Күні кеше ғана, яғни 19 шілдеде Ресейдің Вологда облысындағы Череповец қаласында совет диктаторы Иосиф Сталинге арналған су жаңа ескерткіш ашылды. Бұл іс – бізге солтүстіктегі көршіміздің қай бағытқа бет алғанын тағы бір мәрте айқын көрсетіп берді.

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
Бұл монумент сырттай қарапайым қалалық жоба көрінгенімен, іс жүзінде өңір губернаторы Георгий Филимоновтың тікелей бастамасымен әрі қала бюджетінің қаржысына орнатылып отыр.Оның ашылу рәсіміне облыс басшысымен бірге ресейлік билікке жақын «Түнгі қасқырлар» мотоклубының жетекшісі Александр Залдостанов пен түрлі билікшіл партиялардың жақтастары арнайы қатысқан. Губернатор Филимонов Сталин мен Бардинді «Череповецті ірі өнеркәсіп орталығына айналдырған ерекше тарихи тұлғалар» деп мақтап, тіпті болашақта қала көшелерінің біріне Сталиннің есімін беру идеясын да қызу қолдайтынын айтты.
СТАЛИНГЕ АШЫЛҒАН ЕСКЕРТКІШТЕР САНЫ ҚАНША?
Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметіне сүйенсек, 2024 жылдың аяғынан бері бұл Вологда облысының өзінде ашылып отырған төртінші ескерткіш. Өкінішке қарай, бұл үрдіс тек бір аймақпен шектелмейді. Кейінгі жылдары Ресейдің басқа да өңірлерінде осындай монументтердің саны күн санап артып келе жатыр.
Жалпы соңғы жылдары Ресейде Сталинді ұлықтау, Кеңес одағын дәріптеу үрдісі өте қатты белең алып, қарқынды жүргізіліп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын тек сөз жүзінде емес, нақты қадамдар мен орнатылып жатқан ескерткіштердің санынан-ақ анық көруге болады. Мәселен, соңғы 5 жылдың өзінде Ресей аумағында Иосиф Сталинге арналған 30-дан астам жаңа ескерткіш пен бюст орнатылған.
Әсіресе бұл үдеріс 2024–2025 жылдары ерекше қарқын алып, Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің мерейтойлары қарсаңында оның ауқымы тіпті кеңейе түскен. Статистикаға сүйенсек, 2022 жылы 2 жаңа ескерткіш ашылса, 2023 жылы 3 ескерткіш ашылған. Ал 2024 жылы 6 ескерткіш бой көтерген. 2025 жылдың қаңтар мен мамыр айларының өзінде Ресейдің түкпір-түкпірінде кемінде 9 жаңа ескерткіш ашылып, жыл соңына қарай бұл көрсеткіш шамамен 17 мемориалдық нысанға жетіп жығылған. Сонымен қатар 2026 жылдың басынан бері де бұл үрдіс тоқтаған жоқ.
РЕСЕЙ СТАЛИН ТҰЛҒАСЫН МЕМЛЕКЕТТІК ДЕҢГЕЙДЕ ҰЛЫҚТАУДА
Бұл қатарда 2025 жылы Мәскеудегі Таганская метро станциясында Сталиннің барельефінің қайта орнатылуы ең үлкен резонанс тудырған оқиғалардың бірі болды. Бұл барельеф алғаш рет 1950 жылы қойылып, кейін Хрущевтің десталинизация саясаты кезінде алынып тасталған еді. Оның араға 60 жылға жуық уақыт салып қайта қалпына келтірілуі – Ресейде Сталин тұлғасын мемлекеттік деңгейде ұлықтауға бар күштің жұмсалып жатқанын көрсетеді.
Тарихшылар мен зерттеушілер бұл қадамды тарихи әділдікті қалпына келтіру емес, нақты бір идеологиялық саясат ретінде бағалайды. Ал ресейлік биліктің бұл әрекеттері халықаралық деңгейде үлкен сынға ұшырауда. Польша, Литва, Латвия және Эстония сияқты мемлекеттер: «Ресей Сталин жасаған ауыр қылмыстардың тарихи жадын саналы түрде өшіруге тырысып жатыр», - деп айыптады.
ПУТИН СТАЛИН ТУРАЛЫ НЕ ДЕЙДІ?
Ал Ресей президенті Владимир Путиннің Сталин туралы ұстанымы мен айтқан мәлімдемелері де бұл саясаттың өзегін айқын ашып көрсетеді. Путин Сталинді толықтай ақтаудан сырт айналғанымен, оның саясатын әсіресе Кеңес Одағының индустриялануы мен Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңісі контексінде үнемі жоғары бағалайды.
Путин бір сөзінде: «Сталинге шектен тыс шүйлігу – Кеңес Одағы мен бүкіл Ресейге қарсы жасалған әрекетпен бірдей», - деп айтқаны есімізде. Путин бұған дейін Сталиннің репрессияларын «кешіруге болмайтын қылмыс» деп атағанымен, соңғы жылдары ресми саясатта Кеңестік кезеңнің жетістіктеріне, әсіресе ұлы жеңістің рөліне басымдық беріліп, Сталиннің бейнесі бара-бара оң қырынан насихаттала бастады.
СТАЛИН ҚАЗАҚТЫ ҚЫРҒАН – ҚАНІШЕР!
Ал бұл үрдіске қазақ қоғамының көзқарасы мен ұстанымы қатаң теріс сипатта екені белгілі. Өйткені тарихшылардың бағалауынша, Сталин билігі кезінде Кеңес одағында миллиондаған адам саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Осы зұлматтан жапа шеккендердің арасында совет өкіметі малын тартып алып, аштан қырылған, «халық жауы» деген жалған айдар тағылып айдалған немесе атылған қазақтар миллиондап есептеледі. Сталиндік саясат қазақ халқының басына қаралы күн әкеліп, орны толмас трагедияға ұшыратты, жаппай ашаршылық пен қуғын-сүргін салдарынан миллиондаған адам нақақтан-нақақ қырылып, атамекенінен айырылып, басқа елдерге босып кетті. Совет өкіметі кезіндегі бұл ауыр қасіреттің зардабын тартып, жақындарынан айырылған жандардың ұрпақтары бұл тарихи трагедияны ешқашан ұмытпақ емес.
Сондықтан да солтүстіктегі көршілеріміздің сондай қантөгіс пен зұлматты ұйымдастырған тұлғаны қайтадан ұлықтап, оның ескерткіштерін жаппай ашып жатуы – қазақ қоғамында үлкен алаңдаушылық тудырады. Бұл жағдай Ресей билігінің санасында жаңа империялизм дерті мен өткен күндерді аңсау сағынышы әбден дендеп кеткенін, олардың өз тарихындағы қараңғы беттерді қайтадан ақтауға тырысып жатқанын анық көрсетіп отыр.
Mezgil.kz