«Ісіңе жауап бер, Кремль!»: Мәскеудің бейбереткет соққысына Баку наразы!

Посткеңестік кеңістіктегі ықпалды әріптестердің бірі саналатын, еларалық байланыстары бірде суып, бірде жылып тұратын Баку мен Мәскеу арасындағы қарым-қатынаста тағы бір күрделі кезең басталғандай. Жуырда Әзірбайжан билігі Ресей Федерациясына ресми наразылық нотасын жолдап, Мәскеуден арнайы түсініктеме талап етті.

1783411748416528.jpg

(Коллаж: Mezgil.kz)

РЕСЕЙ ШАБУЫЛЫНЫҢ САЛДАРЫ: БАКУ МӘСКЕУГЕ ӨКПЕЛІ

Бакудің бұлайша бұлдануына басты себеп – Ресейдің Украина аумағына жасаған әуе шабуылдарының бірі кезінде Әзірбайжанның мемлекеттік мұнай-газ компаниясы – «SOCAR-ға» тиесілі жанармай құю бекетінің дрон соққысына ұшырауы болды. Әзірбайжан мұны өзінің шетелдегі мемлекеттік активіне келтірілген залал ретінде бағалап отыр.

Украинадағы соғыс басталғалы бері Баку барынша теңгерімді саясат ұстанып, өз ұлттық мүдделері мен шетелдегі стратегиялық нысандарын қорғауға ерекше мән беріп келеді. Алайда бұл жолғы жағдай Әзірбайжанның ресми наразылық білдіруіне нақ негіз болды.

Сарапшылардың пікірінше, бұл тек жекелеген әскери оқиға емес, екі ел арасындағы дипломатиялық сенімнің әлсірей бастағанының белгісі болуы мүмкін. Бұған дейін де Киевтегі Әзірбайжан елшілігі маңына ресейлік зымыран сынықтарының құлауы Бакудің алаңдаушылығын күшейткен еді. Енді «SOCAR» нысанына тиген соққы бұл мәселеге жаңа саяси реңк беріп отыр.

МӘСКЕУ БАКУГЕ НЕ ДЕП ЖАУАП ҚАЙТАРМАҚ?

Сарапшылар арасында Әзірбайжанның Мәскеуге жолдаған нотасы – елдің өз мемлекеттік мүлкі мен ұлттық мүддесін қорғауда ешқандай ымыраға бармайтынын аңғартатын маңызды дипломатиялық қадам ретінде бағалануда. Ендігі басты сұрақ – Кремль бұл наразылыққа қалай жауап береді? Бұл оқиға екі елдің энергетика, экономика және қауіпсіздік салаларындағы серіктестігіне қаншалықты әсер етеді?

Айта кету керек, бұл Баку мен Мәскеу арасындағы алғашқы келіспеушілік емес. Әсіресе Ақтау маңында болған ұшақ апатынан кейін екі елдің қарым-қатынасы айтарлықтай салқындаған. Сол кезде Әзірбайжан тарапы Ресейге қатысты өткір мәлімдемелер жасап, оқиғаға байланысты ашық әрі қатал ұстаным білдірген болатын.

Ал соңғы жылдағы геосаяси үдерістерге көз жүгіртсек, Бакудің сыртқы саясатында да белгілі бір өзгерістер байқалады. Сарапшылар Әзірбайжанның бұрынғыдай Мәскеуге толық арқа сүйемей, көпвекторлы саясатты күшейтіп, өз ұлттық мүддесін бірінші орынға қоя бастағанын айтады. Осылайша, Каспий мен Кавказдағы геосаяси ахуалдың күрделене түсуі Баку мен Мәскеу арасындағы қарым-қатынастың алдағы уақытта қалай өрбитініне қатысты көптеген сауал туындатып отыр.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар