Ресейдің «Вагнер» жалдамалы әскери тобы Африкада қоныс тауып, қылмыстық істерін жалғастыруда. Жалдамалы жендеттер Орталық Африка Республикасында (ОАР) есірткі саудасына негізделген тұтас империя құрып үлгерген. Олардың негізгі базасы Убанги өзенінің жоғарғы ағысында орналасқан. Компания жауынгерлері бұл аймақта ешкімге бағынбайды. Тәртіп сақшыларының да бұйрығына құлақ аспайды. Ал Мәскеудің тапсырмаларын компания өкілдері көп жағдайда орындаудан бас тартумен келеді. Бұл туралы The Wall Street Journal басылымы жазды.

(Сурет ЖИ арқылы жасалды)
Вагнерліктер негізгі табыс көзі ретінде трамадолды сатуда. Трамадол әдетте буын аурулары немесе операциядан кейінгі ауырсынуды басатын дәрі ретінде тағайындалады. Алайда бұл дәрі жоғары мөлшерде қолданылған кезде күшті психобелсенді әсер беріп, тәуелділік тудырады. Сол себепті оны «кедейлердің кокаині» деп те атайды.
«Вагнердің» алтын кеніштерінде жұмыс істейтін кеншілер ұзақ уақыт еңбек ету үшін осы препаратты пайдаланады. Вагнерліктер бұл дәріні сол аймақтағы содырларға да жеткізген фактілер бар. Лаңкестер ұрыс алдында дәріні көп мөлшерде ішіп, қорқыныш сезімін азайтуға тырысады.
Трамадолдың ұсынылатын бір реттік мөлшері 50-100 миллиграмм болса, елде құрамында 200 миллиграмм немесе одан да көп белсенді заты бар таблеткалар ашық сатылып жатыр. Женевадағы Global Initiative Against Transnational Organized Crime («Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы жаһандық бастама») сараптамалық орталығының зерттеушісі Наталия Духан бұл мәселені жіті зерттеушілердің бірі саналады. Ол былай дейді: «Ұрыс жағдайында трамадол өте жоғары дозада қабылданады. Ол қорқыныш сезімін жойып, жауынгерлерді фармакологиялық транс күйіне енгізеді, соның нәтижесінде қозу деңгейі күрт артады».
Трамадолды сату арқылы вагнерліктер қаржылық жағдайын жақсартуға тырысуда. Пригожиннің қазасынан кейін «Вагнер» жалдамалы әскери компаниясы үлкен дағдарысқа ұшырады. Қазіргі таңда топтың шамамен 500 мүшесі Орталық Африка Республикасының Убанги өзенінің жоғарғы бөлігінде орналасып, база салған.
Вагнерліктер ОАР аймағындағы алтын кеніштерін де бақылауға алған. Global Initiative ұйымының бағалауынша, заңсыз алтын экспортынан «Вагнер» жыл сайын шамамен 180 миллион доллар көлемінде табыс табады. Ал көрші мемлекеттерге трамадолды заңсыз жеткізу олардың қосымша табыс көзіне айналып отыр.
«Вагнердің» бұрынғы мүшесі болған, бүгінде Еуропада тұратын А.С есімді азамат (есімін жасырып, сұхбат берген), вагнерліктердің Африкадағы қылмыстық кәсібі жайлы айтып берді. Оның сөзінше, жалдамалылардың ықпалы ОАР-да күшейіп, олар трамадолды президенттің элиталық күзет қызметіне және қарулы патруль жүргізіп, оппозиция жақтастарын қорқытумен айналысатын «Акулалар» атты жастар тобына дейін жеткізеді. Қазіргі таңда вагнерліктер Конго Демократиялық Республикасынан Убанги өзені арқылы жеткізілетін трамадол тасымалын толық бақылауға алуға тырысуда дейді.
Ақпарат көздерінің дерегінше, қазіргі кезде бұл құрылымды Евгений Пригожиннің ұлы Павел Пригожин басқарады. «Вагнер» Орталық Африка Республикасына алғаш рет 2018 жылы президент Фостен-Арканж Туадерамен жасалған қауіпсіздік келісімі аясында келіп, көтерілісшілер қозғалысын басуға кіріскен болатын. «Африкалық стратегиялық зерттеулер орталығының» мәліметінше, кейін ұйым елдің мемлекеттік құрылымдарына айтарлықтай ықпал орнатқан.
Брюссельдегі International Crisis Group сараптамалық орталығының Орталық Африка жөніндегі аға сарапшысы Чарльз Буэссельдің сөзінше Африка елдерінің ішінде «Вагнердің» ықпалы толық орнаған ел Орталық Африка Республикасы саналады.
Қазіргі таңда жалдамалылар ел әскерімен және жергілікті қарулы жасақтармен тығыз ықпалдасып жұмыс істейді. Азамат соғысы кезінде Конго шекарасы бойымен ағатын Убанги өзені ел астанасына жетудің санаулы жолдарының бірі болған. Бүгінде зерттеушілердің айтуынша, дәл осы өзен арқылы жанармай, қару-жарақ және есірткі секілді заңсыз тауарлардың негізгі бөлігі тасымалданады. Осы бағыт арқылы вагнерліктер трамадолды да тасымалдап жатыр.
Осы ретте, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) трамадолдың морфинге ұқсас тәуелділік қалыптастыратынын ескертуде. Препараттың негізгі бөлігі Үндістаннан жеткізіледі. Ондағы фармацевтикалық компаниялар дәріні Конгодағы фирмаларға экспорттайды. Құжат бойынша дәрі 50 миллиграмдық қалыпты трамадол ретінде рәсімделгенімен, зерттеушілер мен саудагерлердің айтуынша, олардың арасында жоғары дозалы таблеткалар жасырын тасымалданады. Конгода бұл дәрілер қайта қапталып, Киншасадан шекараға жақын орналасқан Зонго қаласына жеткізіледі. Одан әрі олар Убанги өзені арқылы Орталық Африка Республикасына жол тартады.
Global Initiative жүргізген зерттеуінде жоғары дозалы трамадолдың Банги қаласындағы дүкендерде, сауда орындарында және бөлшек сауда желілерінде кеңінен сатылатыны жазылған. Препарат салынған жәшіктер мотоциклдер мен шағын жүк көліктеріне тиеліп, дүкендер, базарлар және шағын дәріханалар арқылы сатылып жатыр. Препаратқа деген сұраныс өте жоғары. Салдарынан оның бағасы үш есеге дейін шарықтап кеткен.
Контрабандалық жолмен көрші елдерге өткізілген кезде пайда көлемі бірнеше есе артады. Орталық Африка Республикасында шамамен 7 мың долларға бағаланатын бір партия Камерунда 21 мың долларға жетуі мүмкін. Тасымалдаушылар жол бойындағы қауіпсіздік үшін вагнерліктерге 4-6 мың доллар пара беруі тиіс. Осылайша вагнерліктер Африкадағы ықпалын арттырып жатыр. Сарапшылар «Вагнер» компаниясының үлкен есірткі тасымалдау империясына айналып келе жатқанына алаңдаушылық білдіріп, дабыл қағуда.
Mezgil.kz