Бұрынғы жылдары әлем жұрты «Ресей Қытайды жұтып қоя ма?» деп талқылайтын. Ал бүгін бұл сұрақтың сипаты мүлде өзгерген. Енді жаһан сарапшылары «Қытай Ресейді үн-түнсіз өз ықпалына бағындыруда» деп талқылауда...

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
Бұлай деуге негшіз де жоқ емес. Бір мемлекеттің екіншісін «оккупациялауы» үшін міндетті түрде танкпен басып кіру шарт емес. Кейде қару алып, қанқасапқа кіргеннен гөрі - қарсыластың экономикасын, өндірісін, логистикасын, қаржысын және нарығын бақылауға алу әлдеқайда тиімді. Мұны бүгінгі Қытайдың бүгінгі Ресейге қатысты ұстаным-саясатынан анық аңғаруға болады.
УКРАИНАДАҒЫ СОҒЫС РЕСЕЙДІҢ ӘЛСІЗ ТҰСЫН ӘШКЕРЕЛЕДІ
Бүгінгі күні Ресейдің Қиыр Шығысында дәл осындай процесс жүріп жатыр десек қателеспейміз.
Кремльдің импершіл идеологтарының әуелгі жоспары бойынша – Украинадағы соғыс Ресейдің күшін әлемге танытуы тиіс еді. Бірақ, іске келгенде бәрі керісінше болып, соғыс Ресейдің әлсіз тұстарын әлемге әшкерелеп берді. Батыстың санкциялары Мәскеуді бұрынғы серіктестерінен ажыратып, Қытайға бұрынғыдан да кіріптар қыла түсті. Шынтуайтына келгенде – бұл серіктестік тең дәрежеде қалыптасқан одақ болмай шықты. Күн өткен сайын Мәскеу Бейжіңге тәуелді бола түсті.
Бүгінде Ресейдің Қиыр Шығысына көз салсаңыз, Қытайдың соғыссыз оккупациясының белгілерін анық көресіз. Дүкендегі тауардың басым бөлігі – Қытайдікі. Жолдағы көлік – Қытайдікі. Құрылыс техникасы – Қытайдікі. Инвестиция – Қытайдан. Экспорт – Қытайға. Банктер юаньмен есептесуге көшкен. Сарапшылар мұны – «экономикалық оккупация» деп атайды.
ҚЫТАЙ РЕСЕЙДІҢ ЖЕРІН КҮШПЕН ЕМЕС, АҚШАМЕН АЛЫП ЖАТЫР!
Қытай асықпайды. Неге? Себебі – оған асығудың қажеті жоқ. Егер аймақтың экономикасы өздігінен Бейжіңге тәуелді болып жатса, соғыс бастаудың керек не? Соғыс – миллиардтаған шығын әкеледі, санкцияға ұрындырады, халықаралық беделге нұқсан келтіреді. Ал инвестиция мен сауда ешқандай оқ атпай-ақ дәл күткен нәтижеге жол ашады. Сондықтан бүгінде көптеген сарапшылар «Қытай Ресейдің жерін күшпен емес, ақшамен алып жатыр» деген пікірді жиі айта бастады.
Қиыр Шығыс мәселесі Қытай үшін кездейсоқ тақырып емес. Бұл аймақ табиғи ресурстарға бай. Мұнай, газ, орман, алтын, сирек кездесетін металдар, балық қоры – бәрі осы өңірде шоғырланған. Оның үстіне халық саны тым аз. 7 миллион шаршы шақырымға жуық аумақта 8 миллионға жетер-жетпес адам ғана тұрады. Ал шекараның ар жағындағы Қытай провинцияларында ондаған миллион халық өмір сүреді.
Владивостоктың өзі де тарихи пікірталастардың өзегіне айналып келеді. Қытайда бұл қала әлі күнге дейін тарихи атауы – Хайшэньвай деп аталады. Ресми Бейжің қазіргі шекараны мойындайды. Алайда қытайлық медиада, әлеуметтік желілерде және кейбір тарихшылар арасында бұл тақырыптың арагідік қайта көтерілуі Мәскеуді бейжай қалдырмайды.
Ең қызығы – Қытайға бүгін Ресейдің жерін тартып алудың қажеті жоқ. Өйткені Ресейдің өзі Қытай капиталына есігін айқара ашып отыр. Кеше ғана Еуропаға бағытталған экономика бүгінде шығысқа бұрылды. Бірақ бұл бұрылыс Кремль күткендей тең әріптестікке емес, тәуелділікке көбірек ұқсайды.
Мұның ең жарқын мысалы – «Сібір күші – 2» газ құбыры. Мәскеу бұл жобаны жылдар бойы өткізгісі келді. Бірақ соңғы сөзді Қытай айтты. Бағаны да, шартты да Бейжің белгіледі. Кремльдің таңдауы көп болмады. Кремльдің дегені болмады. Қытай Ресейдің бетін қайтарды.
ҚЫТАЙ ВЛАДИВОСТОКТЫ АЛА МА?
Сарапшылар Ресейдің әлсіреуі болашақта Қиыр Шығыстың тағдырына әсер етуі мүмкін екенін айтады. Бұған қоса, Мәскеудің Украинадағы стратегиялық сәтсіздігі Ресейдің ішкі тұрақтылығына да салмақ түсіріп отыр. Әрине, бұл – болжам ғана. Бірақ мұндай пікірлердің Батыста жиі айтыла бастауының өзі көп нәрсені аңғартады.
Әрине, ертең Владивосток Қытайға өтіп кетеді деу асығыстық болар еді. Бұған ешқандай нақты дәлел жоқ. Бірақ бір нәрсе анық. Бүгінде Қытайдың Қиыр Шығыстағы ықпалы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Бұл ықпал жыл сайын күшейіп келеді. Бәлкім, XXI ғасырдың басты геосаяси сабағы да осы шығар.
Ертең тарих оқулықтары Ресейдің Қиыр Шығысы туралы не жазады? «Бұл өңір Ресейдің құрамында қалды» деп пе? Әлде... «Бұл өңір Ресейдің картасында қалғанымен, экономикасы мен болашағы әлдеқашан Қытайдың қолына өткен еді» деп жаза ма? Бұл сұрақтың нақты жауабын уақыт береді. Бірақ бүгінгі геосаяси үрдістер осы мәселеге бейжай қарауға болмайтынын аңғартып отыр.
Mezgil.kz