Халық ашулы, дағдарыс күшейді: Путин билігінің түбіне ұзын-сонар кезек жете ме?

Осыдан бір ғасыр бұрын Петроград көшелерінде нан кезегінде тұрған адамдардың ешбірі империяның тағдыры өзгеретінін болжай алған да жоқ. Бүгін Ресейдің әр өңірінде бензин кезегінде тұрған жұрт та тап сондай тарихи кезеңнің табалдырығында тұрған жоқ па?

1784022348436954.png

(Сурет: ЖИ/dzen.ru)

РЕСЕЙДІ ҰЗЫН-СОНАР КЕЗЕКТЕР КҮЙРЕТЕДІ!

Бұл сұрақты жуырда Швейцарияның беделді «Neue Zürcher Zeitung» (NZZ) басылымы көтеріпті. Басылым қазіргі Ресейдегі жанармай тапшылығын жай ғана экономикалық мәселе емес, қоғамның ішкі күйін көрсететін қауіпті белгі ретінде бағалайды. Тарихта Ресей үшін ұзын-сонар кезек тек тұрмыстық қиындық қана емес, ол әрдайым билікке деген сенімнің әлсіреуінің символына айналған.

Бүгінде Ресейдің бірнеше өңірінде халық бензин таба алмай әлек. Кей жерлерде жанармай құю бекеттерінің алдындағы көлік кезегі ондаған шақырымға созылып жатыр. Уақыт жоғалтып, кезекте сабылған халықтың ашуын әлеуметтік желілерді кезіп жүрген қырғын-төбелестерден анық аңғарылады.

Алайда бүгінгі Ресей – 1917 жылғы Ресей емес. Кремльдің бақылау жүйесі әлдеқайда қуатты. Цифрлық технологиялар, жаппай бейнебақылау, қауіпсіздік құрылымдарының қатаң жұмысы кез келген қарсылықтың алдын алып, бас көтерген бірлі-жарым адамды басып-жаншуда.

Мәселе төңкерісте емес. Мәселе – халыққа ұзақ жылдар бойы ұсынылған «тұрақтылық» ұғымының күйреуінде. Соғыс бұрын ресейліктер үшін теледидардағы сюжет қана болса, енді ол бос жанармай бекеттері, қымбатшылық және күн сайын жоғалатын уақыт арқылы әр адамның үйіне кірді. Мемлекет уәде еткен жайлы өмірдің формуласы сыр бере бастады. Осы кезде халықаралық қысым да күшейіп келеді.

ЗЕЛЕНСКИЙ: РЕСЕЙ ЭКОНОМИКАСЫН ТҰНШЫҚТЫРУЫМЫЗ КЕРЕК

Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің кезекті жаппай шабуылынан кейін Еуропалық одақты Ресейге қарсы 21-ші санкциялар пакетін дереу қабылдауға шақырды. Оның айтуынша, Киев, Харьков, Чернигов, Одесса, Днепропетровск, Донецк және Житомир облыстарындағы азаматтық инфрақұрылым тағы да соққыға ұшырады. Зеленский санкцияны кешіктіру Мәскеуге жаңа шектеулерге бейімделуге мүмкіндік беретінін айтып, Еуропаны батыл әрекетке үндеді.

Еуропа лидерлерінің мәлімдемелері де барған сайын қатаң сипат алып келеді.

Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер Ресейден жаңа гибридті шабуылдардың күшеюін күтетінін айтып, кибершабуылдар мен энергетикалық инфрақұрылымға қысымның жалғасуы мүмкін екенін ескертті. Оның сөзінше, ендігі қауіп тек майдан шебінде емес, Еуропаның экономикасы мен энергетикалық қауіпсіздігіне де төніп тұр.

Ал Германия канцлері Фридрих Мерц Париждегі кездесуден кейін Украина соғысты тоқтатуға дайын екенін мәлімдеп, ендігі шешім Владимир Путиннің қолында екенін айтты. Сонымен қатар ол Ресей әскери мақсаттарына толық жете алмай отырғанын айтып, Мәскеуге қысымды күшейту соғысты созу үшін емес, оны тезірек аяқтау үшін қажет екенін жеткізді.

Ресей ел ішінде – жанармай тапшылығымен, экономикадағы қысыммен және халықтың үнсіз наразылығымен бетпе-бет келіп отыр. Сыртқы саясатта – санкциялар күшейіп, әскери және дипломатиялық қысым артып келеді. Бір жағынан қоғамның шыдамы сыналса, екінші жағынан халықаралық оқшаулану тереңдей түсуде.

Тарих ешқашан дәлме-дәл қайталанбайды. Бірақ ол ұқсас белгілер арқылы ескерту жасайды.1917 жылы бәрі нан кезегінен басталған. 2026 жылы тарих басқа сценарий жазуы мүмкін. Бензин кезегінде тұрған Ресей қоғамына қарап, бір нәрсе анық байқалады: Ең қауіпті дағдарыс – экономикадағы емес, халықтың билікке деген сеніміндегі дағдарыс. Ал сенім жоғалған жерде ең мықты жүйенің өзі мәңгілік болмайды.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар