Геосаяси шиеленістің жаңа дәуірі: Әлем ауқымды соғыс алдында тұр ма?

Neue Zürcher Zeitung басылымы әлемдегі сан түрлі қақтығыстарды талдай отырып, адамзаттың ауқымды соғысқа қарай бағыт алғанын жазуда. Бүгінгі әлем бұрын-соңды болмаған геосаяси кезеңге аяқ басты. Украинадағы соғыс, Таяу Шығыстағы қақтығыстар және Парсы шығанағындағы шиеленіс бір-бірінен бөлек жүріп жатқан оқиғалар емес. Сарапшылардың пікірінше, бұл майдандар біртіндеп өзара байланысып, Еуропаны, Азияны және Таяу Шығысты қамтуы ықтимал кең ауқымды әскери текетірестің алғышартын қалыптастырып отыр.


ChatGPT Image 3 авг. 2026 г., 13_28_55.png(Сурет ЖИ арқылы әзірленді)

 

УКРАИНА МЕН ИРАН

 

Иран Украинадағы соғысқа ресми түрде қатыспағанымен, 2022 жылдың ақпанынан кейін Ресейдің негізгі әскери серіктестерінің біріне айналды. Солтүстік Корея Мәскеуге әскери күш пен оқ-дәрі жеткізсе, Тегеран Ресей армиясына мыңдаған дрон берді. Кейін Ресей бұл технологияларды өз өндірісінде кеңінен қолдана бастады. Соғыстың басында Иранның әскери мамандары оккупациядағы Қырымға келіп, ресейлік мамандарға дрондарды Украина аумағына қарай бағыттауды үйретті.

 

Екі ел арасындағы әскери ынтымақтастық әлі де жалғасып келеді. Осы уақытқа дейін Киев Иранға тікелей жауап беруден тартынып келген еді. Алайда соңғы оқиғалар жағдайдың өзгергенін аңғартады. Украина Каспийде Иранның әскери кемесін атқылап, бір теңізшісін мерт қылды. Бұл оқиға екі ел арасындағы жағдайды тіпті ушықтырды.

 

Өткен аптада Украина мен Иранның сыртқы істер министрлері болған оқиғаны ушықтырмауға келіскенімен, сарапшылардың пікірінше, жағдай бұрынғыдай болуы екіталай.

 

Иран Украина аумағын зымыранмен атқылайтынын айтты. Ал Украина жабық Парсы шығанағындағы елдерге теңіз дрондарын жеткізіп, Иранның порттарын талқандайтынын мәлімдеді. Тараптар өзара келіссөз жүргізу арқылы жағдайды тұрақтандырғанымен, шиеленіс кез келген сәтте ушығып кетуі ықтимал дейді мамандар.

 

ТЕҢІЗДЕР ДЕ МАЙДАН АЛАҢЫНА АЙНАЛЫП БАРАДЫ

 

Соғыс құрлықпен ғана шектелмей, теңіз кеңістігіне де таралып отыр. Каспий теңізі соңғы уақытта әскери аймаққа айналуда. АҚШ пен Израиль бұл өңірде Иранның әскери нысандары мен әскери-теңіз күштеріне соққы жасаған болса, Украина Ресейдің әскери кемелері мен мұнай платформаларын нысанаға алған.

 

Шілде айынан бастап Қара теңіздегі жағдай да күрт шиеленісе түсті. Ресей украиналық порттарға кіретін жүк кемелеріне шабуылдарды жиілетсе, Украина Ресейдің мұнай танкерлерін нысанаға ала бастады. Украина Азов пен Қара теңіздегі жүздеген кемені соққы астына алды.

 

Парсы шығанағындағы жағдай да күрделі күйінде қалып отыр. Ормуз бұғазының жабылуы халықаралық теңіз тасымалына үлкен қауіп төндіріп отыр. Бұған қоса, Иранмен қақтығыс Қызыл теңізге дейін кеңею қаупін күшейтуде.

 

ҚЫТАЙ ФАКТОРЫ: ҮНСІЗ ҚОЛДАУ МА, ӘЛДЕ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ӘРІПТЕСТІК ПЕ?

 

Алдағы апталарда Иранға Қытайда өндірілген шамамен 400 дана тасымалданатын зениттік-зымыран кешені жеткізілуі мүмкін деген ақпарат бар. Бұл Иранның әуе қорғаныс жүйесін күшейтуі мүмкін.

 

Бейжің бұл ақпаратты жоққа шығарғанымен, америкалық барлау құрылымдары Қытайдың Иранға әскери қолдау көрсетіп отырғанына күмән келтірмейді.

 

Сарапшылардың пікірінше, Иран америкалық әскери базаларға қарсы зымырандар мен дрондарды Қытайдың спутниктік навигациялық жүйесін пайдалану арқылы бағыттап отыр. Сонымен қатар, Қытайдың Иранға қосарланған мақсаттағы өнімдерді, соның ішінде дрондар мен зымырандарды басқаруға арналған микрочиптерді жеткізуі мүмкін деген болжамдар да айтылуда.

 

САУД АРАБИЯСЫНЫҢ ЖАҢА РӨЛІ

 

Аймақтағы күштер тепе-теңдігіне ықпал ететін тағы бір маңызды фактор – АҚШ пен Сауд Арабиясы арасындағы жаңа ядролық келісім.

 

Уашиңтон Эр-Риядқа азаматтық атом энергетикасын дамытуға бағытталған ауқымды бағдарламаны ұсынып отыр. Алайда сарапшылар бұл келісімнің саяси астары әлдеқайда терең екенін айтады.

 

АҚШ әкімшілігі осылайша Сауд Арабиясының болашақта ядролық әлеуетке ие өңірлік державаға айналу мүмкіндігін көрсетіп, Иранға қарсы стратегиялық тепе-теңдік қалыптастыруды көздеуі ықтимал.

 

Осы уақытқа дейін тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман өз елін Иранмен тікелей әскери қақтығысқа тартпауға тырысып келді. Алайда қазіргі жағдайда мұндай саясатты сақтау барған сайын қиындап барады.

 

Эр-Рияд Йемендегі хуситтерге қарсы жаңа әскери операцияға дайындалуы мүмкін деген де болжамдар бар. Бұл науқанға Парсы шығанағындағы бірқатар мемлекеттердің әскери-теңіз күштері, Түркия және кейбір еуропалық елдер қолдау көрсетуі ықтимал.

 

Соңғы оқиғалар Мәскеуден бастап Йеменнің астанасы Санаға дейін созылып жатқан өзара байланысқан әскери шиеленістің жаңа картасын қалыптастырып отыр. Қазіргі геосаяси үрдістер көрсетіп отырғандай, әлемдегі негізгі қақтығыс ошақтары бір-бірімен барған сайын тығыз байланысып келеді. Бұл байланыстардың қалай өрбитіні алдағы халықаралық қауіпсіздік архитектурасын айқындайтын басты факторлардың біріне айналуы мүмкін.


Mezgil.kz



Сәйкес тақырыптар