Бостандық ауданында 184 млрд теңгенің даму жоспары таныстырылды

Бүгін Алматының Бостандық ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков бұқаралық ақпарат құралдары мен қалалық медиа қауымдастық өкілдерімен кездесіп, ауданның алдағы даму жоспарларын таныстырды. Кездесуде инженерлік инфрақұрылым, жол жөндеу, абаттандыру, қоғамдық кеңістіктер мен тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мәселелері сөз болды.

1785593608928838.jpeg

(Сурет:Алматы қаласы әкімдігінен алынды)

Ауданның даму жоспарына сәйкес, экономикаға 184,1 млрд теңге инвестиция тарту көзделген. Оның аясында 99 шақырым инженерлік желіні жаңарту жоспарланып отыр. Оның 66 шақырымы кәріз жүйесіне, 33 шақырымы сумен жабдықтау желілеріне тиесілі.

Жол инфрақұрылымын жақсарту бағытында тұрғындардан түскен 100 өтінімнің ішінен 30 көше іріктеліп, жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Сонымен қатар 25 мың шаршы метрден астам асфальт төселіп, 800 автотұрақ пен 150 аялдама жасалады. Аудан көшелеріне 2,5 мыңға жуық жаңа жарықтандыру шамын орнату және 26 нысанды сәулеттік жарықтандыру жоспарланған.

Тұрғындардың ұсыныстарын ескеруге бағытталған «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында ауданда 14 жоба іске асырылған. Нәтижесінде 32 қоғамдық кеңістік пен 2 автоматты суару жүйесі пайда болып, 52,15 мың шаршы метр аумақ абаттандырылған. Алдағы уақытта да аулалар мен қоғамдық орындарды көгалдандыру, балалар және спорт алаңдарын жаңарту, жаяу жүргіншілерге қолайлы орта қалыптастыру жұмыстары жалғаспақ.

Бұдан бөлек, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Дунаевский көшесінде «SHUAQ» скверін салуға 600 млн теңге инвестиция бағытталған. Ал Әл-Фараби даңғылы бойындағы алты жерүсті жаяу жүргіншілер өткелін жаңартуға 100 млн теңге қарастырылған.

Ендігі міндетжоспарланған жобаларды нақты іске асырып, олардың нәтижесін тұрғындардың күнделікті өмірінен көрсету. Өйткені ауданның дамуы ең алдымен жаңарған жолдан, жарық көшеден, жайлы ауладан және қауіпсіз қоғамдық кеңістіктен көрінуі тиіс.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар