Кубадағы дағдарыс ел билігін шұғыл шешімдер қабылдауға мәжбүрлеуде. Кубаның Ұлттық ассамблеясы соңғы жарты ғасырдағы ең ауқымды реформаны жүзеге асырмақ. Коммунистік билік нарықтық экономикаға көшуде. Жеке банктер заңдастырылып, валюта қоры жеңілдікке ие болмақ. Ондаған жылдар бойы мемлекеттің қолдауына ие болған субсидиялық салалар өзгеріске ұшырайды. КСРО, Венесуэла мен Ресей, Қытайдың қолдауы арқылы тұрған экономикалық кешендер енді нарықтық қатынасқа көшуі тиіс. «Кубадағы реформалар Ресей үшін тағы бір одақтастан айырылу деген сөз» дейді сарапшылар.

(Сурет rambler сайтынан алынды)
Гавана ауыр шешімдерді жылдам қабылдап, жүзеге асыруға мәжбүр. АҚШ әкімшілігі аралды қыспаққа алуда. Кубаға жанармай жеткізу тоқтатылды. Венесуэла Кубаны қолдауға қауқарсыз. Ресей мен Қытай аралға жанармай жеткізе алмай отыр. Гавана үшін АҚШ-тың Каракаста жүргізген арнайы операциясы мен Венесуэла президенті Николас Мадуроны ұстап әкетуі ауыр соққы болды. Салдарынан Венесуэладан жеңілдетілген шартпен жеткізіліп келген мұнайдың тасымалы толық тоқтап қалды.
2026 жылғы 6-маусымынан бастап Куба халықаралық Visa және Mastercard карталары арқылы кез келген операцияларды тоқтатуға мәжбүр болды. Бұған 2026 жылғы мамырда АҚШ президенті Дональд Трамп қол қойған жарлық себеп болуда. Аталған жарлық халықаралық қаржы институттары үшін Кубамен байланысты төлем операцияларын өңдеуді заңсыз деп таныды. Нәтижесінде Гавана шетелдік туристерден қаржы алуда үлкен қиындыққа тап болып отыр.
Каракас пен Мәскеудің қолдауынан айырылған Куба билігі құтқарушы державалардың дәуірі аяқталғанын түсінді. Билікті сақтап қалудың жалғыз жолы – реформалар жасау.
Куба 1990-жылдары Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін басталған «Ерекше кезеңнен» бері ең ауыр дағдарысқа тап болды. Алайда қазіргі жағдай тіпті ауыр. Аралдың энергетикалық жүйесі іс жүзінде күйреді. Электр қуатының күнделікті өшуі қалыпты құбылысқа айналып, кәсіпорындар мен тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін тұралатып отыр.
Мемлекеттік дүкендердің сөрелерінен негізгі азық-түлік пен тұрмыстық химия өнімдері мүлде жоғалып кетті. Мемлекет халықты ең төменгі күнкөріс деңгейіне жететін азық-түлікпен де қамтамасыз ете алмайтын жағдайға жетті. Жанармай тапшылығына байланысты қоқыс шығарудың тоқтауы Кубада түрлі жұқпалы аурудың тарауына себепкер болуда. Инфекциялармен күресу қиынға соғуда. Себебі дәріханаларда дәрі-дәрмек жоқ.
Экономикалық тығырық бұрын-соңды болмаған эмиграция толқынын туғызды. Ел еңбекке қабілетті әрі білікті азаматтарын жаппай жоғалтып жатыр. Кубалық демограф Хуан Карлостың мәліметінше, 2020 жылдан бері елден шамамен 2,75 миллион кубалық көшіп кеткен. Бұл ел халқының 20 пайызы деген сөз.
Дағдарыс Кубада революциядан бергі ең ауқымды жаппай наразылықтарға алып келді. Наурыз және мамыр айларында Гавана мен өзге де қалаларда ауқымды наразылық акциялары өтті. Билік наразылықты күшпен басып тастады.
1959 жылғы революциядан кейін Кубаның экономикалық моделі ауқымды сыртқы субсидияларға негізделді. Әр кезеңде аралдың негізгі демеушілері ретінде алдымен Кеңес Одағы, кейін Венесуэла мен Ресей әрекет етті. Олар Гавананың негізгі экономикалық қажеттіліктерін өтеп, оның орнына геосаяси адалдыққа ие болды.
Кеңес Одағы Кубаны Экономикалық өзара көмек кеңесі аясындағы жасанды сауда жеңілдіктері арқылы қолдап отырды. Мәскеу Куба өндіретін қант пен никельді әлемдік бағадан бірнеше есе жоғары бағамен сатып алып, іс жүзінде аралға миллиардтаған доллар көлемінде қаржылай қолдау көрсетті. Ынтымақтастықтың шарықтау кезеңі болған 1980-жылдарға тап келді. Кеңес билігі Кубаның нақты жалпы ішкі өнімінің 20 пайыздан астамын қамтамасыз етті.
Кеңестік көмектің басты ресурсы мұнай болды. КСРО Гавананың жанармайға деген барлық қажеттілігін өте төмен бағамен толық қамтамасыз етіп қана қоймай, келісімдерде ерекше құқықты да бекітті. Куба кеңестік мұнайдың артық көлемін әлемдік нарықта еркін айырбасталатын валютаға заңды түрде қайта сата алатын еді. Бұл режимнің қаржылық қорын қалыптастырды.
Кеңес Одағы ыдырады. Кубаның Кремль алдында орасан зор қарызы бар еді. Алайда Мәскеу қарыздың шамамен 90 пайызын (30 миллиард АҚШ долларынан астам) кешірді. 2025 жылғы ақпанда Ресей 60 миллион АҚШ доллары көлеміндегі мемлекеттік несие аясында Кубаға 100 мың тонна мұнай жөнелтті.
Гавананың импортқа тәуелділігін азайту мақсатында Ресей компаниялары Кубаның өз мұнай қорларын игеруге де көмектесті. 2025 жылғы 1-қаңтардан бастап Ресей Гавана маңындағы «Бока-де-Харуко» мұнай кен орнында бірлескен жобаны өнеркәсіптік пайдалануға берді. 2026 жылдың басында Кубада жанармай тапшылығы шегіне жетті. Ресей АҚШ-тың рұқсатымен «Анатолий Колодкин» танкеріне 700 мың баррель Urals маркалы мұнайын тиеп, Кубаға жеткізді. Бұл биыл Кубаға жанармай жеткізген жалғыз танкер саналады.
Бүгінгі таңда Кубада жанармай тапшылығы апаттық деңгейге жетті. Куба билігі Уашиңтонмен келісім жасау мақсатында экономикалық реформаларды бастады. Ел экономикасы нарықтық бағытқа ауысуда. Ал Гавана Ресейге қолды бір сілтеп, АҚШ-пен байланыс орнатуға дайын екенін аңғартуда.
Mezgil.kz