Иран, Израиль және АҚШ арасындағы қақтығыс араб елдерінің экономикасына үлкен соққы жасады. Иран ең көп шабуыл жасаған мемлекет БАӘ саналады. Тегеран БАӘ-дегі АҚШ-тың әскери нысандарынан бөлек, БАӘ-нің энергетика саласына да, Дубай қаласына соққы жасады. Бұл туризмді дамытып отырған мемлекет үшін өте ауыр жағдайдың бірі саналады.

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
БАӘ туризм арқылы мемлекеттік бюджетінің бір бөлігін толтырып отыр. Шілде айында БАӘ билігі ел халқына ерекше үндеу жасады. Шілде-қазан айында БАӘ-ге қонақтарды шағырған азаматтарға 800 долларлық сыйақы, кейбіріне дәл осы қаржыға тең салықтық жеңілдік жасайтынын айтты. Осылайша ел билігі туризмді қайта жандандыру жолын іздестіріп жатыр.
Аймақтағы соғысқа байланысты қонақ үйлердің адам қабылдауы 10 пайызға дейін түсіп кетті. Кей қонақ үйлер жабылып қалды. Ал кей қонақ үйлер 50 пайызға дейін өз бағасын түсіріп, қонақ шақыруға тырысуда. БАӘ-де 12 млнға жуық халық бар. Олардың 9 млннан астамы шетел азаматтары саналады. Оның ішінде еңбек мигранттары да, шетелдік байлар да бар. Таяу Шығыстағы соғысқа байланысты біраз ауқатты жандар БАӘ-ден кетті. Енді БАӘ ауқатты әулеттерді өзіне қайта шақыруда. Ол үшін БАӘ салықтық жеңілдіктер жасау жағын қарастыруда. Сонымен бірге, ел халқы мен БАӘ-ге келетін азаматтарды қолдау үшін 680 млн долларлық жеңілдік жасамақ.
Сарапшылардың болжамы бойынша Парсы шығанағына сырттан инвестиция құю азая бермек. COVID-19-дан кейін алғаш рет аймақ елдерінің ЖІӨ өнімі де түсуде. Ұлыбританияның Economist Intelligence Unit (EIU) сарапшылық орталығының мәліметінше, Таяу Шығыстағы қақтығыстар қаупі бар сәтте БАӘ-ге инвестиция құю азая беретін болады.
Жұмыс берушілердің жұмыс орындарын қысқарту және қызметкерлерді жұмысқа қабылдауды тоқтата тұру туралы хабарламалары артты. Ормуз бұғазының бұғатталуынан және басқа да факторлардан туындаған инфляцияның өсуі шикізат пен импорттық тауарлардың күрт қымбаттауына ықпал етті. Бірақ жылжымайтын мүлік бағасы төмендеді.
АҚШ пен БАӘ жақында келссіөз өткізді. Артынша АҚШ-тың Қаржы министрі Скотт Бессент келіссөздер БАӘ экономикасына соғыс салдарын еңсеруге қолдау көрсетуге бағытталғанын мәлімдеді. Бірақ көп ұзамай БАӘ-нің АҚШ-тағы елшісі Юсеф аль-Отайба бұл сөздерді теріске шығарды. «БАӘ сыртқы қаржылық қолдауға мұқтаж деген кез келген тұжырым шындыққа жанаспайды. БАӘ - әлемдегі қаржылық тұрғыдан ең орнықты экономикалардың біріне ие ел», — деп жазды ол Facebook парақшасында.
Лондон экономика мектебінің сарапшысы Стеффен Хертог шілде айының ортасында «Money&Macro» подкастына қатысты. Ол сол подкастта БАӘ-дегі нарық соғыс жағдайына бейімделіп келе жатқанын айтты.
«Жағдай сектордан секторға қарай өзгереді. Екі бағалау да белгілі бір дәрежеде дұрыс», — дейді Адам Холдсток. «Шығындардың басым бөлігі бөлшек саудада, көлік пен қойма шаруашылығында, сондай-ақ туризмде байқалады. Себебі шетелдік туристердің саны 2028 жылға дейін 2025 жылғы деңгейге оралады деп күтілмейді», - дейді Холдсток.
Қаржылық қызметтер мен мемлекетпен байланысты экономикалық қызмет сияқты азырақ осал секторлар бұл шығындардың орнын жартылай жауып отыр. «БАӘ Иранмен арадағы қақтығыстан туындаған қиындықтарды еңсеру үшін орасан зор күш жұмсауда. Дегенмен, өңір қақтығыс пен тұрақтылық арасындағы белгісіздік жағдайында тұрғанда, бірнеше бағыт бойынша экономикалық өсімді жолға қою әрі сақтау қиын. Әскери қимылдардың түбегейлі тоқтауы әлі көрінбейтіндіктен, экономиканың нақты қалпына келуі туралы айту әлі ерте», - дейді сарапшы Роберт Могельницки. Сонда да Могельницки мен басқа да сарапшылар экономиканың қайта жандануын күтеді.
Mezgil.kz