусымда Израиль мен Ливан арасында келіссөздердің жаңа раунды өтуі жоспарланған. Алдағы кездесудің негізгі тақырыбы «экспериментальды аймақтар» болады, олар қауіпсіздікті қамтамасыз ету және шекараны басқарудың болашақ үлгісі ретінде қарастырылуда.
Сондай-ақ екі елдің шекаралас аудандарындағы қауіпсіздік мәселелері талқыланады. Бұл келіссөздерді тараптар арасындағы нәзік бітімгершіліктен тұрақты бейбітшілікке өтудің маңызды кезеңі деп бағалайды.
Алайда, бұл үдеріс АҚШ пен Иранның өзара қол қойған меморандумындағы атысты тоқтату туралы келісімдерімен тығыз байланысты, бұл мәселе әлі де болса таласты болып отыр. Израиль әскері мен «Хезболла» арасындағы мезгіл-мезгіл орын алатын атыстар осы келісімдердің орындалуына кедергі келтіруде.
Израильдің премьер-министрі Биньямин Нетаньяху АҚШ пен Иран тарапынан болған қысымдарға қарамастан, Израиль әскері Ливанның оңтүстігінде қала беретінін ашық мәлімдеді. Нетаньяхудың сөзінше, ЦАХАЛ сол аумақта «қауіпсіздік аймағын» ұстап тұруды мақсат етеді.
Израильдің жоғары лауазымды тұлғалары мен ұлттық қауіпсіздік министрі Итамар Бен Гвир де өз кезегінде Вашингтон мен Тегеран арасындағы келісімдер Израильге міндеттеме жүктемейтінін, ал «Хезболла» толығымен жойылмайынша, басып алынған аумақтардан шығу қарастырылмайтынын айтты.
Осы жағдайға байланысты, АҚШ басшысы Дональд Трамптың Израильдің Ливандағы әскери қимылдарына қатысты Нетаньяхуға қатты пікір білдіргені туралы да ақпараттар бар. Бұл пікір АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздерге кедергі келтіруі мүмкін деп бағаланғанымен, Израиль билігі өз ұстанымының өзгермейтінін ресми түрде жариялап отыр.
Бұл үдерістердің барлығы әлемдік державалардың мүдделері тоғысқан жерде саяси тепе-теңдіктің қаншалықты нәзік екенін және халықаралық қауіпсіздік жүйесінің қалай өзгеріп жатқанын көрсетеді.
Mezgil.kz