Украина Wildberries қоймаларын талқандауда: Шығын қанша? Ресей үшін қоймалардың маңызы қандай?

Украина бүгін тағы да Ресей аумағына жаппай соққы жасап, Wildberries маркетплейсінің қоймаларын отқа орады. Петербор аймағында екі қойма, Тверьде бір қойма, оккупациядағы Симферопольде бір қойма шабуылға ұшыраған. Бұл туралы DW баслымы егжей-тегжейлі жазды. 


ChatGPT Image 24 июл. 2026 г., 14_39_25.png(Сурет ЖИ арқылы жасалды)

 

Бірнеше күннің ішінде украин дрондары Ресейдегі ең ірі интернет-ритейлер Wildberries маркетплейсінің логистикалық қоймаларының 10 пайыздан астамын отқа орады. Компания 2025 жылы жылдық тауар айналымы 6 триллион рубльден асқанын айтқан еді. Бұл Ресейдің жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) шамамен 3%-ына тең деген сөз. Осылайша Украинаның шабуылдары компанияны орасан шығынға батыруда. Бұл бірқатар саудагерлерді тақырға отырғызады.

 

«Коммерсант» басылымының мәліметінше, Мәскеу және Тамбов облыстарында, Краснодар және Ставрополь өлкелерінде орналасқан төрт ірі логистикалық орталықтың кемі 8%-ы толықтай жанып кеткен.

 

Сарапшылардың бағалауынша, жалпы ауданы шамамен 450 мың шаршы метрді құрайтын нысандарды қалпына келтіруге кемінде 35 миллиард рубль қажет болады. Бұл маркетплейстің бір жылдық пайдасының шамамен бестен бір бөлігі деген сөз. Бұл Петербордағы, Тверь мен оккупациядағы Симферопольдегі шығындарды қоспағандағы көрсеткіш.

 

Логистикалық орталықтарда өз тауарларын сақтаған кәсіпкерлер үлкен шығынға ұшырауда. Алдын ала есеп бойынша, олардың шығыны кемінде 250-400 миллиард рубльді құрайды.

 

Wildberries алдын ала өз серіктестері алдындағы жауапкершіліктен босататын ережені енгізген. Онда форс-мажор жағдайда бүлінген немесе жойылған тауарлар үшін компания жауап бермейтіні көрсетілген. Мұндай жағдайлардың қатарына дрон шабуылдары да енгізілген.

 

Компания сатушыларға өтемақы төлеуді бастағанымен, арнайы чаттарда кәсіпкерлер төленіп жатқан өтемақы көлемінің тым мардымсыз екенін айтып шағымдануда. Мысалы қоймада 300 мың рубльдің тауары болған сатушылар 3-5 мың рубль өтемақы алуда. Бұл шамамен шығынның 1-2 пайызы ғана деген сөз. Саудагерлер компанияның өтемақы көлемін айыптап, «итке сүйек лақтырғандай әрекет» деп сипаттады.

 

Wildberries-тің логистикалық қоймалары ұдайы шабуылға ұшыраса, бұл тек компания иелеріне ғана емес, қарапайым тұтынушыларға да кері әсер етеді. Себебі Data Insight зерттеу компаниясының мәліметіне сәйкес, 2025 жылы ресейліктер осы платформа арқылы 4,3 миллиард тапсырыс рәсімдеген.

 

Wildberries-ті кейде «Ресейдің Amazon-ы» деп атайды. Бұл салыстыру белгілі бір дәрежеде орынды. Amazon сияқты, Ресейдегі ең ірі маркетплейс те кез келген сатушыға өз тауарларын онлайн алаңға орналастыруға мүмкіндік береді. Ресейлік тұтынушылар үшін Wildberries пен оның басты бәсекелесі Ozon-ның маңызы Amazon-ның маңызынан да жоғары.

 

Marketplace Pulse жобасының бағалауынша, Amazon АҚШ-тағы интернет-сауда нарығының шамамен 36%-ын иеленеді және оған тең келетін ауқымды бәсекелес жоқ. Ал Ресейдегі «Эйлер» зерттеу компаниясының мәліметінше, Wildberries-тің нарықтағы үлесі 45%-ды, ал Ozon-ның үлесі 32%-ды құрайды. Яғни көлемі жағынан кішілеу «Яндекс.Маркет» пен «Куперді» есептемегенде, екі маркетплейс елдегі электронды сауда нарығының шамамен 80%-ын бақылауда ұстап отыр. Бұл өте үлкен көрсеткіш деген сөз.

 

Ресейде маркетплейстердің қарқынды дамуы 2010 жылдардың екінші жартысында басталды. Бұған алғаш болып Wildberries енгізген, кейіннен Ozon және басқа да компаниялар қабылдаған инновациялық бизнес-модельдер негіз болды.

 

Өсімнің басты қозғаушы күші – ел аумағында мыңдаған тапсырыс беру пункттерінің ашылуы еді. Бұл пункттер бір мезгілде тауарды алу орны, киім өлшеп көруге арналған бөлме және шағын қойма қызметін атқарады. Осындай жүйенің арқасында тапсырыс саны едәуір көбейіп, қайтарылатын тауарларды тасымалдауға кететін логистикалық шығындар айтарлықтай азайды.

 

Ресейдің Украинаға қарсы соғыс ашуынан кейін маркетплейстердің дамуы жаңа қарқын алды. Көптеген танымал шетелдік брендтер Ресейден кетті. Тауар тапшылығына жол бермеу үшін Ресей билігі «параллель импортты» заңдастырды. Осылайша бұрынғыдай киім-кешек, электроника, тұрмыстық техника және косметика дүкен сөрелері мен интернет-дүкендерде қайта сатыла бастады.

 

Оның үстіне маркетплейстердегі бағалар дәстүрлі сауда орындарына қарағанда едәуір төмен болды. Соның нәтижесінде онлайн сауда көлемі күрт өсті. Мысалы, Wildberries компаниясының 2025 жылғы тауар айналымы 2021 жылмен салыстырғанда жеті есеге көп болды.

 

2024 жылы Санкт-Петербург маңындағы ірі қоймалардың бірінде болған өрттен кейін Wildberries күрделі дағдарысты бастан өткерді. Тікелей материалдық шығын шамамен 10 миллиард рубльге бағаланды. Бұдан бөлек, компания зардап шеккен сатушыларға тағы 35 миллиард рубль көлемінде өтемақы төледі.

 

The Bell басылымының мәліметінше, бұл оқиға компания акционерлері құрамының өзгеруіне ықпал етті. Wildberries-тің негізін қалаушылардың бірі Владислав Бакальчук компаниядан кетті. Ал оның бұрынғы жұбайы Татьяна Ким Wildberries-ті сыртқы жарнама операторы Russ компаниясымен біріктіру туралы шешім қабылдады.

 

Кейіннен компания дағдарысты еңсеріп қана қоймай, жаңа активтерді сатып ала бастады. Олардың қатарында электронды коммерциямен тікелей байланысты «Еаптека» интернет-дәріханасы да, бұл салаға қатысы жоқ «Ситимобил» такси қызметі де бар. Wildberries өз банкін дамытуды қолға алып, туристік қызмет көрсету нарығына да шықты. Ал маусым айында Wildberries пен Russ бірігіп құрған RWB компаниясы Ресейдегі актив көлемі бойынша екінші ірі банк саналатын ВТБ-мен стратегиялық әріптестік туралы келісім жасасты.

 

Украина президенті Владимир Зеленский әлеуметтік желідегі парақшасында соққыға ұшыраған Wildberries қоймаларын «ресейлік армияны дрондарға арналған бөлшектермен, навигациялық жабдықтармен және әскери жарақпен қамтамасыз етуге жұмылдырылған логистикалық орталықтар» деп атады.

 

Bloomberg агенттігінің мәліметінше, бірқатар ірі компаниялар қойма желілері мен логистикалық бағыттарын әртараптандыру жолдарын қарастыра бастаған. Олардың қатарында Ресейдегі ең ірі азық-түлік бөлшек сауда операторлары – X5 холдингі (оған «Пятерочка», «Перекресток» және «Чижик» желілері кіреді) мен «Лента» компаниясы бар.


Mezgil.kz



Сәйкес тақырыптар