Мемлекет басшысы БАҚ саласы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, журналистер қауымының қоғамдағы айрықша рөліне тоқталды. Президенттің айтуынша, журналистер халықтың көкейіндегі өзекті мәселелерді көтеріп, жұрт мүддесіне адал қызмет етіп келеді. Қазіргі технологиялық дәуірде азаматтарға жедел, сапалы әрі шынайы ақпарат тарату да медиа саласы мамандарының маңызды міндеті саналады.

(Сурет: Ақорда арнасынан)
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев журналистердің жаңа Конституцияны әзірлеу мен қабылдау үдерісіндегі еңбегін жоғары бағалады. Оның айтуынша, Конституциялық комиссияның жұмысы туралы сапалы ақпарат таратып, ұсынылған түзетулерге жан-жақты талдау жүргізген БАҚ өкілдері жалпыұлттық пікірталастың қалыптасуына елеулі үлес қосты. Осыған байланысты Президент журналистер қауымын жаңа Конституцияның тең авторларының бірі деп атады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы жаңа Конституцияның ел болашағы үшін маңыздылығына тоқталды. Негізгі құжатта егемендік пен тәуелсіздікті қорғау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету сияқты басты қағидаттар бекітілгенін айтты. Сондай-ақ білім мен ғылымды дамытуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға және ұлттық бірлікті нығайтуға басымдық берілгенін атап өтті.
Өз сөзінде Президент Парламенттің VIII шақырылымы өз жұмысын аяқтайтынын еске салып, ел дамуының жаңа кезеңіндегі міндеттерге тоқталды. Бұған қоса, отандық бұқаралық ақпарат құралдарының халықаралық медиа кеңістіктегі бәсекеге қабілеттілігін арттыру қажеттігін айтты. Оның пікірінше, цифрлық технологиялардың қарқынды дамуына қарамастан, дәстүрлі БАҚ өз маңызын жоғалтқан жоқ. Керісінше, газеттер мен телеарналар жаңа форматқа көшіп, мультимедиялық платформалар ретінде дамып келеді.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев жалған ақпарат пен дипфейк технологияларының қаупіне назар аударды. Мемлекет басшысының айтуынша, жасанды интеллект құралдары қоғамда алауыздық туғызу және мемлекеттік институттардың беделіне нұқсан келтіру мақсатында қолданылуы мүмкін. Сондықтан журналистер мұндай қатерлерге қарсы күресте маңызды рөл атқаруға тиіс.
Осы ретте Президент Қазақстанда сөз бостандығы мен пікір алуандығына қажетті жағдай жасалғанын атап өтті. Дегенмен сөз еркіндігі жауапкершілікті де талап ететінін айтып, медиасауаттылықты арттырудың және заңсыз ақпаратты анықтау үшін заманауи технологияларды пайдаланудың маңызын ерекше атап көрсетті.
Бұдан әрі Мемлекет басшысы журналистердің ағартушылық миссиясына тоқталды. Оның пікірінше, бүгінгі журналистер шындықты көрсететін айна ғана емес, ұлтты өркениетке жетелейтін шамшырақ болуы керек. Әсіресе жастар медиадан жеңіл табыс пен жасанды құндылықтарды емес, адал еңбек пен жоғары мәдениеттің үлгісін көруі қажет.
Сонымен бірге Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет журналистерді қолдау саясатын жалғастыратынын мәлімдеді. Соңғы жылдары көптеген медиа қызметкері баспаналы болғанын атап өтіп, биыл алғаш рет өңірлік журналистерге де пәтер кілттері табысталатынын хабарлады. Жалпы еліміз бойынша 66 ақпарат саласы қызметкері тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.
Қорытындылай келе, Мемлекет басшысы журналистердің Әділетті, Таза, Қауіпсіз әрі Күшті Қазақстанды құру ісіне қосып жатқан үлесін жоғары бағалап, оларға алғыс айтты. Сондай-ақ ақпарат саласының үздік өкілдерін мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойғанын мәлімдеді. Президент ұлттық телевизияның ардагері Зұлқия Жұматованы ерекше атап өтіп, оған «Құрмет» орденін табыстау туралы шешім қабылданғанын жеткізді.
Mezgil.kz