27 мамырда Ресей мен «Талибан» үкіметі Ауғанстанның әскери арсеналында сақталған қару-жарақты жөндеуді көздейтін әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Бұл келісім аясында Ауғанстандағы кеңестік кезеңнен қалған қаруларды жөндеу іске аспақ.
(Сурет ЖИ арқылы жасалды)
Ресей тәлібтер үкіметін ресми түрде мойындаған әзірге жалғыз мемлекет болып отыр. Сарапшылардың сөзінше Ресей Ауғанстан арқылы Орталық Азиядағы ықпалын кеңейтіп, өңірлік қауіпсіздіктің кепілі ретінде өз рөлін күшейтуді көздейді.
«Талибан» 2025 жылдың сәуірінде Ресейдің террористік ұйымдар тізімінен шығарылды. Ауғанстан бүгінде Ресейге сыртқы ықпалын кеңейтуге мүмкіндік беретін сирек алаңдардың бірі саналады. Өз кезегінде «Талибан» халықаралық мойындауға және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастыққа мүдделі. Ал Мәскеу оған осы екі бағытта да қолдау көрсете алатынын айтуда.
Украинаға қарсы соғыс басталғаннан кейін Ресейдің геосаяси ықпалы азайып келеді. Башар Асадтың Сириядағы билігінің құлауы, Венесуэла президенті Николас Мадуроны АҚШ-тың тұтқындауы және Арменияның Ресейден біртіндеп алыстауы Мәскеу үшін геосаяси соққы болды. Куба билігі де қиын жағдайда қалды. Ал Иран АҚШ/Израиль соққысына ұшырап, экономикалық қиындыққа тап болды. Осындай сәтте Мәскеу басқа аймақтардағы ықпалын сақтап қалуға жанталасып жатыр.
Украинадағы соғысқа байланысты Ресейдің ресурстық тапшылығы артуда. Мәскеу халықаралық ықпалын барынша аз шығынмен кеңейту жолдарын іздеуге мәжбүр болуда. «Талибан» үкіметімен жасасқан Әскери техниканы жөндеу жөніндегі келісім қару-жарақ жеткізуге немесе әскер орналастыруға қомақты шығынды талап етпейді. Соған қарамастан, ол Кабулмен қауіпсіздік саласындағы институционалдық байланыстарды нығайтады.
«Бұл Мәскеу үшін айтарлықтай қаржылық шығындарға бармай-ақ Ауғанстанның қауіпсіздік секторында ұзақ мерзімге орнығуға мүмкіндік береді», – дейді SpecialEurasia агенттігінің OSINT бөлімшесінің жетекшісі Джулиано Бифолки.
Мәскеу Кабулдан либералдық реформалар жүргізуді немесе адам құқықтарын сақтауды талап етпейді. Әлемдік қауымдастық тәлібтерден әйел құқығын таптамауды талап етіп жатқан сәтте, Кремль бұл тақырыпты қозғаған емес. Өйткені Ресейдің өзі де адам құқығын тек қағаз жүзінде сақтайтын елдің бірі саналады.
Ресейдің Ауғанстанмен ынтымақтастығы тек әскери саламен шектелмейді. Екі ел арасындағы сауда қатынасы жылына 500 млн долларды құрайды. Бұл өте аз қаржы, дегенмен Ауғанстан үшін қомақты деуге болады. Сауда қатынасынң оннан бір бөлігі Татарстан Республикасы арқылы жүзеге асады. Ұзақ жылдар бойы Татарстан Мәскеу үшін Кабулмен байланыс орнатудың негізгі өңірлік арнасына айналды.
Ресей тарихи тұрғыдан Ауғанстанның солтүстігінде тұратын татар қауымдастықтарымен байланыс орната алды. Татарстаннан бұл елге КАМАЗ жүк көліктері, мұнай-химия өнімдері және халал тағамдар жеткізіледі. «Талибан» өкілдері 2023 жылдан бері Татарстанда өтетін Қазан форумына тұрақты түрде қатысып келеді. 2026 жылғы форумда сауда мен инвестиция мәселелері талқыланды.
«Татарстан шынында да Ресей мен Ауғанстан арасындағы ынтымақтастықтың табысты арнасына айналды», – дейді Орталық Азияны зерттеуге маманданған Nightingale Int. талдау агенттігінің құрылтайшысы Эльданиз Гусейнов. Гусейновтың пікірінше, Мәскеу Татарстанды Кабулмен өзара іс-қимыл жасауға арналған алаң ретінде қарастырады. Дегенмен Ресейдің аймақтағы мақсаттары тек экономикалық байланыстармен шектелмейді. Мәскеу «Талибанмен» қарым-қатынасты нығайтуды терроризмге қарсы күреспен де түсіндіреді. Алайда шынайы жағдай бұдан әлдеқайда күрделі.
Ресейдің 2023 жылғы Сыртқы саясат тұжырымдамасында Ауғанстанмен ынтымақтастықты тереңдету стратегиялық басымдық ретінде белгіленген. Бұл мақсат Ауғанстанды «Еуразиялық кеңістікке» ықпалдастыру және Мәскеу өзінің ұлттық қауіпсіздігі үшін маңызды деп санайтын өңірдегі тұрақтылықты қамтамасыз ету міндетімен тығыз байланысты.
ҰҚШҰ Ауғанстан шекарасындағы шиеленістерді бірнеше рет талқылады. Мәскеудің басты мақсаты Орталық Азиядағы негізгі қауіпсіздік кепілі ретіндегі рөлін сақтап қалу. Осыдан небәрі екі жыл бұрын Ресейде «Талибан» туралы жарияланымдар үшін «терроризмді ақтау» бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделетін. Бүгін керісінше қозғалысты сынағаны үшін айыппұл салынатын жағдайлар кездеседі. Мәскеу осылайша сыртқы саяси ықпалын арттыру құралы ретінде тәлібтермен тығыз байланыс орнатуда.
Mezgil.kz