Ұшақтар, спутниктер, дрондар: Ұйқыдағы Еуропа оянды!

Еуропалық Одақ қорғаныс саласында АҚШ-қа тәуелділігін азайтып, өз технологиясына, өндірістік қуатына және қару-жарақ жүйелеріне сүйенетін жаңа архитектура қалыптастыруға кірісті. Бұл бастаманың артында Украинадағы соғыс қана емес, Уашиңтонмен сауда және қауіпсіздік мәселелеріндегі қайшылықтардың күшеюі, АҚШ-тың НАТО-дағы рөліне қатысты белгісіздік және Еуропаның ұзақ мерзімді қауіпсіздігін өз қолына алуға мәжбүр болуы тұр.


ChatGPT Image 12 авг. 2026 г., 12_57_16.png

 

Еуропа әскері АҚШ технологиясына, бағдарламалық қамтамасыз етуге, қосалқы бөлшектерге, барлау мен ғарыштық инфрақұрылымға тәуелді. АҚШ-тың қару-жарақ экспортын бақылайтын ITAR жүйесі Еуропа үшін осы тәуелділікті арттыруда. ITAR о баста әскери технологияны қорғайтын жүйе ретінде құрылды. Алайда кейін бұл жүйе АҚШ-тың әскери технологиясы қолданылған қаруды сатуда, өзге елге беруде Уашиңтонның рұқсатын алуға міндеттейтін құралға айналып кетті. Мысалы осы жүйеге сүйене отырып, АҚШ француздың Falcon Eye спутниктерін БАӘ-ге жеткізуге немесе SCALP зымырандарын Rafale ұшақтарымен бірге Мысырға экспорттауға байланысты шектеулер енгізген болатын. Енді Еуропа осы жүйеден құтылудың жолын іздеуде. Кәрі құрлық технологиялық дербестікке ұмтылып жатыр.

 

Бұл мәселе Еуропаның жаңа қару-жарақ бағдарламаларында «ITAR-free» талабын күшейтуге әкелді. Осылайша Еуропа елдері қару-жарақ өндіруде толықтай өзіне сенім артуға тырысуда.

 

АҚШ-тың Foreign Military Sales (FMS) жүйесі арқылы сатылатын F-35 ұшақтары мен Patriot әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері де ұзақ мерзімді тәуелділік қалыптастырады. Мұндай жүйелерді сатып алған мемлекет тек дайын қаруға емес, оның бағдарламалық жасақтамасына, жаңартуларына, техникалық қызметіне және қосалқы бөлшектеріне де тәуелді болады.

 

2018 жылы АҚШ Cloud Act құжатын қабылдады. Заң АҚШ компанияларының Еуропада орналасқан серверлеріндегі ақпаратқа америкалық биліктің белгілі бір жағдайларда қол жеткізуіне мүмкіндік береді.

 

Еуропаның тәуелділігі қару-жарақпен ғана шектелмейді. Ғарышта ЕО елдері америкалық GPS навигациясына, Starlink байланысына және спутниктік барлау жүйелеріне сүйенеді. Тасымалдау ұшақтары мен әуеде жанармай құю мүмкіндіктерінің тапшылығы да Еуропаны АҚШ-қа тәуелді етуде. Еуропаға сырттан келетін қару импорттың шамамен 63%-ын АҚШ қамтамасыз етеді. Осылайша, Еуропаның қайта қарулануы бір жағынан оның әскери қуатын арттырса, екінші жағынан америкалық өндірушілерге миллиардтаған еуро жіберіп, еуропалық қорғаныс өнеркәсібінің дамуын да тежеп отыр.

 

Еуропалық Одақ бұл тәуелділікті азайту үшін жаңа қаржылық және өнеркәсіптік саясат қалыптастыруда. Еуропалық қорғаныс өнеркәсібі стратегиясы (EDIS) мен EDIP бағдарламалары 2030 жылға қарай әскери сатып алулардың кемінде 50%-ын ЕО елдерінің өнімдеріне бағыттауды көздейтінін айтуда.

 

Бұл мақсатты іске асырудағы негізгі құралдардың бірі ретінде Security Action for Europe (SAFE) қоры құрылды. 2025 жылғы мамырда құрылған бұл қордың көлемі 150 млрд еуроны құрайды. Қор мемлекеттерге қорғаныс өндірісін дамыту үшін ұзақ мерзімді жеңілдетілген несие береді. Қордың талабы бойынша несие алған ел басқа аймақтан емес, дәл Еуропада орналасқан компаниялардан қару сатып алуы тиіс.

 

Еуропада (ЕО-да) 27 ұлттық нарық, 27 бюджет, әртүрлі әскери талап және ұлттық өндірушілерді қорғауға ұмтылатын үкімет бар. Мысалы Германия Leopard 2-ге, Франция Leclerc-ке сүйенді. Польша мен Шығыс Еуропаның бірқатар елдері кеңестік платформалардың көптеген нұсқаларын әлі де пайдалануда.

 

Еуропаның ортақ танк жасау әрекеттері де осы қайшылықтарға келіп тірелуде. Leopard пен Leclerc-ті алмастыруы тиіс болған Main Ground Combat System (MGCS) жобасы неміс және француз компанияларының арасындағы бәсекеге байланысты тоқтап тұр. Бұл мәселе жойғыш ұшақтарды жасауда да байқалады. Германия мен Франция перспективалы 6-буын ұшағын жасау бойынша ортақ жобада келіспеушіліктерге тап болды. Ал Ұлыбритания, Италия және Жапония қатысатын Global Combat Air Programme (GCAP) бағыты басқа жолмен дамып келеді.

 

Польша, Балтық елдері, Румыния және Чехия үшін негізгі қауіп — Ресей. Олар АҚШ-ты қауіпсіздіктің сенімді кепілі деп санайды. Сондықтан Варшава Abrams танктерін, HIMARS жүйелерін және F-35 ұшақтарын сатып алып, көптеген еуропалық бірлескен жобалардан гөрі дайын америкалық қаруға басымдық беріп отыр. Әзірге аталған мемлекеттер ЕО-ның ортақ жобаларына қатысуға аса құлықты еместігін көрсетуде.

 

ЕО америкалық GPS пен Starlink-ке тәуелділікті азайту үшін IRIS жобасын дамытып жатыр. Оның құны 10,6 млрд еуродан асады. Жоба үкіметтік және әскери құрылымдарға қорғалған спутниктік байланыс беруге бағытталған. Бұған қоса Galileo навигациялық жүйесін әскери мақсатта қолдану мүмкіндігін кеңейту және Copernicus жүйесін дамыту жоспарланған. Германия өз кезегінде төмен орбитадағы жүз спутниктен тұратын SATCOM Stage 4 жүйесіне шамамен 10 млрд еуро инвестиция салмақ.

 

Еуропа сонымен бірге Odin's Eye II және TWISTER сияқты бағдарламалар арқылы ғарыш арқылы бақылау жүйесін дамытуға тырысуда. Ал OrbitAID жобасы спутниктерге орбитада қызмет көрсету, жанармай құю және қауіптен жалтару мүмкіндіктерін қарастырады.

 

Еуропаның қорғаныс өнеркәсібін өзгертуге Украина ерекше ықпал етіп отыр. Соғыс жағдайында дрондар, радиоэлектрондық күрес жүйелері мен жасанды интеллект технологиялары жылдар емес, апталар ішінде ескіреді. Бұл Еуропаны әскери технологияларды әзірлеу мен енгізудің бұрынғы ұзақ бюрократиялық циклдерін қайта қарауға мәжбүр етуде.

 

Украинаның қорғаныс өнеркәсібі Еуропаның өндірістік базасына біртіндеп интеграцияланып келеді. 2024 жылғы маусымда ЕО мен Украина қауіпсіздік саласындағы бірлескен міндеттемелерді қабылдап, өнеркәсіптік кооперация мен зияткерлік меншік мәселелерін ресми негізге қойды. Украина ЕО-ға толық мүше болмай тұрып-ақ еуропалық қорғаныс-технологиялық және өнеркәсіптік базаның арнайы серіктесіне айналды.

 

Украинаның Delta жауынгерлік басқару жүйесі де Еуропа үшін маңызды тәжірибеге айналды. Ол спутниктерден, дрондардан және радарлардан келетін ақпаратты қорғалған желіге біріктіруге мүмкіндік береді. Украина айына 200 мыңға дейін FPV дронын шығара алады. Бұл тәжірибе Еуропаның жыл сайын миллиондаған дрон мен оқ-дәрі өндіру жоспарына ықпал етті.

 

Еуропада АҚШ-пен қарым-қатынас Трамп әкімшілігінен кейін қайтадан бұрынғыдай тұрақты болады деген үміт бар. Бірақ мұндай сценарийге сүйену стратегиялық тұрғыдан қауіпті. Мәселе тек Дональд Трамптың саясатында емес. АҚШ-тың негізгі геосаяси бағыты Үнді-Тынық мұхиты аймағына және Қытаймен бәсекеге қарай ауысып жатыр. Осыған байланысты Еуропа өзінің қорғанысын күшейтуде. Сарапшылар 2035-2040 жылдары Еуропа елдері әлемдегі әскери тұрғыдан ең қуатты мемлекеттер шоғырына айналатынын айтуда.


Mezgil.kz

 

 

 



Сәйкес тақырыптар