АҚШ президенті Дональд Трамп Иранды «бұрын қол жеткізілген уағдаластықтарды бұзды» деп айыптап, АҚШ Иранға теңіз блокадасын қайта енгізетінін және бұғазды толықтай өз бақылауына алатынын айтты.

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
ТРАМП: БІЗ ЕНДІ ОРМУЗДЫҢ САҚШЫСЫМЫЗ!
«Ормуз бұғазы ашық және ол Иранның қатысуымен немесе қатысуынсыз ашық күйінде қалады. Біз «ирандық блокаданы» қайта енгіземіз. Ол тек ирандық кемелерге және Иранмен сауда жасайтындарға қатысты болғандықтан осылай аталады. Қалған барлық елдер Ормуз бұғазын еркін және кедергісіз пайдалана алады», - деп жазды ол өзінің «Truth Social» әлеуметтік желісінде.
Сонымен қатар, Трамп бұдан былай АҚШ өзін «Ормуз бұғазының сақшысы» деп атайтынын мәлімдеді.
Оның айтуынша, Вашингтон осы стратегиялық маңызды аймақта кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ниетті, алайда өз шығындары үшін өтемақы алуды көздейді.
«Осы сәттен бастап АҚШ «Ормуз бұғазының сақшысы» болады. Әділдік мүддесі үшін біз әлемнің осы өте тұрақсыз аймағында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қажетті кез келген шығындарды жабу үшін барлық жүктің құнының 20%-ы мөлшерінде өтемақы аламыз. Бұл механизмді іске асыру дереу басталады», - деді Трамп.
АҚШ Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) кейінірек блокада сейсенбіден бастап қайта жанданатынын мәлімдеді. Сондай-ақ, Трамп: «Олар біздің бақылауымызда. Олар шегінуде. Олардың әскери техникасының басым бөлігі жойылды. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері істен шықты», - деді Иранды меңзеп.
Трамп Иран келіссөзшілерінің іс жүргізу тәсілінің күрделілігін де сөз еткен. Трамптың айтуынша, бір жолы АҚШ пен Иран келіссөзшілері үзіліссіз 11 сағат бойы келіссөз жүргізген. Ал кездесу аяқталғаннан кейін ирандық делегация келіссөз бөлмесінен шығып, содан кейін американдық тараппен қайта байланысқа шығып, «бірнеше өзгеріс енгізу» қажет екенін айтқан.
«Ирандықтар үнемі қандай да бір өзгерістер енгізуге тырысуда. Олар кәсіби келіссөз жүргізушілер — тек сонымен айналысады. Десе де, мен оларды керемет келіссөзшілер дей алмас едім. Өйткені, олар менен ештеңе ала алмады», - деді Трамп.
Ол сондай-ақ: «Иран 47 жыл бойы Билл Клинтонды, кіші Джордж Бушты және Барак Обаманы, жалпы американдық президенттерді алдап келді», - деп айыптады.
ОРМУЗДЫ КІМ БАҚЫЛАЙДЫ? ИРАН НЕ ДЕЙДІ?
Айта кетейік, аймақтағы шиеленістің жаңа кезеңі Иран Ормуз бұғазындағы жүк кемелеріне шабуыл жасағаннан кейін қайта тұтанған. Иранның жоғары әскери қолбасшылығы — «Хатам әл-Әнбия» штабы: «Біз АҚШ-қа Ормуз бұғазын «басқару ісіне араласуға» жол берген жоқпыз және келешекте де жол бермейміз», - деп мәлімдеді.
Штаб сонымен қатар Иран қарулы күштері «АҚШ-тың бандиттік армиясының» арандатушылығы деп атаған кез келген әрекеттердің жолын кесу үшін шаралар қабылдап жатқанын мәлімдеді. Сонымен қатар Тегеран: «Кімде-кім Ормуз бұғазындағ Америка Құрама Штаттарымен бірлесіп әрекет етер болса, ол – Иранның егемендігіне қарсы «соғыс актісі» ретінде қарастырылады», - деп ескертті.
Мәлімдемеде одан да ауқымды ескерту бар: «Егер қақтығыс өрши түссе, соғыс жалыны аймақтың барлық елдерін шарпиды», - дейді Иран билігі.
Ал Иран парламентінің ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат комиссиясының мүшесі Эбрахим Резаи Трамптың «АҚШ Ормуз бұғазының сақшысы» болады деген сөзіне жауап беріп: «Бізге бұғазды қорғау үшін шетелдік жалдамалы жұмысшылардың қажеті жоқ!» деп мәлімдеді.
Осылайша, Тегеран АҚШ-тың Ормуз бұғазын бақылауға қатысты кез келген талаптарын жоққа шығаратынын және осы стратегиялық су жолының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді өзінің егеменді міндеті деп санайтынын айтты.
БҰҒАЗДА ҚАЗІР БОЛЫП ЖАТЫР?
Ормуз бұғазындағы қозғалыс қазір шектеулі күйінде қалып отыр. «MarineTraffic» дейтін кемелерді бақылау қызметінің деректері бойынша, соңғы бірнеше тәулікте бұғаз арқылы бірнеше кеме ғана өте алған. Қазіргі уақытта екі кеме — «Wilmot» және «Seafaith» — автоматты сәйкестендіру жүйелері (AIS) қосулы күйде Оман шығанағына қарай шығысқа бағыт алуды жалғастыруда. «Wilmot» нақты тұрақтайтын портты көрсетпестен, баратын жері ретінде Пәкістанды белгілеген. Ал «Seafaith» Омандағы Сохар портына бара жатыр.
Тағы екі кеме — «Evalovia» мен «Aisana» — Ормуз бұғазынан шығар жерде байқалған. Кейін олар өздерінің орналасқан жері туралы деректерді өшірген. Олардың қазіргі орналасқан жерін растау мүмкін емес.
Mezgil.kz